Жастардың жарқын істері

Жастардың жарқын істері
ашық дереккөз
Жастардың жарқын істері
«Жасыл ел» еңбек жасақтары аудандарда да белсенділік танытуда. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, бұл шараға Мойынқұм, Меркі мен Жамбыл аудандарының жастары ерекше үлестерін қосыпты. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданындағы «Жасыл ел» жастар жасағының құрамында 67 жас еңбек етуде. Оның 32-сі жұмыссыз жас болса, 12-сі оқушы, 23-і студент. Бұл жастардың күшімен 2 гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылған. Сенбіліктерге ауыл жастарын да тарта отырып, «Жасыл ел» еңбек жасағы Шу өзенінің бойында сенбілік ұйымдастырып, 5 тонна қоқыс жинап, қоқыс алаңына тастаған. Бұдан бөлек, Абылайхан алаңы, Ж.Қуанышбаев саябағы, «Жастар ресурстық орталығының» аумағы, Қ.Рысқұлбеков көшесінің бойына тазалық жұмыстарын жүргізген. Осылайша өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына мойынқұмдықтар да өз үлестерін қосқан. – «Жасыл ел» еңбек жасағы ауданымызда наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Оған 16-29 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар, оқушылар мен студенттер тартылған. Мәселен, жастар жасағына мамыр айына 33 жас тартылған болса, бүгінгі таңда олардың саны 67-ге жетті. Мойынқұм жастары «Жасыл ел – Мойынқұм» ЖШС және аудан әкімдігінің тұрғын жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе жұмыс істеуде. Жастардың бастамасымен ауылдағы жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі төмен отбасыларға да көмек көрсетілді. Мәселен, Мойынқұм ауылының тұрғыны Ғ.Жылыбековтың ауласында жастар тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауладан 1,5 тонна қоқыс шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда, – дейді Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Марат Белгімбаев. Ал Мойынқұм колледжінің 3-курс студенті Ерлан Жұмабеков «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп, ауыл тазалығына үлес қосқанын мақтан тұтады. – Әрбір жастың міндеті – Отанына қызмет ету. Еңбек жасағына араласа жүріп, табиғатты аялауды, қоршаған ортаны қорғау керектігін түсіндім. Осы жасақта жұмыс істей жүріп көп дос таптым. Көшелер мен саябақтарды қоқыстан тазартуға, тал-дарақ отырғызуға атсалыстым. Істеген ісім өзіме ұнайды, – дейді ол.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар