Өскелең ұрпақ үшін бар жағдайды жасау қажет

Өскелең ұрпақ үшін бар жағдайды жасау қажет
ашық дереккөз
Өскелең ұрпақ үшін бар жағдайды жасау қажет
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Меркі ауданына арнайы іссапармен барып, ондағы бірқатар өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты. Жұмыс сапарын Аспара ауылынан бастаған Нұржан Молдиярұлы аталған елді мекендегі 220 орынды №2 мектептің жағдайын көрді. Уақытында жатақхана, кейінірек білім ошағына айналған апатты жағдайдағы нысанда қазір екі ауысымда 300-ге жуық оқушы білім алуда. Бұған қосымша, мектептің бір бөлігінде 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектеп директоры Бауыржан Мамырбаевтың айтуынша, іргетасы 1986 жылы қаланған ғимараттың орнына 150 орындық жаңа мектеп бой көтерген жағдайда, бұл нысан болашақта балабақша ретінде пайдаланылмақ.  width= – Тоқсаныншы жылдары бұл мектептің жарты бөлігі құлаған болатын. Ал жақында мектеп ғимаратының бәрі толығымен қирады. Сол себепті, ауыл балаларының осы жатақханада білім алуына тура келді. Қазіргі таңда мұнда Аспара ауылынан бөлек, Қайыңдысай және Құмарық елді мекендерінің балалары қатынап оқиды. Бүгінде ғимаратқа күрделі жөндеу, ал балаларға жаңа мектеп қажет. Осылайша, бұл нысанды болашақта балабақша ретінде игілігімізге жаратамыз, – деді Бауыржан Қырықбайұлы. Жалпы, бұл құрылысқа шамамен 723 миллион теңге қажет. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткен. Аудандық білім бөлімі тарапынан облыстық білім басқармасына сұраныс хат та жолданған. Енді күн тәртібінде өткір тұрған бұл өзекті мәселенің шешілер күні алыс емес.  width= Бұдан кейін, Нұржан Нұржігітов Ақермен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жүздесуге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Аймақ басшысының ауылға жұмыс сапарымен келетіні жөнінде күні бұрын құлақтанған көпшілік көкейіндегі ұсыныс- тілектерін жеткізді. Әуелі жергілікті шаруалар атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, күзгі жиын-терімге тас түйін дайын екендіктерін айтты. Десе де, кемшін тұстар да бар. Мәселен, ауыл жастары арасындағы жұмыссыздық, елді мекендегі кейбір ғимараттар мен жолдардың бүгінгі мүшкіл халі ауылдағы ағайынның бас ауруына айналған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ басшылығы ауысқаннан кейін көптеген ауыл тұрғындары жұмысынан айырылған. Өкініштісі, бұл үрдіс соңғы жеті жыл бойы сақталып келеді. Айта кетейік, дәл қазір мұнда жайылымдық жерлерді иемдену фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Өңір басшысы бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, көпшілікті сабырға шақырды. – Облыс аумағындағы барлық елді мекендерге, ондағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – міндетіміз. Сабырлық танытыңыздар. Сіздердің айтқан талап- тілектеріңіз болашақта орындалатын болады. Меркі жерінде Ақерменнен басқа тағы 13 ауылдық округ бар. Оларға да көңіл бөлу, мәселесін шешу жергілікті биліктің құзырында. Мәселен, жақын арада сіздердің ауылдық округтеріңізде абаттандыру бойынша ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Осылайша, 12 көшеге асфальт төселеді. Келесі жылы сіздерді міндетті түрде бірқатар жобаларға қосамыз. Оның аясында тұрғындар үй шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие алады. Сондай-ақ спорттық және мәдени нысандар салынады, – деді Нұржан Молдиярұлы. Қазіргі таңда бұл ауданда ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Меркі ауданының оңтүстік шетіндегі көлемдері 77 және 32 гектар болатын екі учаскеге көпқабатты үйлер салу үшін инфрақұрылымдық желілер дайындалу үстінде. Бүгінде мұнда электр қуаты мен ауыз су жеткізілген.  width= – Қазір ауданда тұрғын үй кезегінде 10 918 азамат тұр. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2015 жер учаскесі берілді. Сондай-ақ осыған ұқсас жүздеген жер телімдері дайындалуда. Мысалы, Ақтоған ауылында 60 гектар және Сарымолдаев ауылында 21 гектар жер әзірлену үстінде. Мердігерлердің айтуынша, инфрақұрылымды жеткізу бойынша жұмыстар шамамен 50 пайызға аяқталған, – деді аудан әкімі Жорабек Баубеков. Өңір басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, жергілікті атқамінерлерге жерді таратпас бұрын үміткерлерді мұқият тексеріп, жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар шынымен мұқтаж азаматтарға берілуі қажеттігін баса айтты. Нұржан Молдиярұлы учаскелер мен тұрғын алаңдар кәсіпкерлердің қолына түспеуі және саудаласу нысанына айналмауы тиіс деп атап өтті. Ал аудан әкімі Жорабек Баубековтың сөзінше, ауданды абаттандыру үшін үш маңызды жобаны жүзеге асыру қажет. Біріншісі – ұзындығы 87 шақырым болатын «Сарығоба-Тәтті» жолының құрылысы. Екінші – 62 шақырымға созылатын және екі массивті таулы аймақты аудан орталығымен байланыстыратын «Сандық-Ойранды» жолы. Сондай-ақ, Меркі ауылындағы Исмаилов атындағы басты төрт жолақты көше кеңейтуді талап етеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік шекараға баратын трафикті өткізу үшін бұл елді мекенге жаңа айналма жол қажет. Аудан әкімін мұқият тыңдаған Нұржан Нұржігітов эскиздерін мақұлдап, негізгі жобаны дайындауды тапсырды. Мұнан соң, аймақ басшысы Меркі ауылындағы «Үміт» оқушылар сарайына атбасын бұрды. Онда аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндама жасап, саланың жетістіктері мен проблемалары жөнінде есеп берді. – Ауданда жалпы білім беретін 36 мектеп жұмыс істейді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 38 оқушы «Алтын белгіге», ал 88 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Сонымен қатар 213 оқушы мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқуға грант ұтып алды. Ауданда барлығы 17 473 оқушы оқиды. Олардың ішінде 201- і республикалық олимпиадалардың жүлдегері. Кабинеттер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда, мектептерге жаңа техника келіп түсуде. Биыл біз құны 422 миллион теңге болатын 640 оқушыға арналған №5 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы бұл тізімге төрт мектеп, 2024 жылы тағы үшеуі кіреді. Сонымен қатар 2022 жылы ауданда 150 орындық жаңа мектеп пайда болады. Осылайша, келесі жылы Аспара ауылында 150 оқушыға және Ақжол ауылында 80 оқушыға арналған тағы екі мектеп ашылады деп күтілуде. 2024 жылы Алтынарық ауылында 100 адамға арналған жаңа мектеп қажет, – деді А.Алтынбаева. Нұржан Молдиярұлы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовке мектеп салудағы туындаған мәселелерді жан-жақты зерделеп, аймақтың жалпы тізіміне сәйкес басымдықтарды белгілеуді тапсырды. Облыс әкімі өз сөзінде білім басқармасы облыс орталығында және өзге аудандарда саланың сапалы қызметін қамтамасыз етуі керектігін баса айтты. – Өңірдегі әрбір мектепті «Педагог- шебер» біліктілік санаты бар кемінде бір мұғаліммен қамтамасыз етуге тиіспіз. Ал Меркі ауданында 36 мектепке барлығы 25 жоғары білікті мұғалім бар. Сол себепті, жақын арада жергілікті мектептер осы талапқа сай болуы үшін бірқатар педагогтердің санатын көтеруді қолға алуымыз қажет. Бұл бүгінгі күннің талабы, – деді Н.Нұржігітов. Сапар барысында облыс әкімі №9 Меркі колледжіне де арнайы барды. Оқу орнының директоры Ғалымжан Мамырбаевтың сөзінше, білім ошағын жыл сайын тәмамдайтын 160-200 түлекке аудан көлемінде «екі қолға бір күрек» табылады екен. Кейбіреулері нәпақа іздеу үшін Тараз бен Алматыға аттанады. Ал оқу орнының басшылығы білікті кадрларды одан әрі оқуға жіберіп, содан кейін колледжде еңбек етуге шақырады. – Өңірдегі 11 колледж ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлайды. Алайда жергілікті шаруалар жаңа кадрлардың, атап айтқанда, дәнекерлеушілердің, тракторшылардың және агрономдардың жоқтығын айтуда. Сонда әлгі түлектер қайда кетіп жатыр? Осыған байланысты инспекторға түлектердің қаншалықты жұмысқа орналасқанын тексеруді тапсырамын, – деген Нұржан Молдиярұлы ауыл шаруашылығы саласымен жақсы таныс адам ретінде педагогтерді тестілеуден өткізді. Бұдан кейін өңір басшысы Меркі брендімен арақ шығаратын «Meralko» зауытының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта зауыт Ақтөбе өңірінің спиртін сатып алуда. Жалпы, цех айына 2000 тонна спирт тұтынады және 400 мың бөтелке алкоголь өндіреді. Бюджетке ай сайын ірі салық төлеп отырған зауытта бүгінде 75 адам еңбек етуде. Нұржан Молдиярұлы сондай-ақ бұл күні ауданның бас өнеркәсіптік кәсіпорны саналатын «Меркі қант» зауытына да барды. Бүгінде мұнда шамамен 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 80 мың теңге көлемінде. Өңір басшысы сапар барысында өндіріс орнының басшылығымен жергілікті қызылшаны қабылдауға дайындығын талқылап, бұл жұмысқа тек Меркі ауданының шаруа қожалықтарын ғана жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті. Атап өту керек, өткен жылы жергілікті қызылшаның өндірістегі үлесі 39,2 пайыздан 52,3 пайызға дейін өсті. Осыған байланысты өңір басшысы Жамбыл ауданының 2000 гектары мен Байзақ ауданының 700 гектарынан қызылша қабылдауды ұйымдастырып, логистикалық байланыс орнатуды тапсырды. Биыл мұнда 200 мың тонна қант қызылшасы түседі деп күтілуде. Аймақ басшысы барған келесі әлеуметтік нысан Гранитогорск ауылындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мектеп- интернаты болды. Мұндағы 180 орынның жартысы орта есеппен пайдаланылып, жергілікті халықтың қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырады. Интернат жұмысын 45 мұғалімнен басқа аспаздар, техникалық қызметкерлер, бағбандар мен күзет қамтамасыз етеді. Мектеп директоры Динара Елемесова күрделі жөндеу жұмыстары оқу корпусына да, жатақханаға да қажет екенін жеткізді. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың айтуынша, жобаның құны шамамен 221 миллион теңгені құрайды. – Әрине, өскелең ұрпақ үшін барлық жағдайды жасау қажет. Сол себепті, мұнда ересек балалар үшін сапалы футбол алаңын және кішкентайлар үшін ойын алаңын салу қажет. Білім басқармасынан нақты ұсыныс күтемін, – деді облыс әкімі. Айта кетейік, бүгінде аталған ауылда ірі балық шаруашылығының жұмысы жолға қойылуда. «Bester Yard» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Андрей Василенко құны 250 миллион теңге болатын жоба іске асырса, жергілікті 45 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етпек. Нұржан Нұржігітов жергілікті билік тарапынан кәсіпкерге нендей көмек қажет екенін сұрады. Кәсіпкер жергілікті бюджет есебінен кешенге барлық қажетті инфрақұрылым тартылғанын жеткізіп, алғысын білдірді. Өңір басшысының ауданға жұмыс сапары аудан активімен кездесумен түйінделді. Басқосуда сапар барысында айтылған жобалар тағы да талқыға түсіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

   

Ұқсас жаңалықтар