Мұқаш Ескендіров, «Казфосфат» ЖШС бас директоры.
Жамбыл жері әлемге өзінің химия алыптарымен кеңінен танымал. Еліміздегі фосфор қорының 72 пайызы облыс аумағында орналасқан. Оны ел игілігіне айналдыру 1946 жылы басталған болатын. Химия кәсіпорындары осы мерзімде өркендеу және құлдырау кезеңдерін бастан кешірді. Кеңес мемлекеті күйреген соң бұрынғы байланыстардың үзілуіне байланысты олар ұзақ уақыт тоқтап қалды.
Осы кезде: «Химия кәсіпорындарының келешегі бар ма?» деген алаңдаушылыққа толы әңгімелер де айтылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен сала еңсесін қайта тіктеді. Бүгінде компания еліміз ғана емес, ТМД-дағы әлеуетті әрі ірі өндіріс орнының біріне айналды. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы 27 қазанда құрылды. Компания еліміздің аумағында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға темір жол арқылы жеткізіп береді. Бүгінде мұнда минералдық тыңайтқыш сары фосфор, триполифосфат натрий, фосфор қышқылы және гексаметофосфат натриді, бәрін қосқанда химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. «Казфосфат» бүгінде қарамағына Талас ауданының Қаратау қаласындағы «Шолақтау» кен байыту комбинаты, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен байыту комбинаты, Тараздағы «Темір жол» көліктік кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, «Минералдық тыңайтқыш» зауыты, Шымкент қаласындағы «Синтетикалық жуғыш өнімдер» зауыты және Степногорск қаласындағы Химиялық зауытты біріктіріп отыр. Біздің компанияның өнімі экспортқа бағдарланған. Өндірілген өнімнің 94 пайызы әлемнің 27 мемлекетіне өткеріледі. Серіктестік соңғы 5 жылда Еуроодақ нарығындағы өзінің бәсекелестерін толық ығыстырды деуге болады. Бәсекеге барынша қабілетті өнім өндіру – біздің нарықтағы көкжиегімізді кеңейте түсуде. Компанияда өткен жылдың қорытындысында 56,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 61,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Өндірістегі ескі жабдықтарды жаңасымен алмастыру, жаңа технологияны енгізу тұрақты жүргізілуде. Бұл іс барлық өндірістік цехтарда қолға алынған. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан 2008 жылдан бері кәсіпорындарымызда 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұның өзі энергия үнемдеу өндіріс қалдықтарын кәдеге асыруға және жаңа цехтар мен технологиялық желілердің құрылысын салуға мүмкіндік беруде. Атап айтқанда күкірт қышқылы өндірісі, пеш газын кәдеге асыру жүйесі, гексаметафосфат өндірісі, түйіршіктелген натрий триполифосфаты, азықтық фосфор қышқылы өндірісі, ФС пеші және құрғату барабанының жабдығын ауыстыру, құрамында фосфоры бар қалдықты кәдеге асыру, сары фосфорды зиянды қосымша органикадан тазарту және Жастар үйін қайта жаңғырту жобалары іске қосылды. Қазір экстракциялық фосфор қышқылы цехын қайта жаңғырту, түйіршіктелген өнім шығару үшін азықтық фосфат өндірісін жаңарту, №8 цехындағы пеш газын кәдеге асыру жүйесінің құрылысы және №7, №8 пештерін модернизациялау жобалары іске асырылуда. Кейінгі жылдары біздің компания қаржылық экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар кәсіпорындарға экология, өндіріс қауіпсіздігі бағдарламаларын енгізуде де елеулі шаруаларды қолға алуда. Конденсациялық суды тазарту жүйесін енгізу айналым суын салқындату деңгейін жақсартты. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Мұның өзі кәсіпорын аумағында ұзақ уақыттан бері жиналып қалған қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратуға септігін тигізуде. Осындай игі шараларды қолға алу нәтижесінде фосфор қоймасында сақталған қалдық көлемі едәуір азайды. Сары фосфор өндіру кезінде пайда болатын пеш газын кәдеге асыру 6 миллион 847 мың текше метр табиғи газды немесе 108 миллионнан астам теңгені үнемдеуге қол жеткізді. Мамандар – біздің алтын қорымыз. Кәсіпорында білікті мамандар даярлауға және олардың біліктіліктерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлеміз. Жұмысшыларымыз келісім-шарт арқылы кәсіптік лицейлерде, оқу орталықтары және жоғары оқу орындарында оқиды. Келісім-шартқа сәйкес оқу ақысын кәсіпорын төлейді. Бұл мақсатқа жыл сайын 30-35 миллион теңге бөлінеді. Бүгінде серіктестікте 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өткен жылы орташа жалақы 10,3 пайызға өсіріліп, 88 мың теңгені құрады. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2012 жылы АҚШ-тың нарығына шығып, үлкен көлемдегі сары фосфорды өткердік. Үстіміздегі жылдан бастап компания тарихында тұңғыш рет Үндістанға фосфор жеткізуді қолға алдық. Келешекте Жапония және Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеудеміз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді