«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өндіріс тірегі – білікті маман

Өндіріс тірегі – білікті маман
ашық дереккөз
Өндіріс тірегі – білікті маман

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен палата ғимаратында химия саласындағы жобаларды жүзеге асырып отырған компания өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов, «Самұрық» компетенция орталығы» ЖШС, «Біріккен химия компаниялары» ЖШС, «Kazakhstan Petrofac B.V.» компаниясы, «Казфосфат» ЖШС, «ЕвроХим – Удобрения» ЖШС, «Евро Хим – Қаратау» ЖШС, «Talas investment company» ЖШС өкілдері және облыстық әкімдіктің бірқатар басқарма басшылары мен колледждердің директорлары қатысты. Онда негізінен Тараз химия-технология колледжінің базасында химия саласына қажет жұмысшы кадрлардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау жөніндегі оқу орталығын ашу мәселесі мен химия кәсіпорындарына қажет мамандар тапшылығын анықтау жайы талқыланды.

Жиынды ашқан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры кездесудің мақсатын түсіндіріп, талқыға түсіп отырған тақырып төңірегінда қалыптасқан жағдайға тоқталды. – Біздің облыстың өнеркәсіп саласы кәсіпорындарының басым бөлігі химиялық өндіріс орындары екені белгілі. «Біріккен химия компаниялары» ЖШС, «Тараз» химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы алдағы жылдары екі мыңнан аса жұмыс орындарын ашуды көздеуде. Сондықтан біз үшін бұл сала мамандарына деген сұраныс артып отыр, – деді А.Қошмамбетов. Ал, өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов облыста 51 мекеме кәсіптік-техникалық білім беру бойынша мамандар дайындап жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, дуальді оқыту жүйесінен де мәлімет берді. – Өткен жылғы оқу жылынан біз дуальді оқыту жүйесін енгізген болатынбыз. Былтыр осы жүйемен он бір колледж қамтылған болса, биыл колледждердің саны жиырма үшке жетті. Мұнымен қоса әлеуметтік әріптестік төңірегінде 100 келісім-шартқа қол қойдық, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы облыста әзірге жеті колледждің химия өндірісі саласы мамандарын даярлап отырғанын жеткізді. Жалпы, облыс колледждерінде шамамен отыз мыңға жуық студент оқыса, оның бір мың бес жүздейі химия саласының мамандықтары бойынша білім алуда. Е. Манжуовтың айтуынша, облыстың кәсіптік-техникалық білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысы жалпы контингенттің 45 пайызын құрап отыр екен. Ал, осының ішінде химия саласы мамандарын даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс 80 пайызға жуық. Былтырғы оқу бітірген мамандардың шамамен 80 пайызы жұмысқа орналасса, биылғы оқу жылы бойынша мамандардың әзірге 60 пайызы жұмыспен қамтылған. Дегенмен, облыс жақын жылдары еліміздің химия өндірісі бойынша алдыңғы қатарлы аймаққа айналудың алдында тұрғанын айтып өткен Е.Манжуов шын мәнінде облыс басшылығы өзіне керекті мамандарды дайындауда әлі көп түйінді шешу керек екенін жасырмады. Себебі, қай жерге қандай маман керектігі, оларды даярлау қажеттілігі төңірегінде бірлесіп шешер әлі көп мәселе бар екенін де атап өтті. Сол үшін де білікті маман даярлауда үлкен тәжірибесі бар компаниялармен тізе біріктіре жұмыс істеуге дайын екендіктерін жария етті. Кездесуде «Самұрық» компетенция орталығы» ЖШС директоры Жангелді Сейітов Атырау облысында жүзеге асырып жатқан оқыту-өндірістік кешеннің виртуалдық нұсқасының таныстырылымын жасады. Бұл серіктестік Тараз химия-технологиялық колледжімен әріптестік орнатуға құлықты екендерін атап өтіп, біраз ұсыныстарын да ашып айтты. Әлемдегі өндірістік апаттардың басым бөлігі мұнай-химия салаларында орын алып жататынын, олардың көбі кадрлардың біліксіздігіне байланысты екенін жасырмады. Ал, «Kazakhstan Petrofac B.V.» компаниясы өкілі Энди Моррис елімізде кадрлар дайындау бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, маман тапшылығы бүкіл әлем бойынша орын алып жатқан жағдай екенін баса айтқан ол апат зардаптарымен күрескеннен гөрі маман оқытуға үлкен инвестиция құюдың пайдалырақ екенін еске салды. Қалай болған күнде де өңіріміздің химия өнеркәсібі саласына маман дайындау мәселесі осы бір жиынмен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі болып тұр. Кездесуге қатысқан өкілдер өздерінің бірауыз пікірлерін ортаға салғанымен мәселе шешілмесі анық. Сондықтан, жиынға келген компаниялармен облыс басшылығының ортақ жұмысы, келіссөздер әлі де жалғаса беретін болады. Себебі, «Самұрық» компетенция орталығы директоры таныстырған оқыту-өндірістік жобасы шамамен 3 миллиард теңгеге бағаланып отыр екен. Мұндай қаржы бірден оңай табыла қоймас. Оның үстіне Тараз химия-технологиялық колледжінің директоры Гүлнар Тұрсынбекованың сөзінен бұл бағытта әжептәуір базаның бар екенін білдік. Ал, өңірдегі химиялық компаниялар ұсынған кадр дайындау қажеттігі болжамының талдау нәтижелеріне көз жүгіртсек, 2014-2017 жылдар аралығында бізге 2440 орын қажет екен, ал, ағымдағы сұраныс – 630. Бір ғана «Тараз химиялық паркі» ЕЭА зауыттары 2000-ға жуық жұмыс орнын ашқалы жатқанын ескерсек, облыста білікті де білімді кадрларды оқытуда атқарылар шаруа шаш етектен. Сол себептен, кездесуге келген тараптар алдағы уақытта да осындай отырыстар өткізіп, мәселені барынша пысықтауға мүдделі екендіктерін білдірді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар