№42 бағыттағы автобус жолаушылар көңілінен қашан шығады? Қала маңындағы Ақбұлым ауылынан Тараз қаласына жолаушылар тасымалдайтын №42 бағыттық автобустың жүру ырғағы соңғы үш жылдан бері жұртшылық көңілінен шықпауда. Қашан көрсең, аялдамада күндіз де, кешке де сағаттап күтіп тұрған жолаушылар. Ақбұлымнан таңертең лықа толып келе жатқан автобусты көргенде, ауыл тұрғындарына жаның ашиды. Олардың көбісі «әйтеуір, жұмысқа кешікпей жетсек болғаны» дейді. Кешке қайтарда «көлік бола ма әлде жоқ па?» деп уайымдап, №42 бағыттық автобустың жолына қас қарайғанша телміре қарап тұрғаны. Әсіресе, студенттер мен оқушыларға обал-ақ. Оны тиісті орын басшылары білсе де бас қатырғылары келмейді. Қыстыгүні аялдамаларда автобустың «әруағын» күтіп, суыққа тоңған жандардың жайын айтып қайтейік. Бүрсең қаққан үлкен-кішіде қайбір күй болсын?! Жұртшылықтың жанайқайын түсініп, келеңсіздікке тосқауыл қоятын жан табылмады. Көнбіс халық «шыдамның да шегі бар емес пе?» деп қала әкімдігіне талай рет арызданды да. Бірақ, одан оңды нәтиже шықпады. Былтыр 8 тамызда Ақбұлым ауылы тұрғындарының өтінішімен Т.Әшіров Тараз қаласы әкімінің қабылдауында болды. Жұмысы бір ретке келмеген №42 «Ақбұлым ауылы – Мыңбұлақ мөлтек ауданы» қоғамдық көлік бағытын талаптағыдай жүргізу мәселесін көтерді. Осыған орай, Т. Әшіровтің қолына 3 қазанда жауап та тиді. Онда «№42 «Ақбұлым ауылы – Мыңбұлақ мөлтек ауданы» көлік бағытының мәселесі бойынша жергілікті жерге барып, тұрғындармен жиналыс өткізілді. Кездесу барысында тасымалдаушының және тұрғындардың ұсыныстары жан-жақты талқыланып, алдағы уақытта айтылған бағытта күнделікті 5 автокөлік, аралықтары 20-23 минуттан жүретіні туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда осы шешім бойынша тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта аталған бағыт бойынша конкурс өткізу туралы БАҚ-та хабарлама жарияланды. Бағыттың рентабельділігін көтеру үшін осы өткізілетін конкурста қозғалыс сызбасына өзгерту енгізу қарастырылатын болады» деген Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Жақсылықов. «Баяғы жартас – сол жартас». Өзгерген түк те жоқ. Бұған дейін де №42 автобусқа өкпелі тұрғындар жазған реніш-хат «Ақ жол» газетінде жарияланып, оған Б. Жақсылықов «күнде 8 автобус жүретін болды. Жүру тәртібі бақылауға алынады» деп жауап қайтарған еді. Алайда, бұл жауаптар да құр сөз күйінде қалған. Содан, өткен жылдың 4 желтоқсанында Ақбұлым ауылында осыған байланысты тағы жиын өтті. Жиналыс төрағасы – Ақбұлым ауылдық округінің әкімі С. Жанысбаев. Оған «Саяхат» ЖШС директорының орынбасары М. Бүлтеков арнайы келіп қатысты. – Ақбұлым ауылына қатынайтын №42 бағыттағы автокөліктің жүруі өте нашар. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызуда. Осы мәселе жылда қозғалады. Қай уақытта да «Керуен» ЖШС автобустардың жүру интервалының бұзылуын жолдың нашар болуынан деп келді. 2011 жылдың мамыр, маусым айлары аралығында жол толық күрделі жөндеуден өтті. Бұдан да еш нәтиже шықпады, – деді ауыл әкімі. Ауыл тұрғындары №42 бағыттағы жүргізушілердің бағытынан ауытқымай, қозғалыс жиілігін сақтап жүруі қажеттігін ескертті. «Саяхат» ЖШС директорының орынбасары: – Ақбұлым ауылы-Кірпіш зауыты-Қант зауыты-Талас көшесі-Автобекет - «Ауыл-Береке»-Жамбыл алаңы – ары қарай бұрынғы ескі бағытпен Мыңбұлақ мөлтек ауданына дейін автобусты жүргізсек, сіздерге өте ыңғайлы болар еді. Тек мұны қала әкімдігінің бөлімі бекітіп беруі керек, – деген ұсынысын жеткізді. Бұл ұсынысқа тұрғындар келіскен болатын. Іс жүзінде бәрі басқаша, қисынсыз өзгеріске ұшырап, ауыл халқын қайта қынжылтты. Бүгінгі таңда №42 бағыттағы көлікке Ақбұлым ауылынан, Кірпіш зауыты аймағынан мінген оқушылар, студенттер, спорт секцияларына қатысушы жасөспірімдер және мекемелерде жұмыс істейтіндер «Шахристан», яғни, Жамбыл алаңынан түсіп, басқа автобустарды күтуге мәжбүр. Себебі, №42 автобус бұл жерден «Ауыл-Береке» және Асқаров көшесіндегі орталық базарларға қарай бет алады. Сонда осы қоғамдық көлікке тек базаршылар ғана мінуі тиіс пе?! Базарда саудамен айналысушыларға, әрине, бұл тиімді. Ал, басқаларының артық шығынданып, екі-үш автобусқа ауысып мініп, орталыққа, мөлтек аудандарға жетуіне тура келуде. Міне, ақбұлымдықтар мен кірпішзауыттықтардың қазіргі көрген күндері осы. Ағымдағы жылдың 11 тамызында Ақбұлым ауылының 30 тұрғыны Тараз қаласының әкімі Н. Календеровтің атына қайта арызданды. Сол баяғы №42 бағыттық жолаушылар тасымалдайтын автобустың бітпей жатқан «жырын» тағы да қайталап. Арыздың бір данасы «Ақ жол» газетіне де келіп түсті. Арыз-хат ізімен жолаушылардың мәз емес жай-күйі, талабы жазылып, газетімізде жарияланып отырған осы мақаладан соң, сағызша созылған түйткілді мәселе оңды шешімін табар деген үміттеміз.
Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді