Шексіз ризашылығымды білдіремін

Шексіз  ризашылығымды білдіремін
ашық дереккөз
Шексіз ризашылығымды білдіремін

Егемендікке қол жеткізген ширек ғасырдың ішінде еліміздің бейбіт күнде өмір сүруі этносаралық тұрақтылық пен бірліктің арқасы деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің бір сөзінде «Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз — тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды» деген еді. Расымен де, елдегі көптеген ұлттардың татулықта өмір сүруі тұрақтылық пен бірліктің нәтижесі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда атап көрсетілгендей, қазақ халқымен тарихи тағдыры біріккен республиканың барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқыққа ие. Бұл еліміздің ұлттық саясатының ең басты қағидасы ретінде негізделген. Осының нәтижесінде мемлекеттің тұрақты дамуы мен жоспарлардың дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге этносаралық келісім саясаты басым бағыт болып саналды. Кеңестік дәуірден кейін Қазақстанда мемлекеттіліктің қалыптасуының ерекше сипаты этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау болды. Бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі күні жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтуі де осының нақты дәлелі бола алады. Мемлекетіміз жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрғанда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің, яғни Қазақстан халқының бірлігі жарасып, татулықта болуы мемлекеттің әр мүшесі үшін маңызды. Осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар да өзге ұлт өкілдерінің ауызбіршілігін білдіреді. Енді, міне, дәл осы мызғымас татулығымыздың арқасында бау-бақшамызды егіп, кәсібіміздің несібесін көріп отырмыз. Жыл сайын жүгері мен қызылша егіп, мемлекеттің де қолдауын сезінудеміз. Өткен ғасырда барлық ұлт өкілдерінің аумалы-төкпелі заманды бастан өткергені белгілі. Біз сол күрделі кезеңнің куәгерлеріміз. Осындай қияң-қатпары қысып тұрған өтпелі кезеңде қазақ халқы барлық ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алды. Ешқандай да жатсынуды білмеген осынау мінезі дархан даладай ұлы халыққа шексіз ризашылығымды білдіремін. Барлық ауыртпалықты осы ұлтпен бірге көтеріп, тәуелсіздікке де бірге қол жеткіздік. Аз ғана уақыттың ішінде алпауыт мемлекеттермен иық тірестіре алатын деңгейге көтерілдік. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданында да түрлі ұлт өкілдері тұрады. Олардың діні бөлек болса да, тілегі бір. Өйткені тұрғындардың тыныштығы мен бірлігі кез келген мемлекеттің басты саясаты екені белгілі. Біз де өз кезегімізде ауданымыздың күннен-күнге көркейіп, оның дамуы жолында ұлтқа бөлінбей, біртұтас ел ретінде аянбай еңбек ете бермекпіз.

Илияс ЗАКИРЯЕВ, «Алижан» шаруа қожалығының жетекшісі, түрік ұлтының өкілі.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар