Мамыр – мерекелерге толы ай

Мамыр – мерекелерге толы ай
ашық дереккөз
Мамыр – мерекелерге толы ай

немесе ҚАЗФОСФАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕР

Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров басқаратын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан бойынша химия өндірісімен айналысатын бірден-бір ірі кәсіпорын. Бүгінде серіктестік төтенше жағдай кезінде де өндіріс көлемін төмендетпеу үшін тоқтаусыз жұмыс істеуде. Мұнда тұрмыстық қажеттіліктерге, кондитерлік тағам өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісіне және тағы басқа салаларға арналған өнім түрлері өндіріледі. Өнімдерінің 94 проценті экспортқа шығарылады. Алты мыңнан астам адам еңбек ететін осынау кәсіпорында жиырма тоғыз ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті жұмыс істеп жатыр.

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ Түбі бір туыс

Соның ішінде Рашит Миндубаев 1980 жылдан бері «Қазфосфат» ЖШС-ның темір жол-көлік кешенінде темір жол кранының машинисі болып еңбек етіп келеді. Бұл аралықта мол тәжірибе жинаған ол қазір жастарға білгенін үйретіп, нұсқаушы болып жүр. Оның ұзақ жылғы сіңірген еңбегі елеусіз қалмапты. Ол «Еңбек ардагері» медалімен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, «Қазфосфат» ЖШС-ның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталыпты. Айтпақшы, Рашиттің екі ағасы да осында еңбек етіп, зейнетке шығыпты. – Мен өзімді қазақ санаймын, өйткені біздер түбіміз бір түрікпіз. Ал мұндағы сан ұлттың баласы еліміздің өркендеуі үшін, бірлесе еңбек етіп, зауыттың дамуына әркім өз үлесін қосуда, – дейді.

Қазақша сөйлейтін «Кореец»

Жұмыстың жеңілі жоқ. Дегенмен, өндіріс, оның ішінде пеш цехының жұмысы өте ауыр екенін жұрттың көбі біледі. Әсіресе денсаулыққа тигізер кері әсері басым. Бұл цехта көбіне тәуекелге бел буған батыл адамдар жұмыс істейді. Қашан көрсең қазақша (акцентсіз) таза сөйлеп, көңілді жүретін кәріс жігіті Александр Пягайды сондай жандардың қатарына жатқызуға болады. Расымен де Александрды ә дегенде қазақтың бір баласы екен деп қалатының сөзсіз. 2003 жылдан қарапайым аппаратшы болып бастаған ол, қазір пеш бөлімшесінің ауысым басшысы. «Мамыр – мерекеге толы ай ғой. Менің де туылған күнім 5 май» деп, әзілдейтін Александрдың осы мамырдың бесінші жұлдызы 40-шы көктемі екен. Ол бұрындары бірнеше рет мемлекеттік тілге қатысты конкурстарға қатысып жеңімпаз атанған. Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларында өткен республикалық еңбек ұжымдары форумына қатысып қайтқан. Сондай-ақ «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматуллиннің Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келген кезінде Александр Пягай еңбеккерлер атынан ізгі тілегін қазақша жеткізіпті. Мәскеуде өткен бір КВН-да ресейліктер қазақстандық командаға «Казах с русским именем это кто?» деген сұрағына «Кореец!» деп жауап берген екен. Александрды көрген сайын осы бір әзілді айтатындығымнан ба ол мені көргеннен-ақ күле береді. Әлгі әзіл еріксіз есіне түседі ғой.

Химияшы спортшы қыз

Кристина Сидиропуло Жаңа Жамбыл фосфор зауытының №18 цехында Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі қызметінде жұмыс істейді. Ол зауыттағы осы цехқа 2014 жылдың тамылжыған тамызында қабылданған екен. Бұқаралық-мәдени іс-шараларға белсене қатысатын Кристина, әсіресе, спорт десе ішкен асын жерге қоятындардың қатарынан. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында оның ерен еңбегі мен спорттық іс-шараларға белсене қатысқаны үшін Химиялық, Мұнайхимиялық және басқа кәсіпорын еңбеккерлерінің кәсіби салалық одағының (төрағасы К.Пірімқұлұлы) Алғыс хатын иеленіп қайтуы соның бір дәлелі іспетті. Иә, Кристинаның алар асуы әлі алда. Тыңайтқыш зауытындағы тынымсыз жігіт

Владимир Квасов – Минералды тыңайтқыштар Тараз филиалының «Күкірт қышқылы» цехында цех басшысының энергетика бойынша орынбасары. Ол еңбек жолын 2008 жылы «Фторсыздандырылған жемдік фосфаттар» цехындағы дайын өнімдер қоймасының бөлімшесінде аға шебер болып бастаған. Сол жылы осы цехтың «Абсорбционды және химсутазалау» бөлімінің аға шебері болып ауыстырылды. 2011 жылы «Фторсыздандырылған жемдік фосфаттар» цехының энергетигі қызметіне жоғарылатылды. Жауапкершілігі жоғары, еңбексүйгіш, ұдайы кәсіби біліктілігін жетілдірумен айналысатын Владимир ұжымында зор құрметке ие. Оның бойында бар қарым-қабілеттері ескеріліп, 2013 жылы қазіргі цех басшысының орынбасары қызметі сеніп тапсырылған. Аса белсенді Владимирдің филиалдың ғана емес, бүкіл «Қазфосфат» компаниясының мәдени және қоғамдық өміріне қосып жүрген үлесі сүбелі. Ол 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» құрметіне өткізілген және 2016 жылы «Жас ұрпақ таңдайды...» атты көңілді тапқырлар конкурсына қатысқан. Бұдан басқа көптеген фестивальдер мен конкурстарға қатысып, ұжым абыройын арттырып жүр екен. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар