Шуақты шаңырақ

Шуақты шаңырақ
ашық дереккөз
Шуақты шаңырақ

Қазақстан халықтарының достығын нығайтуға үлес қосып отырған шуақты шаңырақтардың ішінде Б.Момышұлы ауылында тұратын әзірбайжан ұлтының өкілдері Байрамовтардың отбасын ерекше атап өтуге болады. Отағасы Қалдыбай Байрамовтың аудандық орталық ауруханада білікті хирург ретінде жұмыс жасап келе жатқанына биыл 30 жыл толып отыр. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін үздік бітірген талапты жас дәрігер Қалдыбай Дөнешоғлы 1990 жылдан бері аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде табан аудармастан жұмыс істеп келеді. – Отағасы Қалдыбайдың әкелері Грузияның Ахыска ауданынан 1930 жылдардың аяқ жағында Қазақстанға қоныс аударған екен. Олардың отбасы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданының Алғабас ауылына келіп біржолата тұрақтап қалады. Әулетіміздің қара шаңырағы қазір де сол ауылда. Қайын атамның шын есімі – Дүниемали. Ол кісіні Алғабас ауылындағы жергілікті қазақтар «Дөнеш» деп атап кеткен екен. Атам Қазақстанға келген уақытта жас болған. Содан енем Ажар екеуі осында танысып, отбасын құрған. Ол кісілер отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Мен өзім Шақпақата ауылының қызымын. Сонда туып-өсіп, ауылдағы мектепте білім алдым. Қалдыбай ағаларыңмен 1992 жылы танысып, отау құрдық. Ресейдің Омск облысында жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, біраз жыл аудан орталығындағы «Пионерлер үйінде» әдіскер болып жұмыс істедім. Отағасы Қалдыбай біз үйленбей тұрып осында ауруханада жұмыс істеп жүрген болатын, – дейді отанасы Саида Әлиқызы. – Ажарханум, Расмия, Медина есімді қыздар, Дүниемали есімді ұлымыз бар. Үлкен қыздарымыз Ажарханум мен Расмия №1 мектеп-гимназияны бітірген соң әкелерінің жолын қуып, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетті жалпы тәжірибелі дәрігер және СЭС мамандықтары бойынша бітіріп шықты. Қазіргі таңда Алматы қаласында мамандықтарымен жұмыс жасайды. Екеуінің де отбасылары бар. Ең кіші қызымыз Медина аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның 6-сыныбында оқиды. Ұлымыз Дүниемали аталған мектеп-гимназияны биылғы жылы аяқтайды. Ол да әкесінің жолын қуып, дәрігер болғысы келеді. Біз әңгіме етіп отырған Қалдыбай Байрамовты аудан жұртшылығы мейірімді, қолы жеңіл хирург-дәрігер ретінде жақсы таниды. Науқастардың дені ота жасату, балаларын сүндетке отырғызу, басқа да ем-дом шараларын жасату үшін үнемі «қолы жеңіл» оташы Қалдыбай Дөнешоғлын іздейді. Дәрігердің денсаулық сақтау саласына сіңірген ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, «Алтын дәрігер» төсбелгісі берілген. Одан бөлек, бір рет ел Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Жамбыл облысы әкімінің, сонымен бірге, Жуалы ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Қазақ жерінде туып-өскен соң өзге ұлттардың дені қазақ тілін еркін меңгеріп, салт-дәстүрлеріне жетік болатыны әлбетте, бізді қуантады. Біздің кейіпкеріміз Қалдыбай Байрамов та Алғабас ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Қазақ тілінде еркін сөйлейді, салт-дәстүрлерін де жақсы біледі. Бұл отбасының мүшелері Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жүргізіп отырған сарабдал, салиқалы саясатын қолдап отырады. Тәуелсіз елімізде бірлік пен бейбітшіліктің, ынтымақ пен жасампаздықтың салтанат құруына Байрамовтар отбасының қосып отырған үлесі қомақты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар