Берекесін ынтымақтан тапқан елміз

Берекесін ынтымақтан тапқан елміз
ашық дереккөз
Берекесін ынтымақтан тапқан елміз

Рамазан МУЗАФАРОВ, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі.

Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір. Қазақ халқы ел басына қиын-қыстау күн туғанда қуғын көріп келген әр ұлт өкілін бауырына басып, бір уыс бидайын бөліп беріп, кең қанатының астына алды. Барлығын өз қазағындай қабылдап, «адамзаттың бәрін сүйді». Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғам¬дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болды. Сондықтан да мен бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып татулығы жарасқан елде өмір сүріп жатқаныма ризамын. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңыздылығы да осында. Бұл күн – жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялататын мерейлі сәт. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Себебі бірлік бар жерде тірліктің алға басатынын ата-бабаларымыз о бастан айтып кеткен. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде ынтымақ жүреді. Қазіргі таңдағы бейбіт тірлігіміз ұзағынан болғай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысым шексіз. Өйткені барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын, оның бастауына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатқаны қуантады. Ең бастысы, ұлтаралық татулық ордасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмай, Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілеймін.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар