Биік белестерге жетелейді

Биік белестерге жетелейді
ашық дереккөз
Биік белестерге жетелейді

Зүлфия ҒАБИДУЛЛИНА, жүзуден Рио-де-Жанейро Паралимпиада ойындарының чемпионы.

Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Қазақстанның басты байлығы – адам. Қай кезде де адамдары бауырмалдығымен баурайтын мемлекетімізге әлем елдері сүйсіне қарайтыны сөзсіз. Осынау байтақ даланы мекен еткен біз бақытты халықпыз десем, еш қателеспеймін. Ежелден жатқа барын берген қазақ халқы талайды бауырына басқанын қарт тарихтан жақсы білеміз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскені сөзсіз. Ұлттар арасындағы достық, сыйластық, татулық секілді ұғымдар да беки түсті. Бәріміз көк Тудың астында жайбарақат ғұмыр кешудеміз. Мұның бәрі де ел билігі жүргізіп отырған салиқалы саясаттың жемісі екені талас тудырмайды. Ең бастысы, ел азаматтары бірлік биік белестерге жетелейтінін жақсы түсінеді. Ынтымақ елімізді ырысқа бастайды. Қоғам дамуының қай сатысында болсын, ауызбіршілік өте маңызды екені даусыз. Ел жұдырықтай жұмылғанда ғана алынбайтын асу болмайтыны сөзсіз. Қазақстан билігі қай кезде де халықты бірлікке бастады. Сол арқылы берекелі тірліктің жолын таба білді. Мемлекетімізде қоныстанған сан түрлі ұлт өкілдері қай салада тер төксе де, биліктің қолдауын сезінді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Азаттық жылдарында ел спорты да айтарлықтай өркендегені рас. Оғландарымыз Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктері секілді айтулы аламандарда көк байрақты көкте желбіретіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Сол арқылы елдің рухын оятты. Спортшылар бағындыратын биіктер әлі де көп. Амандық болса ол күндерді де бірге көреміз. Спорт саласындағы толайым табыстар да сол бірліктің арқасында келді. Мемлекеттің қолдауымен сайыпқырандарымыз алынбастай көрінген асуларды бағындырды. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Мұның барлығы еліміздегі достықтың айқын көрінісі екені даусыз. Ең бастысы, еліміз бейбітшілік, татулық жолын ұстанды. Бұл да біздің биліктің көрегенділігін көрсетеді. Иә, еліміздегі ұлттар арасындағы достық бізді қуантпай қоймайды. Біз біріккенде ғана барлық мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар деп ойлаймын. Келіп жеткен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құтты болсын! Еліміз, халқымыз татулығынан ажырамай, достық пен бірліктің арқасында биіктерді бағындыра берсін! Мереке берекелі күндердің бастауы болсын! Спортшыларымыз да жанкүйерлердің сенімін ақтай түссін дегім келеді. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар