БЕТПЕРДЕ ШЫҒАРА БАСТАДЫ

БЕТПЕРДЕ ШЫҒАРА БАСТАДЫ
ашық дереккөз
БЕТПЕРДЕ ШЫҒАРА БАСТАДЫ

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер де қарап қалған жоқ. Қолдан келгенше аз қамтылған, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға азық-түлік пакеттерін таратып, қиын кезеңде қолдау көрсетуде. Тігін цехтарында бетперде тігіп, елге таратып жүргендері де баршылық. Тіпті бұл іс-шараға түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер де үлестерін қосуда. Атап айтсақ, ЖД-158/4 түзету мекемесінде 70 жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отырған «Сема и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін цехы бетперде тігуде. Серіктестік директоры, кәсіпкер Ермекбай Сәлімбаев «Біз де қоғамға өзіміздің бір үлесімізді қоссақ деген ниетпен осы істі бастап кеттік. Алты тігін машинасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Екі ауысыммен 12 тігінші тынымсыз жұмыс істеуде. Олар бүгінде 10 мың дана бетперде тікті. Цехтың мұндай қайырымдылықпен айналысуына түрме басшылығы да қолдау көрсетіп отыр», – деді ол. Ондағы жұмысты үйлестіріп отырған Сейілхан Сәлімбаевтың айтуынша, цехтың әр ауысымында 200 бетперде тігіледі екен. Бұл бетперделерді кәсіпкер карантин жағдайында көше тазалығымен айналысып жүрген «Жасыл ел – Тараз» жұмысшыларына тегін таратыпты. Сонымен бірге тәртіпті қатаң сақтауға үлестерін қосып жүрген полиция мен әскери қызметшілерге де бетперделер тегін берілуде. Осылайша түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар да қоғам өміріне, халқымыздың денсаулығына өз үлестерін қосып, жұмыс істеуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы. * * * Қазір ел аузындағы әңгіменің дені коронавирус жайында. Қауіпті індеттің алдын алу үшін мамандардың кеңесіне сүйенген жұртшылық сақтық шараларына ден қойып, медициналық бетпердені үздіксіз пайдалануға көшкен. Сондықтан ел арасында бетпердеге сұраныс көп. Қажеттілікке деген тапшылықты болдырмау үшін кәсіп иелері тынымсыз еңбек етуде. Бұл – сын сәтте керек іздеген көпшілікке сәл де болса тигізіліп жатқан жәрдем. Жеке кәсіпкер Гүлнар Бейсекина да қаладағы тігін цехынан медициналық бетперде тігіп, тұрғындарға ұсынуды жөн көріпті. – Қазіргі жағдайға байланысты бетпердені пайдалану маңызды. «Сақтансаң – сақтайды» деген. Материалдарды Шымкент қаласынан аламын. Бетпердені медициналық стандартқа сай үлгіде күніне 250-300 данасын дайындап жатырмыз. Тұрғындар тарапынан сұраныс артса 500 данаға дейін шығарамыз. Бетперде бірнеше рет қолдануға арналған. Бағасы – 250 теңге. Одан жоғарылатпаймыз. Бұл жерде тұғындардың жағдайын ескердік. Дегенмен, керек материалдың бағасы бүгінде күрт өскен. Өнімді саудаға шығару үшін дәріханалармен сөйлесіп, телефонымды бердім, – дейді кәсіпкер қолға алған ісі жайында. Екі адамды жұмыспен қамтып отырған Гүлнар Бейсекина кәсібін несиеге рәсімдеп, көптен жоспарда жүрген кәсібін ашқан. 2014 жылдан тігін ісімен тұрақты айналысып келе жатқан ол елдің тыныштығы мен саулығы үшін жасалған бұл істің үлкен көмек екендігін айтады.

Нарбол ҚАШАҒАН, журналист.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар