МОЙЫНҚҰМ түлеу үстінде
Бұл өңір туралы әңгіме қозғала қалса, ең бірінші көз алдыңа облыстың жартысына жуық аумағын алып жатқан ұлан-байтақ кең дала келеді. Одан кейін осы өңірді мекен еткен жасампаз халық, сол бейнетқор елдің қолымен тұрғызылған ауылдар болып тізбектеліп кете береді. Бұрын Көктерек ауданы болып келген Мойынқұм атауын алған өңірдің құрылғанына биыл 50 жыл. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген қазақтың қанатты сөзінде мән бар екенін осы өңір аңғартқандай. Тарихты адамдар жасайды. Сондықтанда жарты ғасырда Мойынқұмнан жүздеген еңбек майталмандары шыққанын еске алмай өтсек, өмірден өтіп кеткен арда азаматтардың рухына қиянат. Әсіресе, көзінің тірісінде дала академигі атанған даңқты шопан Жазата-Жазылбек Қуанышбаев, ауданды ширек ғасырға жуық жемісті басқарып, құм ішінен небір ақшаңқан ауылдар тұрғызып, көркейткен Айтекең-Айтбай Назарбеков сынды ел асылдарының ерен еңбегін елемегендік дер едім. Осындай жері бай, елі дархан өңірге қазақ халқының бір туар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтан бастап, небір атақты ақын-жазушылардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің жолы талай рет түсіпті. Олардың арасында қазақ әдебиеті алыптарының бірі – Ғабит Мүсірепов, даңқты композитор Нұрғиса Тілендиев, бұлбұл әнші Роза Бағланова, белгілі майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықов, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов, кино мен театр өнерінің жұлдызы Асанәлі Әшімов болып, тізбектеліп кете береді. Компартияның бас басылымы «Правда» газетінен бастап, республикалық, облыстық газеттерде еңбек еткен талай алдыңғы толқын әріптестердің де ізі қалды мұнда. Соның арқасында шөл және шөлейтті өңір саналатын Мойынқұмның аты берісі Қазақстанға, арысы Кеңес одағына жайылды. Шәмші Қалдаяқов бір сапарында «Мойынқұмда ауылым» атты тамаша ән шығарады. Ән өмірге қалай келді? Кең дала ұлы композитордың жүрек қылын қалай дір еткізді? Бүгінде мойынқұмдықтар ғана емес, бүкіл қазақ елі болып шырқап жүрген өлмес туынды қай жерде шығарылып, бірінші қашан шырқалды? Алғашқы орындаушысы кім? Бұл сұрақтардың жауабын өнер зерттеушілері бере жатар. Біздің бір білетініміз – Ән аға өнерге жақын жүретін Амангелді совхозының директоры болған Нармахан Тоққұлиевтің үйіне жиі түсетіні. Бәлкім, ән директордың шаңырағында туған шығар. Қазақтың даңқты перзенттері жүрген ұлы жолмен біз де жолға шықтық. Мақсат –аудан орталығынан 180 шақырым қашықтықта жатқан Ұланбел ауылына дейін созылып жатқан ауылдардың жай-күйін көріп, елдің тыныс-тіршілігімен танысу. «ЯК-40» ҰШЫП-ҚОНҒАН...
Бітік өскен сексеуіл бұталары сиресімен аудан атымен аталатын ауылдың қарасы көрінді. Орталыққа жақын қалғанда Шу өзеніне қойылған көпір үстінен өтіп бара жатып, суына көз тастап қоямыз. Ырғын су болмаса да асау өзеннің арнасы кеуіп қалмапты. Бұл да осы өзенді жағалай қоныстанған елдің ырысы шығар деймін іштей. Ауылға кіреберістегі еңселі қақпадан өтісімен Амангелді есімімен аталатын орталық көшеге ендік. Тараздан таңертең шыққан «Газель» шағын автобусы бар-жоғы төрт сағаттың шамасында жеткізді. Бұрын осы жолмен бес-алты сағатта шаршап-шалдығып, әрең жететінбіз. Жолаушылардың да көңілі жадыраңқы. Бұл – жолдың жақсарғанының белгісі. Құмды өңірдегі ауылда ауызсу мен жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқандықтан шаң көтеріліпті. Оның үстіне орталық көшесінің бойындағы спорт кешенінің құрылысы бар, әйтеуір жұмыс бар жерде шаң-тозаңның орын алатыны заңды құбылыс. Көрнекіліктер мен билбордтардың көмескі тартуы осының әсері шығар деп топшыладық. Журналистикадағы жазылмаған заң қағидасын басшылыққа алып, аудандық әкімдіктің табалдырғын аттадық. Түскі үзіліс мезгілі болса да аудан әкімі Болат Мәдікенов кабинетінен табылды. Аудандық мәслихат депутаттары алдында «2014 жылдың 6 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» есепті баяндамасын соңғы рет пысықтап жатыр екен. Сапарымыздың мақсатын білген аудан басшысы «ауылдық аймақтардағы ағайындардың еңсесінің көтерілуі – Үкімет және облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан нақты қамқорлықтың арқасы. Өзіңіз осында келе жатып көше бойындағы құрылысты аңғарған шығарсыз. Жарты жылдықта жалпы өнім көлемі 15,7 миллиард теңгені құраса, оның ішінде нақты өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің құны 13,2 миллиард теңге» деді. Қанша дегенмен, бұған дейін де аудан басқарған азамат қой, цифрларды жатқа айтады. «Ана өндіріс аймағынан үздіксіз жазып жатырсыздар, сондықтан ондағы атқарылып жатқан шаруаға тоқталмай-ақ қояйын. Оның үстіне мақсатыңыз – ауылдың, ондағы елдің тыныс-тіршілігі екен. Онда көзбен көргеніңіз жөн» деді. Ауылды аралауды Мойынқұм ауылының өзінен бастап кеттік. Бұған дейін де талай жолымыз түскен ауыл еңсесін мықтап тұрып көтеріпті. Осыдан бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйі анадайдан көз тартады. Мәдениет ошағы тұрғындардың думанды ордасына айналған. Былтыр депутаттар алдында аудан әкімі есеп бергенде депутат Ш. Исабеков Ж. Қуанышбаев пен Қ. Рысқұлбеков атындағы аллеяларды абаттандыру және көгалдандыру туралы сұрау салыпты. Бұл жұмыстардың жобасын 2015 жылға әзірлеу жоспарға енгізіліпті. Алайда, Жаз-атаның ұрпақтары мен Қайрат батырдың замандастары алдағы жылды күтіп, қол қусырып, қарап отырмапты. Мүмкіндіктерінше аллеяларды күтіп ұстауда. Мойынқұм – аң-құсқа да бай өңір. Кең далада мекен ететін аңдардың тастан жасалған бейнесі де аудан орталығының ажарын ашып, сәнін кіргізгендей. Биыл мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында аудан көлемінде ауызсу құбырларының құрылысын салу және қайта жаңғырту жұмыстарына ел қазынасы мен облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Ауылдың бірнеше көшесінің бойындағы ауызсу құбыры құрылысының үшінші кезеңі екен. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін көрінеді. Ал, облыстық бюджеттен бөлінген 262 миллион теңгеге спорттық кешен құрылысы қолға алынған. Алдағы қараша айында есігін айқара ашады деп күтілуде. Осы құрылыс нысандарымен қатар, бес көшеге де жөндеу жүргізілуде. Мойынқұм ауылынан Ұланбелді бетке алып бара жатқанда жүргізуші жігіт көкте шүйкедей болып көрінген ұшаққа қарап, «санитарлық самолет қой» деп қалды. Ауыр науқасты облыс орталығына жеткізуге ұшып келе жатыр екен. Алыс өңір, шалғай жердегі азаматтарына дейін осындай жағдай жасаған облыс басшалығына риза болдық. Осы жерде Айтекең аудан басқарып тұрған жылдары аудан орталығына «ЯК-40» ұшағын ұшырып, қондырғанын еске оралды. Облыс орталығына небәрі 45 минутта жеткізетін сондай шағын әуе лайнері қайта ұшса ғой деген ой қылаң берді. Несі бар, айналдырған бес-алты жылдың көлемінде Мойынқұмның ми даласы алып құрылыс алаңына айналып, өндірісі қарыштап жатқанда ондай ұшақтың бірі келіп, бірі ұшып жатар дейді тағы бір ой.
ЖОЛ АЗАБЫ-ЖАН АЗАБЫ
Ұланбел ауылына апаратын асфальт жол 1970 жылдың басында пайдалануға берілген. Бұл жолмен кімдер жүріп, өтпеді. Тақтайдай тегіс жолмен аудан орталығын былай қойғанда, Алматы мен Тараз қалаларынан «Икарус» автобусы қатынайтын. Оның рахатын жол бойындағы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек және сәл қиыстау жатса да Кіші Қамқалы ауылдарының тұрғындары да көріп келді. Жол бойындағы бірнеше совхоздың малы Шу және Талас аудандары аумағындағы екі бағыттағы жолдар арқылы облыс орталығындағы ет, ал қаракөл елтірісі Шымкент қаласындағы елтірі зауыттарына үздіксіз жөнелтіліп жататын. Өтпелі кезеңдегі ауыртпашылық ең бірінші «азуын» осы жолға салды. Жол түгілі бүтіндей Мойынқұмдай іргелі совхоздың орталығы болған Кіші Қамқалы ауылының тұрғындары алтын бесіктен үдере көшіп, иесіз қалды. Сол маңдағы Құралай сұлудың мазары ғана «ел есін жиған соң жол да, ауыл да қалпына келеді» дегендей үнсіз мүлгитін. Обалы нешік, ауданды әр жылдары басқарған азаматтар жоғарыға сөздерін өткізе алмаған соң, өздерінің шама-шарықтарынша жамап-жасқап жататын. Жол бойына іргелес орналасқан ауыл тұрғындарын да жөндеу жұмыстарына жұмылдыратын. Сарысу ауданынағы Қамқалы ауылы маңындағы кен орындарынан тұз тиеп алған алып жүк көліктері бір жүріп өткенде-ақ қара жолдың астаң-кестеңін шығарып кете беретін. Бұл проблеманы «Ақ жол» аз жазған жоқ. Облыстық мәндегі «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» бағытындағы жол бұрынғы апаттық жағдайынан арылып, жөнделіп жатқанын көргенде көңіл шіркін көтеріліп-ақ қалды. Біраз жеріне асфальт төселіп, тақтайдай тегістеліпті. Күннің аптап ыстығына қарамай жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Биыл осы жолды орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 658,3 миллион теңге бөлініпті. Автомобиль жолындағы 54-76 шақырымда Сағынбек Қоныс басқаратын «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары жөндеу жүргізуде. Жүздерін күн қаққан жолшылармен дидарласып, еңбектеріне жеміс тіледік. Жігіттер жұмысты 20 қыркүйек күні аяқтаймыз дейді. Ал, Луиза Батчаева жетекшілік ететін «ТаразКөлікЖолы» ЖШС 76-95 шақырымды, Сәтбай Қожамқұловтың басқаруындағы «Компания Инвест МК» ЖШС 95-115 шақырымды жөндеп жатыр. Екі мердігер атқарып жатқан жұмыс келер жылға ауыспалы екен. Облыс қазынасының қыруар қаржысына жөнделіп жатқан жолдың сапасына назар аудару мердігер мекеме басшыларының есінен бір сәт те шықпасын дейік. Мұны Мойынқұмның төменгі ауылдарындағы халық ұзақ жыл күтті. Олар үшін бұл – «өмір жолы».
ТАҒДЫРДЫҢ ТАЛАЙЫН КӨРГЕН ҰЛАНБЕЛ
Ұланбел ауылына енгенде дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин еске оралды. Аненковтың «азап вагонынан» қашып келе жатқан революционер-ақынды серіктестерімен бірге осы ауылдың тұсындағы Шу өзеніне қатқан мұзға киіз төсеп, ауылдың ардақты азаматы Сүйіндік өткізген дегенді құлақ шалатын. Мына оқиға да еріксіз еске оралды. Ауылдың маңындағы Тарақты болысына лаң салып, зорлық көрсеткен Қараноғай-Шала дегенді Ақмола уездік милиция басқармасының бастығы болған Байсейіт Әділов өлтіріп, осы өзеннің мұзын ойып, ағызып жіберген дегенді де тарихи дүниелерден оқығаным бар. Оның үстіне, отызыншы жылдардың ұлы шұбырындысында Арқадан үркердей болып көшкен жұрт та осы тұстан өткен деседі. Сөйткен тағдырдың талайын көрген ауыл жұртта қалған жалғыз үйдей емес екен. Ауыл әкімі Қанат Белгішов осы мекеннің төл тумасы болғандықтан Ұланбелдің кешегісін де, бүгінгісін де ашық-жарқын әңгімелеп берді. Тарихынан өзіміздің де хабарымыз болғандықтан бүгінгі тіршілікке көбірек құлақ асып, ауылды араладық. Барлық мекендегідей орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша бар. Табиғаты қатал өңірде қысқы науқанға дайындық ерте көктемнен басталатындықтан білім беру және денсаулық сақтау мекемелері жауапты кезеңге дайындықты аяқтап қалыпты. Мұнда Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің, пошта байланыс жүйесінің бөлімшелері орналасқан. Байланыс жағынан ұланбелдіктердің өкпесі жоқ. Ұялы байланысқа дейін бар. Ауылдағы ағайындардың қорадағы малын санап қайтейік. Бетпақдаланың іргесінде жатқан мекенде төрт түліктің бәрі жетеді. Осы малдан тарайтын аурулардың алдын алуда бірқатар шаралар атқарылыпты. Шегірткеге қарсы 2000 шаршы метр жерге тиісті мамандар ұшақпен өңдеу жұмыстарын жүргізген. Мемлекетттік бағдарламалардан да шет қалып отыр деп айта алмаймыз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ветеринария мамандығы бойынша келген үш маманға көтерме ақы төленіп, үй сатып әперген. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша бес студент Тараз қаласы мен Құлан аулындағы колледждерде оқып жатса керек. Шалғай мекенде жобалық құны 882 миллион теңге тұратын су құбыры желісінің үшінші кезеңі жүргізілуде. Былтыр қаралған қаржының 300 миллион теңгесі, биыл 285 миллион 680 мың теңгесі игеріліпті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы мамыр айында ауылда болғанда мердігер мекеме – «Темір Строй Сервис» ЖШС-ның басшылары тамыз айында тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етеміз деп уәде бергенін ауылдықтар жыр қылып айтты. Уәде орындалмаған. Оның үстіне ауыл әкімінің жақында өткен тұрғындар алдындағы есебінде ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Е.Ахметбеков су құбырларының қымталмай көміліп жатқанына, ауыл ішінде қазылған шұңқырлардан жаяу жүргіншінің жүруі мүмкін емес екеніне алаңдаушылық білдіріпті. Қандай құрылыс болмасын, оның ішінде ауызсу құбыры құрылысы сапалы атқарылуы тиіс. Мердігер мекемеге нақты талап қою тапсырыс беруші мен ауыл әкімі және аудан басшылығының міндеті. Нарықтық қатынастың алғашқы жылдарындағы қиыншылық Ұланбелді де айналып өткен жоқ. Аудандағы ең іргелі шаруашылық тараған соң, жастар жағы екі қолға бір жұмыс таппай қалды. Бірақ, олар жұмыс жоқ деп, қарап отырмады. Бетпақ кезіп, өлген киіктің мүйізін жинады, ракета сынықтарын пұл қылды. Мүйіз бен темір таусылған соң, Шу өзеніне қармақ салды. Бұрынғы «Шу» совхозының директоры, еңбек ардагері Серікбай Жақсымбатов: «Ұланбел киелі ауыл, қай заман, қай кезеңде де тұрғындарын аш қылған емес» дегені бар. Көпті көрген алдыңғы толқын ауыл маңындағы кірпіштей қызыл тасты меңзеп отырғанын сездік. Қазір жастардың көбі нәпақаны осы қызыл тастан көріп отыр. Дайындап, көлікке артып береді. Қып-қызыл ақша.
* * * Жол-жөнекей Cарыөзек, Қарабөгет және Құмөзек ауылдарының тынысымен де таныстық. Бұл ауылдарда да ел алаңсыз тіршілік етуде. Дегенмен, қай мекенде болмасын мәселе бар. Мәселен, ауылдықтар Сарыөзекте клуб пен ескі Байтал елді мекені арасындағы тас жол және ауылға кіретін жол жөнделсе, ұялы байланысқа қол жетсе дейді. Қарабөгет және Құмөзек ауылдарында да осындай мәселелер бар. Құмөзек ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеутай Құрманбеков аудан орталығынан мал базары ашылса деген ұсынысын жеткізді бізге. Төмендегі ауыл тұрғындары малын сату үшін Шу қаласындағы базарға апарады екен. «Бір бас сиырға бес мың, бір қойға 500 теңге төлеп, автокөлік жалдап жеткіземіз. Бордақыланған малымыздың саудасы ойымыздан шықпаса да сұраған бағасына беріп кетеміз» дейді қария. Ал, Қылышбай ауылында егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың жалғыз мұқтажы – «Ақиық» каналын тезірек іске қосу. Жамбыл, А. Назарбеков, Көкжелек, Бірлік, Кеңес ауылдары еңсесін әлдеқашан түзесе, Биназар ауылының ажары атқан таңдай...
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді