Қаратаулық 120 отбасы баспаналы болды

Қаратаулық 120 отбасы баспаналы болды
ашық дереккөз
Қаратаулық 120 отбасы баспаналы болды

Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Қаратау қаласының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарының қолға алынғанына екі жылдың жүзі болды. Осы уақыттан бері қалада көпқабатты үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары да бірге жүргізілуде. Солардың бірі – Ақшораев көшесіндегі 120 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй болатын.

Тұрғындарға көпқабатты үйдің пәтер кілтін табыстаудың сәті Ата Заңымыздың қабылдануының 19 жылдығымен орайлас келді. – Елбасының сара саясатының арқасында еліміздің әл-ауқаты артып, халқымыздың тұрмысы жылдан-жылға жақсара түсуде. Өздеріңіз білесіздер, иесіз қалған көпқабатты үйлердің жарамдылары қайта қалпына келтірілуде. Қала ішіндегі жылу және ауыз- су құбырлары жаңғыртылып, көшелер абаттандырылуда. Сәтін салса, 2020 жылға қарай Қаратау жаңа бейнеге ие болмақ. Ата Заңымыздың қабылданған күнімен тұспа-тұс келген қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, – деді салтанатты жиында Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: – Елбасымыз Жолдауында: «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі» – деп, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға, зейнеткерлер мен мүгедектерге қамқорлық жасауды мемлекет толық жауапкершілікке алатынын атап өткен болатын. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы маңызды екі мақсатты көздейді. Біріншісі – жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру болса, екіншісі – қазақстандықтар үшін баспананы нарықтағымен салыстырғанда қолжетімді бағамен және қолайлы талаптармен беру. Былтыр ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында аудан ардагерлеріне, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, асыраушысы жоқ балаларға, жас мамандарға, мемлекеттік қызметкерлерге кезек бойынша барлығы 40 пәтер берілсе, бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 120 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Жалпы, аудан бойынша тұрғын үйлерден пәтер алуға өтініш білдіріп, кезекте тұрған азаматтардың саны – 887. Келесі жылы да көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала тұрғындарына беру жоспарлануда. Аталған 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын жеке кәсіпкер жүргізіп, оған 344,8 миллион теңге жұмсалды. Алдағы уақытта да тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасын таба беретін болады, – деді. Жиында сөз алған соғыс және еңбек ардагері Б. Тілепов халықтың әлеуметтік жағдайын назарынан тыс қалдырмайтын Елбасына рахмет айтты.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар