«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата Заң айбыны асқақтаған күн

Ата Заң айбыны асқақтаған күн
ашық дереккөз
Ата Заң айбыны асқақтаған күн

Дербес ел болып, етек-жеңімізді жинаған соң елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтып, Тәуелсіздігімізді айқындай түскен Ата Заңымыз дүниеге келді. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Негізгі Заңымыз Конституция Елбасымыз Н. Назарбаев атап айтқандай, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізіне айналды.

16 17

Конституция күні республика көлемінде кең ауқымда мерекеленді. Облыс орталығындағы «Достық» алаңында да салтанатты іс-шара болып өтті. Думанды кешке келген жамбылдықтардың қарасы қалың. Алдымен ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Конституциясы әкелінді. Одан әрі Гимн шырқалды. Жиналған жұртшылықты елдігіміз бен өрлігіміздің мерекесі, ҚР Конституциясы күнімен құттықтаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: – Еліміз Ата Заңымыздың аясында тарихи табыстарға қол жеткізді. Ұлан байтақ Қазақ Елі дамудың мәртебелі жолын артқа тастап, өсу мен өркендеу белестерін бағындырды. Ұлы далада жаңа тұрақты демократиялық-құқықтық, қуатты мемлекет орнықты. Бүгінде қазақстандықтар 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму Стратегиясын орындауға кірісті. Оның ең бастысы – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену міндеті. Конституция құндылықтарын сезіне отырып, жамбылдықтар да Мемлекет басшысының халыққа дәстүрлі Жолдауы мен елдің даму Стратегиясында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерлерін жұмсауда. Жыл санап әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсіп, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму қарқыны тұрақты артып келеді. Жаңа өндіріс орындары ашылып, ауылшаруашылығының ауқымды шаралары қабылданды. Шағын және орта бизнес қанат жайды. Әлеуметтік салалар да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мереке қарсаңында облыс көлемінде жаңадан он екі әлеуметтік нысанның пайдалануға берілгенін атап өткім келеді, – деді. Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. «Достық» алаңында құрылған сахна мерекеге сай безендірілді. Кеште жергілікті өнерпаздармен қатар, танымал эстрада жұлдыздары «Жігіттер», «Домино» топтары өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар