Сарысу инвестиция салуға қолайлы өңірге айналып келеді
Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің 2019 жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы халық алдындағы қорытынды есеп беру жиыны өтті. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров және аудан тұрғындары қатысты.
– Ағайынның ынтымақ-бірлігі мен еселі еңбегі бірқатар жоспарларға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жыл өткен сайын Сарысу ауданы инвестиция салуға қолайлы аймаққа айналып келеді.
«Казфосфат», «ЕвроХим» және «Жаңатас ЖЭС» компанияларының ауқымды жобалары мен кальцийлендірілген сода, цемент зауыты, «Казкэмиклс» компаниясының жаңа жобалары іске асырылмақшы. Бұл жобаларға алдағы жылдары 120 миллиард теңгеге жуық инвестиция жұмсалып, 920 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар облыс әкімінің жеке бастамасымен жүргізіліп жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына кірген Саудакент ауылына 5224 бас мал сатылып алынады. Қазір шаруашылықтар мен жеке үйлерде 2160 бас түйе, 6630 бас жылқы, 20480 бас мүйізді ірі қара және 206100 бас қой-ешкі бар.
Өткен жылы жалпы алаңы 17792 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 27 процентке артық, – деген аудан әкімі алда атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.
Мысалы, биыл ауданда 70 мың түп тал егіледі. Көп қабатты үйлердегі тазалық, аулаларды көгеріштендіру, сондай-ақ тұрақты тұратындар және пәтерді жалға алушылармен жұмыс жүргізу үшін қоғамдық ақылы жұмыс негізінде 20 адам бекітілген.
Бүгінде 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Арыстанды, Қызылдихан ауылдарында жаңа ауызсу жүйесі іске қосылса, құрылысы басталған Игілік-Өндіріс топтастырылған ауызсу жүйесі биыл аяқталмақшы. Сондай-ақ Жаңаталап, Ұйым ауылдарының су жүйелерін жүргізу үшін ұсыныс берілген.
– Халықты әлеуметтік қорғау үнемі назардағы мәселе. Өткен жыл ішінде жұмыспен қамту уәкілетті органына 2472 адам жұмыс сұрап өтініш білдірді. Тұрақты жұмыс орындарына 1820 адам орналасты. Әлеуметтік қорғау шараларымен барлығы 2864 азамат қамтылды. Жыл бойы барлығы 13942 азаматқа шамамен 1,4 миллиард теңгеге жуық түрлі әлеуметтік жәрдемақы төленді. Субсидиялар, қайтарымсыз гранттар, мектеп жасындағы балалар үшін берілетін көмектер, жалпы көмектердің барлық түрін қосқанда 2 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты жұмсалды. Бүгінгі таңда 474 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 41 миллион теңге төленді, – деген аудан әкімі жастарға арналған бағдарламалардың да ауданда қалайша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында есепті кезеңде 91 маманға 17 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленді. 30 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 91 миллион теңге бюджеттік несие берілді. Жаңаталап пен Маятас ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 спорт алаңшасы қосылады. Саудакентте спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Жаңаталап орта мектебіне спорт зал салынады. Жаңатас қаласының кіреберісіне «Жастар» спорттық-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Кешенде көлемі 288 шаршы метрлік су бассейні болады. Ішкі жаттығу залдарынан бөлек сыртында волейбол, баскетбол, кіші футбол алаңшалары жасалады.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен ұйымдастырылған «Елдік – елге байланысты» атты форумда көтерілген мәселелерді жүзеге асыру, ысырапшылдықтың алдын алу шаралары жалғасады деген аудан әкімінің баяндамасын көпшілік оң көзқараспен қабылдады.
Баяндама аяқталған соң жиынға қатысушылар әкімге сауал жолдап, тиісті жауабын алды. Саят Тұрымов, Жеңісбек Әмірбеков, Жамбыл Шәдіұлы, Василья Петровна, Рысқыз Елшібаева сынды аудан тұрғындары дүкендерде кассалық аппараттың болмауы, зейнетке шығу жас мөлшеріне қатысты және басқа да әлеуметтік маңызы бар сұрақтар қойып, өңірде орын алып жатқан оң өзгерістер үшін облыс басшысы Асқар Мырзахметовке деген алғыстарын білдірді. Оларға тиісті сала мамандары мен аудан басшысы нақты жауаптар қайтарды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Дариха Үмбетиярова,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді