Бүгінгі таңда Сарыкемер ауылдық округінде ауызсу жүйесін дамыту бағыты бойынша құны 3 миллиард 402 миллион теңгені құрайтын жоба іске асырылуда. Осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындары тарапынан көптеген арыз-шағымдар келіп түскен. Бұл туралы аудан әкімімен бірлескен есепті кездесуде Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тілеуқұлова мәлім етті. Сәуле Сейдімханқызы өзінің баяндамасында Сарыкемер ауылының Бас жоспарына Бәйдібек баба бұрылысы енгізілгенін, аудан әкімдігінің қала құрылысы және құрылыс бөліміне аталған алқапқа су жүйесін өткізуге тиісті құжаттарға тапсырыс беру, аталған алқап бойынша жергілікті қоғамдық көлік қатынасын орнату, түнгі жарықтандыру жұмыстарын толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Ал тұрғын үй салуға жер беру мәселесі туралы аудан әкімі Нұржан Нұржігітов: «Сарыкемер ауылында жеке тұрғын үй салуға жер бөлуге мүмкіндік жоқ. Мұны дұрыс түсінулеріңіз керек. Себебі бір ауылда 35 мың халық тұрады. Жаңатұрмыс пен Сазтерек ауылдық округтерінде бос жатқан жер учаскелері бар, жер аламын деушілерге осы ауылдардан жер ұсынып жатырмыз. Бұдан бөлек, көп қабатты тұрғын үй салуды да жоспарлап отырмыз. Ол алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе», – деп түсіндірді. Сондай-ақ аудан басшысы өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын слайдтар арқылы баяндап берді. Онда орындалған жұмыстар, еңбек өнімділігін арттыру жұмыстары, алдағы міндеттер мен жоспарлар кеңінен қамтылған. Аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен ауылдық округ әкімі Сәуле Тілеуқұлованың есепті баяндамаларын ықыласпен тыңдаған ауыл тұрғындарының өтініштері негізінен ауызсу мәселесіне байланысты болды. Бұдан өзге тұрғындар тарапынан толық емес отбасы мүшелерін жұмыспен қамту, Құлынбаев көшесіне асфальт төсеу, Орынқұлов көшесінің 1-ші бұрылысынан Ұ.Сыздықбаев көшесіне өту үшін жол кедергісін орнату, пилоттық жобаның Сарыкемер ауылы тұрғындарына берілуі, 4-ші бұрылыс тұрғындарымен тазалық мәселесіне байланысты жиын өткізу, көше нөмірлерін ретке келтіру, сынған электр бағаналарын қалыпқа келтіру, осы алқаптағы трансформаторларды электр жүйелерін тарату мекемесіне өткізу, аудандық емханаға барар жолға жүргінші жолын салу, бағдаршамға автокөлік жүргізушілерінің бағынбауы, №1 мектеп-гимназия аумағында бақылауды күшейту туралы мәселелер айтылды. Жиын барысында тұрғындардың көтерген мәселелеріне қатысты тиісті сала басшылары тарапынан қосымша түсініктер беріліп, өтініштер хаттамаға енгізілді.
Мұхтар Шалғынбай, журналист.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді