Тәуелсіздігін жариялап, егемендігін баянды еткен еліміздің құқықтық базасының негізі – республикамыздың Ата Заңы мемлекетіміздің аумақтық біртұтастығының, онда тұратын ұлттар мен ұлыстардың теңдігінің, тату-тәтті ынтымақтастығының, құқықтары мен бостандықтарының сақталуының кепілі болып табылатындығы мәлім. Облыс орталығындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Конституция – қоғам мен мемлекеттің жаңғыруының негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда 1995 жылдың 30-ыншы тамызында, жалпыхалықтық талқылаудың негізінде республикалық референдумда қабылданған еліміздің қазіргі қолданыстағы Конституциясының мәні мен маңызы әңгіме өзегінің арқауына айналды. Онда тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұман Исахметұлы «Ата Заң – ел тірегі», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлхан Нұрадин «Ата Заң бойынша өмір сүру – азаматтық парыз» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Жарыссөзге шығып, ой-тұжырымдарын білдірген облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зағира Тоқбергенова, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Махаббат Оспанбаева, профессор Қуандық Тұрдалин негізгі Заңда республикамыздағы билік тармақтары міндеттерінің айшықты түрде айқындалғандығына, ұлттар мен ұлыстардың тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүр үрдістерінің сақталып, дамытылуына кепілдік берілгендігіне, ел Парламентіндегі қос палаталық жүйенің уақыт талабына сай енгізілген заң шығару институты болып табылатындығына, Конституцияны жыл он екі ай насихаттауды мектептерде, колледждерде, университеттер мен институттарда дәстүрге айналдыру қажеттілігіне тоқталды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Еңбек қатынастарында еңбек шартының рөлі зор
- 9 желтоқсан, 2024
Зерделеу жұмысы кемшіліктерді анықтады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді