Төрт жасар бүлдіршін аудан орталығындағы «Балапан» балалар бақшасының екінші сәбилер тобында тәрбиеленуде. Ақсары келген, сөзі балдай өрен дүниеге келгенде атасы Қазы шөбересінің есімін өзі таңдап қойған екен. – Астана өзі қатарластарымен салыстырғанда өте қабілетті. Естіген өлең-жырларын жылдам жаттап алады. Мейірімді, көпшіл, қолындағы барын бөлісіп жүреді. Билеген кезде алдына жан салмайды әрі бауырмал, – дейді бізбен әңгімесінде тәрбиешілер. Қазы Дәрменовтер отбасы Өзбекстан Республикасының Навои облысына қарасты Кенимех ауданынан 2011 жылы атамекенге көшіп келіпті. 82 жастағы Қазы атамыз зейнетке шыққанша жүргізуші болып еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қазыналы қария. Зайыбы Дәмеш екеуі Жәмилә, Әлия және Ақылбек есімді ұл-қызды тәрбиелеп, олардың өмірден өз орындарын табуына ықпал етті. Алайда, тағдырдың жазуымен Дәмеш апайдың асын беріп жатқанда жалғыз ұлы – Ақылбектен 2003 жылы, қызы Әлиядан 2012 жылы айрылып, қайғыдан бүк түскенде қарияның жанына Астана есімді шөбересі қуат берген секілді. Жалғыз ұлының балалары – Асылбек пен Шыңғыс. Немересі Асылбектен – Астана мен Иманғали болса, қарияның қабағына кірбің түсірмей, күтімін жасап отырған келіні Гүлнараның тәрбиелі отбасынан шыққандығы көрініп-ақ тұр. – Туған жер қасиетті ғой. Атамекенге деген сүйіспеншілік бізді туған жерге алып келді, қарағым. Елбасының ерен еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақ елі әлемге танылды. Астана қаласы – ел мақтанышына, өсіп келе жатқан жастардың арман қаласына айналды. Отанымыздың жүрегі – Астана десе ертегілер елі, ғажайып Иран бағы көз алдымызға елестейді. Еліміздің мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіріп отырған Елбасының ерен туындысы – Астана қаласының құрметіне 2010 жылы қаңтар айының 28-і күні өмірге келген шөберемнің есімін Астана деп қойған болатынмын. Сондықтан Астана есімді шөберем болашақта еліне адал қызмет ететін азамат болып өссе, үмітімнің ақталғаны деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді қария.
Гүлшаһар Әбдіқұлова, журналист.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді