немесе Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған ұлы оқымысты бабамыз Әл-Фараби кесенесіне зиярат тағылымдары
Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 5-7 қарашада Сирия Араб Республикасына жасаған ресми сапары кезінде Дамаск қаласында Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығы мен кесенесінің құрылысын салу, Сұлтан аз-Захир Бейбарыс кесенесін қалпына келтіру туралы игі бастамалар көтергені белгілі. Ал келесі жылы Қазақстан мен Сирия Үкіметтері Елбасымыздың осынау игі бастамаларын іске асыру жөнінде арнайы келісімге келді. Сөйтіп «Қазқайтажөндеу» мекемесі мен сириялық «OSOS» құрылыс компаниясы жобаларды іске асыруға кірісіп, 2012 жылдың 30 тамызында құрылыс жұмыстарын аяқтап шықты.
Бірақ өкінішке қарай, 2011 жылы Тунис, Египет, Йемен, Ливия, Сирия елдерінде «Араб көктемі» деген атқа ие болған халық толқулары басталып, оның арты Сирия елінде сегіз жылға созылған әскери қақтығыстар мен халықаралық терроризмге қарсы күреске ұласты. Соңғы кезде «ДАИШ» лаңкестерінің беті қайтып, Сирия жерінде бейбіт өмірге қайта оралу үміті пайда бола бастады. Міне, осы сәтті пайдаланып Қазақстан тарапы да Әбу Насыр Әл-Фараби Орталығының соғыстан кейінгі хал-жағдайын білуге мүмкіндік алды. Қыркүйек айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, кинорежиссер Сергей Әзімовтің түсіру тобы және Qazaqstan ұлттық телеарнасы атынан Дархан Әбдіков басшылығындағы түсірілім тобы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре арнайы іссапармен Дамаскіде болды. Делегация басшысы академик Ғалымқайыр Мұтанов Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алаби мырзамен кездесуінде ұлы бабамыздың жатқан жеріне салынған ғимаратты аса қиын соғыс кезінде сақтап қалуға атсалысқандары үшін зор алғыс айтып, ризашылық білдірді. Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті және қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізді. Жиын қорытындысы бойынша халықаралық академияның дөңгелек үстел өткен үлкен залын бұдан бұлай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал» деп атау жөнінде шешім қабылданды. Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бейбарыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарихи-мәдени орындарды бейнетаспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол бейнематериалдар жинады. Қазан айының 30-ы күні әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындық жасау және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Дамаскіде салынған әл-Фараби орталығы 2020 жылғы қаңтар айында салтанатты түрде ашылатындығын мәлімдеді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қайрат Лама Шәріп Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына дайындық жасау және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасымен Сирияға іссапармен барды. Делегация құрамына Сыртқы істер, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері мен «Қазқайтажөндеу» мекемесінің мамандары да болды. Сапар мақсаты Дамаск қаласындағы әл-Фараби тарихи-мәдени орталығын 2020 жылы салтанатты ашудың хаттамалық-ұйымдастыру мәселелері төңірегінде Сирияның мүдделі министрліктерімен келіссөздер жүргізу болатын. Алғашқы ресми кездесу Сирия Араб Республикасының Сыртқы істер министрлігінде өтті. Министрдің орынбасары Фейсал әл-Меқдад біздің ел басшылығына Астанада Сирия бойынша келіссөздердің өткізуіне барлық жағдайлар жасағанына, Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешуге атсалысқаны үшін шынайы алғысын білдірді. Ол Сирия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Өз кезегінде Қайрат Лама Шәріп Қазақстан мен Сирия арасындағы ынтымақтастықтың тарихи тамыры тереңде жатқанын сөз етіп, 2020 жылы Дамаскідегі әл-Фарабидің орталығын ашудың хаттамалық-ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Фейсал әл-Меқдад әл-Фарабидің 1150 жылдығын Сирияда бірлесіп атап өтуге дайын екендігін білдірді. Сирия Араб Республикасының Жоғарғы білім министрі доктор Бассам Башир Ибрахиммен кездесу барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің хаты сириялық әріптесіне табыс етілді. Хатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2020 жыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналады деп жарияланғаны хабарланған. Осыған байланысты, еліміздің Мемлекеттік хатшылығының төрағалығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына даярлық және оны өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылғанын, әл-Фараби мұрасының танымал болуына ықпал етуге, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және пәнаралық зерттеулерді жандандыруға бағытталған әртүрлі халықаралық іс-шаралар өткізілетіні атап айтылды. Сирия Жоғары білім министрі Бассам Башир Ибрахим хатты зор ілтипатпен қабыл алып, 2020 жылғы қаңтар айында Дамаск қаласында ғылыми-практикалық конференцияны бірге өткізу туралы шешім қабылдады. Сапар барысында Қайрат Лама Шәріп Сирияның Мәдениет министрін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мазмұнымен таныстыра отырып, әл-Фараби ойлап тапқан «Канун» аспабында ойнайтын жас музыканттарды даярлау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ Сирия Араб Республикасының Ішкі істер министрі, генерал Мұхаммед Халед ар-Рахмунмен Дамаск қаласының көне ауданында жаңадан салынған әл-Фараби орталығы ғимаратының күзетін күшейту жөнінде келіссөздер жүргізілді. Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алабимен әл-Фараби орталығының салтанатты ашылу рәсімін ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Осыған орай, Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесу барысында әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, кітап және фото көрмелерін өткізу туралы уағдаластық жасалды. Сонымен қатар Сирияның бұқаралық ақпараттар құралдарына сұхбат берілді. Дамаск қаласында әл-Фараби атында көше бар екен. Көшенің басына әл-Фарабидің ескерткіші орнатылған. Осынау салтанатты көшенің бойында шетел елшіліктері мен тұрғын үйлер орналасқан. Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын 70-ке жуық елде 250-ден астам іс-шаралармен атап өту туралы ұсыныстар енгізді. Солардың ішінде Қазақстанның Каирдегі Елшісі Арман Исағалиев «Қазақфильм», Мысыр, Сирия, Ирақ киностудиялары бірігіп, әл-Фараби туралы көркем фильм түсіру туралы өз ойын айтты. Дамаск қаласында орналасқан Ұлттық кино ұйымының Бас менеджері Мурад Шахин де әл-Фараби өмір сүрген төрт мұсылман елдерінің киностудиялары Шығыс ойшылы туралы көркем фильмді түсіруге атсалысуға дайын екендігін жеткізді. Әл-Фарабидің мерейтойы – әлем оқымыстыларының тойы. Ендеше, тарихы екі мың жылдан асатын Тараз қаласын Отырар (Фараб), Баласағұн, Шам, Бағдат, Мысыр және Дамаск шаһарларымен тағдырлас, тамырлас десек, әлемде Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мерейтойын облысымызда да кеңінен атап өткен ләзім.
Көсемәлі Сәттібайұлы
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді