Жеңілдігі барлар көлікте тегін жүре алмауда

Жеңілдігі барлар  көлікте тегін жүре алмауда
ашық дереккөз
Жеңілдігі барлар көлікте тегін жүре алмауда

Таразда жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде биыл маусым айынан бері дүрлігу тыйылмай келеді. Ол қалай басталды? Қалалық газетте 14 мамырда «Жолаушылар назарына!» деген хабарландыру жарияланды. Онда: «Тараз қаласы бойынша жолаушы тасымалдау ассоциациясы мүшелерінің қатысуымен 16 сәуірде өткізілген мәжілістің №2 хаттамасына сәйкес 5 маусымнан жеңілдік және тегін жүру рұқсаты күшін жояды. Осыған байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, Ауған соғысы ардагерлері, көп балалы аналар, Алтын, Күміс алқа иелері, Чернобыль апатына қатысқандар және олардың жесірлері, облыстың, қаланың Құрметті азаматтары, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің және қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, қалаішілік автобус бағыттарында 25 жыл жұмыс істеген зейнеткер жүргізушілер қалалық шағын автобус бағытында 55 теңге, автобус бағытында 45 теңге төлейді» деген аталған ассоциация. Бұл хабарландыру автобустар ішіне де ілінді. Содан маусым айының 5-інен қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары «ақсақал, ардагер демей, апа, әже демей» кез-келгеніне жекіп, жолақы талап ете бастады. Үлкен кісілер көпшілік көзінше ұятқа қалды.

Мұның алдында ғана, 24 мамырда қала әкімдігінде жолақыны қымбаттату және жолаушылардың белгіленген санатындағыларға қарастырылған жеңілдіктердің алынып тасталуы туралы мәселеге байланысты жиын өткен болатын. Сол жиынға қала әкімі Нұржан Календеров те қатысты. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев жиын барысында «Биыл тариф көтерілмейді. Жолақы мәселесін келесі жылдан бастап қарастырамыз. Бастапқы баға сол қалпында қалады» деп кесіп айтқан еді. Жеңілдіктерді алып тастау туралы талаптар да қолдау тапқан жоқ. Бірақ, жеңілдікке ие, яғни, қоғамдық көліктерде бірыңғай тегін жүру билеттері бар ақсақалдардан жолақы сұрап, шу шығару жалғаса берді. Кейбірі ренжіп төлесе, кейбірі төлемей ұрыс-керіске тап болып, жүйкелерін тоздырып келеді. Соның бірі – еңбек ардагері, ІІ топтағы мүгедек, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сапарбек Садуов. Ол маусым айында қоғамдық көліктерде бірыңғай тегін жүру билетін автобус жүргізушілері мойындамаған соң, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасарына арыз түсіреді. Осы арызды қараған Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б. Жақсылықов: «...2014 жылдың маусым айының 6 жұлдызында қаланың тасымалдаушы мекеме басшыларымен өткізілген жиналыстың №2 хаттамалық шешіміне сәйкес, қолданыстағы бірыңғай тегін жол жүру билеттері қалдырылды» деп 23 маусымда арыз иесіне жауап қайтарған. Алайда, бұл да қағаз күйінде қалған күші жоқ жауап болып шықты. Сапарбек ақсақал енді лаждың жоғынан қала әкімі мен облыстық «Ақ жол» газетіне арызданып отыр. Себебі, тамыз айынан бастап автобустарда тиісті жеңілдіктерін пайдалана алмай, көлік жүргізушілері мен кондукторлардан ауыр сөз естіп, көңілі әбден қалыпты. Біз қалалық ардагерлер кеңесіне барып, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бек Есжановпен жолықтық. – Біздің ардагерлер кеңесінің 60 мүшесі бірыңғай тегін жол жүру билетін алған. Оны пайлану мерзімі 2014 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген. Бірақ, ардагерлерімізді көлікпен тегін жүргізбеуде. Автобус жүргізушілері қарияларды балағаттап, желкесінен алып қуып шыққандай болуда. Автопарктерде ақша жетпей жатса, оларға бюджеттен дотация беру керек шығар. Жалпы, бұл мәселені әкім шешуі тиіс, – деді ол. 1935 жылы туылған Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Есіркепов Садыхан ақсақалмен тілдестік. Ол: «№55 автобусқа мініп, кондуктор келіншекке бірыңғай тегін жүру билетімді көрсетіп едім, қолына алды да бұтының астына тығып қойып, «жолақыңызды төлеңіз. Әйтпесе, билетіңізді бермеймін» деді. Жұртшылықтан ұялған соң ақшамды төлеп кеттім. Әскерде екі ұлым қайтыс болған. Соны ескеріп, маған соғыс ардагеріне теңестірілген куәлік берген. Оған пысқырып та қараған жоқ әлгілер. Ал, билетіне сеніп, үйінен ақша алмай шыққан ардагерлер автобус иелерінің небір жаман сөздерін естіп, қатты қапа болуда», – деді болған жайды қынжыла әңгімелеп. Қазір қоғамдық көліктерде «ҰОС ардагерлері (ҰОС ардагерлеріне теңестірілген санаттар жарамайды) және І топтағы мүгедектер, зағиптар, «Алтын алқа» иелеріне тегін жол жүру құқы беріледі» деген жарнама ілінген. Бір топ Ауған соғысының ардагерлері «Қоғамдық көліктерде бірыңғай тегін жол жүру билеттеріміз неге жарамсыз» деп ашуға булығып, қалалық әкімдікке де келді. Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы А. Есеналиевке арыз жолдады. «Қаладағы қоғамдық көліктерде Ауған соғысы ардагерлері, солардың жесірлері және Алтын, Күміс алқалы аналар мен автобус жүргізушілері арасында ұрыс-керіс. Тіпті, жүргізушілер ардагерлердің, аналардың жағасынан алып, балағаттап, «жолақысын төлейсіңдер» деп дөрекілік көрсетуде. Кейбір көлік жүргізуші төбелесуге дейін баруда. Оларға тәртіптік шара қолдануыңызды сұранамыз» деп бірқатар автопарктің бағыттық автобустарының нөмірлерін тізіп жазыпты. Қысқасы, ауғандық ардагерлермен 12 тамызда қала әкімінің орынбасары Жақсылық Сапаралиев және автопарк басшылары кездесіп, пікірлесті. Нәтижесінде ауғандық ардагерлерге 1 қазанға дейін қоғамдық көліктерде тегін жүруге рұқсат берілетін болған. Бұл мәселе 20 тамызда сағат 11-де қалалық мәслихаттың сессиясында да талқыланып, қала әкімі Н. Календеров қоғамдық көліктегі жолақы тарифі мен жеңілдіктердің жыл аяғына дейін өзгермейтінін айтты. Алайда, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық автобустарда жеңілдігі бар ардагерлерден жолақы талап ету әрекетінің жалғасып жатқаны түсініксіз. – 21 тамызда №27 (Н 538 СК), №23 (Н 182 СК), №37 (Н 892 СК), №38 (Н 889) бағыттық автобустар жүргізушілері Ауған соғысы ардагерлерін «сендерге берілген жеңілдік күшін жойған» деп жолақы төлеуге мәжбүрледі. №29 және басқа да бағыттық автобустарда да қолында қалалық әкімдік берген бірыңғай тегін жүру билеті бар ардагерлерге «жолақы төлейсіңдер» деп байбалам салуда. Бұл ырду-дырду жағдай қашанғы жалғаса бермек? – дейді таусыла, жоғарыда аталған бірлестік төрағасы Дүкенбай Ермеков кеше редакциямызға арнайы келіп. О баста, Тараз қаласы бойынша жолаушы тасымалдау ассоциациясы (басшысы Асқар Жанұзақов) осы жайды алдымен қала әкімдігімен кеңесе отырып, ел-жұртты дүрліктірмей шешуіне болмас па еді?! «Атқарушы биліктің шешімін тыңдамайтын бұл қандай мықтылар?» деп ардагерлер үш айдан бері редакциямызға арызданып келуде. Оларға біз қандай уәж айта аламыз? Түйіні тарқатылмай тұрған қазіргі және келешектегі мәселе оңды шешімін табады деген сенімдеміз. Сол үшін де ел ағалары билік басында отыр емес пе?!

Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар