Қазақ елімен бірге жасай береді

Қазақ елімен бірге  жасай береді
ашық дереккөз
Қазақ елімен бірге жасай береді

Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков дүниеден өтті.

2

Атпал азамат 76 жасқа қараған шағында 15 тамыздан 16 тамызға қараған түні қайтыс болған. Бұл қаза бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырып, әрбір жүректі сыздатары анық. Өйткені, азаттықтың ақ таңы астында көк Туымыздың асқақ желбіреуінде Шәкен ағаның сіңірген еңбегі де менмұндалайды.

Көк байрағымыз көкке көтерілген сайын жамбылдықтардың жүрегін қос қуаныш кернейді. Оның біріншісі – тәуелсіз еліміз бен оның айшықты белгісі Туымызға деген мақтаныш болса, екіншісі – сол көк байрағымыздың авторы, облысымыздан түлеп ұшқан еліміздің тұлғалы перзенті Шәкен Ниязбековке деген мақтаныш. Кіндік қаны киелі Әулиеата жерінде тамған, балалық шағы мен жастық дәурені Тараз қаласында өткен ағамызбен жетпіс жасқа келген мерейтойы кезінде біздің тілшімізге сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сонда ағамыз көк Туымыздың қалай өмірге келгенін жүректі тебіренте отырып, былай баяндап берген болатын. «...Күндіз-түні қалың ой құшағында жүрдім. Тәуелсіз қазақ елінің көк байрағы қандай болуы керек? Әрине, ол халқымыздың ерлік пен өрлікке толы тарихи тамырымен үндестік табуы тиіс. Тудың келбетінен ұлтымыздың, халқымыздың болмысы көрініп тұруы керек деп ой түйдім. Ойлана келе ұлттық бояудың реңі ретінде көк түсті таңдадым. Өйткені, ол – әуелі өзіміздің Көк Тәңірінің түсі. Ол ынтымақ пен бірліктің, бейбіт өмірдің белгісі саналатын ашық аспанға меңзейді. Күн образы арқылы еліміздің дархан даласындағы байлық пен берекені, қазақтың күндей жылы мейірімділігі мен ақпейіл, дархан мінезін бергім келді. Халқымыздың қанында бар қаһармандық пен мәрттікті, биікке ұмтылысымызды зеңгір көкте қалықтаған қыран арқылы бейнелегенді жөн көрдім. Қошқар мүйізді ою рухани болмысымыздың бір арнасы болып үн қатсын деп түйдім. Міне, мемлекеттік Ту осылай пайда болған еді». Содан бері де жылдар жылжып өтті. Бүгінде көк байрағымыз Ақорданың төбесінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында асқақтай желбіреп тұр. Аспан түстес Туымыздың астында Тәуелсіздігіміздің аясында ғаламат жетістіктерге қол жеткіздік. Көк байрағымыздың аясында әлі талай асуларды алатынымызға да сенімдіміз. Алайда, Шәкен ағамыз енді ортамызда болмайды. Бірақ, Мәңгілік Тәуелсіз еліміз барда, оның көк аспанында Көк Туымыз асқақ желбіреп тұрғанда Шәкен ағаның рухы қазақ елімен бірге жасай береді!

Ұқсас жаңалықтар