Соңғы қоңырау салтанаты оқушылар үшін оқу жылын қорытындылап, сыныптан-сыныпқа көшкенін білдіретін, бір жасқа есейгенін сездіретін қуанышты мереке. Ал жас түлектер үшін үлкен өмірге қанат қағатын толқынысты, тебіреніске толы сәт. Олай дейтініміз, мектеп бітірушілер балалық балдәуреннің бір белесін артқа қалдырады. Олар бұл күні шын мәнісінде, күміс қоңыраудың сыңғырлаған үнін соңғы рет естиді. Өз өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, таңдау жасайды, шешім қабылдайды. Қамсыз, уайымсыз шақ артта қалады.Биыл облыстағы жалпы білім беретін 446 мектепті 222 801 оқушы аяқтады. Соның ішінде 8796 мектеп бітіруші түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басты. Олардың арасында оқуда озаттары да бар. Атап айтсақ, 328-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 245-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Дерекке сүйенсек, биыл үміткерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Бұл – олардың он бір жыл бойы жиған білімдерінің жемісі.
Жылдағы үрдіспен сынып жетекшілері мен түлектер соңғы қоңырауды ерекше салтанатпен атап өтуге ұмтылатыны белгілі. Ән мен жырға бөленген салтанатты шара, әсіресе Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының шәкірттері үшін ерекше болды. Қолайлы орта, тиісті жағдай жасалған соң шығар, екі жыл бұрын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта салынған бұл білім ордасының оқушыларының қол жеткізген жетістіктері де көп. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы білім ордасында өткен соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысты. – Оқу жылының аяқталуы біз үшін айтулы күнге айналды десек те болады. Жыл сайын оқушыларымыз халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысып, облыстың білім саласындағы көрсеткішін жоғары деңгейден көрсетіп келеді. Осындай додаларда бақтарын сынаған 245 оқушының 124-і жеңімпаз атанып, 28 алтын, 32 күміс, 64 қоланы қанжығаларына байлап қайтқаны – осыған дәлел. Ал республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл 6 мектебіміз «Ең үздік олимпиада мектебі» атанса, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыс қорытындысы бойынша облыс командасы 7 жыл қатарынан «Үздік команда» атағын қорғап қалды. Жалпы облыста орта білім көрсеткіші жаман емес. Бұл – ұстаздардың еңбегі, – деген Асқар Исабекұлы мектеп бітіруші түлектерге құтты қадам, сәтті сапар тіледі. Тараздық мектеп бітірушілер үшін биылғы соңғы қоңырау салтанаты ерекше есте қалары анық. 25 мамыр күні жас түлектер биыл пайдалануға берілген Жастар аллеясындағы Білім алаңында бас қосты. Сән-салтанаты жарасқан үлкен шарада мектеп бітірушілерге облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, өңірлік ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырзағали сәт-сапар тілеп, ізгі тілектерін арнады. «Жастар – біздің болашағымыз. Қазақстанның әлемдегі 30 елдің қатарына кіруі үшін сіздер алған сапалы білім, саналы тәрбиелеріңіздің арқасында үлкен үлес қосады деп сенеміз. Өскелең ұрпақтың білім алуы үшін мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Елімізде бұрын жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін 54 мың грант бөлінген болса, өткен жылы тағы 20 мың грант қосылды. Жыл сайын мектеп түлектерінің жоғары білім, орта кәсіптік білім алуларына үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Бүгін білімді жастар тағы да бір кезекті оқу жылын аяқтап, мектеп түлектері үлкен өмірге қадам басып отыр. Тараздық түлектер облыс әкімінің бастамасымен ашылған Білім алаңында соңғы қоңырау салтанатын өткізуде. Бұл жастардың түрлі іс-шараларын осында өткізсін деген ниетпен ашылып отыр», – деген облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова енді жыл сайын соңғы қоңырау салтанатын осында өткізу дәстүрге айналатынын айтты. Мектеп бітірушілердің шат-шадыман жүзіне қарап, бұл сәттің олар үшін қаншалықты қымбат екенін сезінесіз. Бұл күні Білім алаңына облыстың ең үздік оқушылары жиналды. Түрлі білім додаларында топ жарған жас дарындардың қол жеткізген жетістіктері де көп. Осындай ерекше форматтағы салтанатты шара солардың құрметіне ұйымдастырылды. Иә, жамбылдық жас таланттардың жетістіктерімен мақтануға да болады. Солардың арасында 70 түлектің жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алғанын ерекше атап өткен жөн. Оның 35-інің шетелдегі таңдаулы оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндігі бар. Оның 9-ы Назарбаев университетіне, 35-і Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша және Ресей елдерінің, 26-сы республиканың жоғары оқу орындарына шақырту алған екен. Қазірдің өзінде өз білімдерін дәлелдеп, халықаралық, республикалық шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанғандарының саны – 103. Бұл күні мектеп түлектері оқудағы жетістіктерімен қатар, шығармашылық, спорттық бәсекелерде топ жарып, үздік шыққандары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оқушылар ән айтып, би билеп алаңды думанға бөледі. Жалпы алғанда оқушылардың әрбір жетістігі тікелей ұстазына байланысты. Солардың берген дұрыс бағдарының арқасында шәкірттер осындай белестерді бағындырып отыр.
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Камила Борашова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді