Еліміздің мемлекеттік еңбек инспекциясы республика көлемінде кəмелетке толмағандардың еңбек құқығына қатысты көптеген заң бұзушылықты анықтаған. Жасөспірімдер күші әсіресе арампиғылды кəсіпкерлер үшін таптырмас олжа болып тұр. Жалақыны аз береді, салық пен зейнетақы аударымдарын жасамайды. Неліктен жасөспірімдер уақытынан бұрын табыс табуға бейіл? Оларды жұмыс берушілер қалай пайдаланып жүр? 2009 жылдан бері ойын-сауық орталықтарында жас жеткіншектерді тартқандарға жаза қолданылып келе жатқаны белгілі. Балалардың еңбегін қанауға қарсы қолданылған шаралардың көптігіне қарамастан, жас ағзаға зиян келтіретін орталықтарда кəмелетке толмаған азаматтардың қызметі неліктен тоқтамайды? Мекеме басшыларына осы сауалды қойғанда, кіші буын өкілдеріне көмек қолын созу мақсатында жұмыс беретінін алға тартқан. Ал басқа түскен қиыншылықтардың əсерінен ерте жастан жұмыс істеуге мəжбүр жасөспірімдердің еңбек құқығы қаншалықты қорғалған? Аталған тақырып аясында зерттеулер жүргізіліп, туындаған мəселенің алдын алу мақсатында елімізде жыл сайын «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясы жүргізіледі. Аталған жайттар облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен мәслихатта айтылды. Онда облыс әкімдігі еңбек инспекциясының инспекторы Айгерім Мұстафаева, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нүркен Абдуллин және облыстық білім басқармасының бала құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Маржан Арын баяндама жасады. Нүркен Абдуллиннің айтуынша, 1-12 маусым аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өтеді. Бала еңбегін пайдалану, оның салдары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және ұлттық заңнама негіздері туралы қоғамды ақпараттандыру мақсатында жүргізілетін акция биыл «Еңбектен бос балалық шақ» тақырыбында ұйымдастырылмақ. Ал Маржан Сейілханқызы өз баяндамасында былтырғы «Нұрлы болашақ» ұранымен өткен науқандағыдай, «Отбасыда зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды іс-шаралары биыл да ұйымдастырылатынын баса айтты. Жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғайтын Еңбек заңнамасына сәйкес, мəжбүрлі еңбекке тыйым салынады. Еңбек кодексі бойынша жеткіншектер 16 жастан бастап қызмет істей алады. Мектепті тəмамдаған жағдайда балаға 15 жастан, оқу үдерісінде денсаулығына зиян келтірілмесе, 10-14 жастан жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Киномотогрофия, цирк, шығармашылық салада болса, ата-ананың рұқсатымен бұл жас шамасынан төмен кезде де табыс табуына болады. Дей тұрғанмен 16 жастан кіші жасөспірімдер еңбек шартына ата-анасы, асыраушысы немесе қамқоршысымен бірге қол қояды. – Денсаулық сақтау жəне Əлеуметтік даму министрлігінің заңнамасы бойынша 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын 35 өндіріс, 68 кəсіптің түрі белгіленген.Аталған азаматтардың жалақысын реттеу барысында жұмыс берушілер ҚР Еңбек кодексінің 103-бабын басшылыққа ала отырып айқындалған жұмыстың нормасы мен еңбек міндеттемесін толық орындаған жұмыскерге Қаржы заңында белгіленген айлық мөлшерін төлеу керек. Жастар еңбегін қамтамасыз ету барысында бала құқығы бұзылған жағдайда полиция басқармасының қатаң бақылауына алынады, – дейді полиция бөлімінің аға инспекторы Нүркен Абдуллин. Бала құқығын қорғауда Еңбек басқармасының құзыреті жүрмейтін тұстарын Айгерім Мұстафаева атап өтті. – Қазіргі таңда бизнес құрылымдарында қызмет атқарып жүрген азаматтар қатары мол. Өзінің табысын кəсіпкерлікпен тауып жүрген жасөспірімдерді Еңбек инспекциясы өз басқармасымен тексеруге мүмкіндігі жоқ, – дейді ол өз сөзінде. Мәселен, алдыңғы жылы өткізілген ішінара тексеріс барысында мұндай арыз-шағым түспеген. Негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабына сəйкес, кəмелетке толмаған азаматтарды заңсыз жұмысқа алса, лауазымды тұлғаларға 50, коммерциялық ұйымдарға 80, орта кəсіпкерге 150, ірі кəсіпкерлік субъектісіне 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады екен. Баспасөз мәслихаты соңында баяндамашылар қойылған сауалдарға жауап берді.
Балым ӨСКЕНБАЙ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді