Тайып Ердоған Түркия президенті

Тайып Ердоған Түркия президенті
ашық дереккөз
Тайып Ердоған Түркия президенті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанға президенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Онда Елбасы Режеп Ердоғанды Қазақстан халқының және жеке өз атынан Түркия үшін тарихи маңызы бар сайлаудағы жеңісімен құттықтады. «Сайлау нәтижелері Сіздің қоғамдағы беделіңіздің, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруге және Түркияның халықаралық орнын нығайтуға бағытталған саясатыңызға көрсетілген кең қолдаудың айқын дәлелі болды», – делінген жеделхатта. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ердоғанның басшылығымен Түркия Республикасы халықаралық саясатта салмағы бар, жоғары дамыған елдердің біріне айналғанын атап өтті. Хатының соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жаңа президентіне зор денсаулық, жаңа қызметіне толағай табыс, ал бауырлас түрік халқына бейбіт өмір мен құт-береке тіледі. Естеріңізге сала кетсек, Түркияда президент сайлауының алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша Ердоғанға сайлаушылардың 52 пайызы дауыс берді. Ол басым дауысқа ие болғандықтан, елдің сайлау комиссиясы сайлаудың екінші кезеңінің өтпейтінін мәлімдеді. Елбасы Түркия Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы да сөйлесті. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Р.Ердоғанды 2014 жылғы 10 тамызда өткен жалпыхалықтық президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ, екі мемлекеттің басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен болашағын талқылады.

Ұқсас жаңалықтар