Бұл – шын мәнінде ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғамдағы барлық саланы қамтитындығымен бірегей саналады. Сондықтан оны қазіргі кезеңдегі ұзақмерзімді перспективалы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеологиялық платформасы деуге болады. Қоғамдық сананың жаңаруы ортақ әлеуметтік кеңістікте өмір сүріп жатқан халықтың қажеттіліктерімен тікелей байланысты жүретіні белгілі. Ал Қазақстан азаматтарының қоғамдық санасының мазмұны олардың мүдделерімен, идеяларымен, құндылықтарымен үндес. Ол мәдениет, мінез-құлық тәжірибесі, салт-дәстүр, ғылым, адамгершілік императивін қоса алғандағы рухани негіздерге арқа сүйейді. Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бағытында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басшылығымен қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынған. Қазақ тілін латын әліпбиі негізіндегі графикаға көшіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы 25 жобаны іске асыру үшін 2 миллиард 472 миллион 750 мың теңге қаржы қажет. Былтыр қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 9 жобаға 321 миллион 600 мың теңге бөлді. Ал облыстық жобалық офиске «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Олардың жалпы құны 374 миллион теңгені құрайды. Аталған жобалар демеушілердің көмегімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Арман Жұмабаев темір жол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға 150 миллион теңгеге көмек көрсетіп, «Арайстроймаркет» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаев «Атшабар» скверінің құрылысына 224 миллион теңге жұмсады. Сонымен қатар «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бойынша былтыр жаңадан туған сәбилердің ата-аналары 500 түп ағаш отырғызса, биыл тағы 6200 түп шыбық тігіп, қала жасыл желекке малына түсті. Мұның бәрі көне шаһарды көркейте түскен игі шаралар десек, артық айтпаймыз. Бағдарламаның «Туған жер» жобасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға өңірлерді де белсенді тартуда болып тұр. Облыстар шағын қалалар, аудан, қала берді әрбір елді мекенді көркейтуге ұмтылуда. Бұл ретте кәсіпкерлердің, меценаттардың азаматтық белсенділігі бізге көп көмегін тигізіп отырғанын айтқан жөн. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік арқылы көрсетілген патриотизм – ұлттық-генетикалық кодтың негізі. Былтыр осы «Туған жер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова өз бастамасымен Жолдыбаевтар отбасына (екі мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған жасөспірімді тәрбиелеп отыр) автокөлік табыс етті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы С.Дөненбаевтың демеушілігімен шаһарда «Ғибрат» орталығы ашылды. 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай осы игі бастамалардың жалғасы ретінде «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаев, «Альтаис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаев Тараз қаласының Тұрғановтардың, Әбілбашировтердің отбасына пәтер кілттерін табыс етті. 2017 жылы «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өз қаражатына «Мыңбұлақ» шағын ауданында әмбебап заманауи спорттық алаңшасын салып берген болатын. Соның арқасында 25 бала бір мезгіл волейбол, баскетбол, шағын футбол ойнауға мүмкіндік алды. Мұндай игі бастамаларға үн қосып жүретін меценаттар қатарында қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан да бар. Ол «Самал» шағын ауданында 25 және 30 үйлердің ауласына бейнекамераларды орнатып берді. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге оның ішінде Тараз футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін оқу грантын тағайындады. Бұдан өзге «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жеке кәсіпкер Сейітхан Жошыбаев 7638 миллион теңгеге 3800 тұрғынды тегін дәрігерлік тексеруден өткізсе, «Жасұлан и К» ЖШС-ның директоры Ж.Омарова аз қамтамасыз етілген бір отбасының баласының жоғары оқу орындағы 5 жылдық оқу ақысын төлеп берді. Біздің арамызда мұқтаж жандарға қолұшын созып, көмек көрсетіп тұратын нағыз азаматтар баршылық. Былтыр тамыз айында солардың бірқатары қалалық Мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атанып, салтанатты жағдайда марапатталды. Осы жиында «Батыл жүрек» аталымын қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің жол қауіпсіздігі полициясының аға лейтенанты Самат Алашев, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды және акцияларды тиімді жүзеге асырған, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізген, қоғамдық маңызы бар шараларға демеушілік жасаған «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов «Жылдың үздік ұйымы» аталымын иеленді. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» аталымының сыйлығы «Логитех» ЖШС-ның директоры Антон Скрамовскийге табысталды. Ол «Қауіпсіз мектеп» пилоттық жобасы бойынша А.Пушкин атындағы № 41 көпсалалық гимназиясына 4 миллион 436 мың теңгеге 4 турникет орнатып берген болатын. Былтыр «Достық» үйінде қала және көрші өңірдің, қазіргі Түркістан облысының кәсіпкерлерінің қатысуымен «Тараздың түрленуі» атты іскерлік-әріптестік форум өткені белгілі. Ауқымды жобалар аясында мәдени-іскерлік орталық пен «Шахристан» Көне Тараз, Тектұрмас кешендерінің таныстырылымы өтіп, коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер 800 000 000 теңгенің меморандумына қол қойды. Осы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарды жұртқа жеткізу үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша ақпараттық саясатты іске асыру бағытында қалалық «Jambyl Taraz» газетінде бағдарламалық мақаланы ілгерілету тармақтары қосылған. Атап айтқанда, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Жаңғыру», «100 жаңа есім», «Атамекен», «Руханият», «QAZAQ TILI», «100 KITAP», «100 новых лиц Казахстана» атты арнайы айдарлар ашылып, 271 мақала жарияланды. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс шеңберінде (1 785 714) облыстық мәдени-танымдық «Білім және Өнер» журналына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іске асырылу барысын саралаған сараптамалық материалдар, ой-пікірлер мен журналистік зерттеулер, ақпараттық материалдар жарияланды. Ақпараттық агенттіктерде («AQ JOL AQPARAT», «77 News», «ZhambylNews», «Turaninfo.kz», «ec-sport.kz») 125 тақырыптық мақала, әлеуметтік желілерде («Facebook», «Vkontakte», «Instagram» және т.б.) 126 материал орналастырылды. Сонымен қатар мақала аясында «Facebook» әлеуметтік желісінде «Рухани жаңғыру Тараз қаласы» атты арнайы парақша ашылып (5000-ға жуық адам жазылған), 80 жазба салынды. Облыстық «JAMBYL» және «77 TV» телеарналарының «Жаңалықтар» бағдарламасынан 259 сюжет («Жаңа әліпби жаңғыру негізі», «Тарихи мекен туристік кешенге айналады», «100 жаңа есімге» лайықты жанмен жүздесу», «Туған жерге туыңды тік!», «Рухани жаңғыру ұрпақтар сабақтастығы», «Рухани жаңғыру ұлт болашағы» және тағы басқа тақырыптармен) көрсетілді. Ал қала әкімдігінің (taraz-gov.kz) ресми сайтында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы (екі тілде) мен логотипі орналастырылып, 54 материал жарияланды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде блогерлердің жұмысын жүргізуге қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, электронды конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталған соң тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар қалалық жобалық офисті бөлек ұйым ретінде құрып, қаржыландыру мәселесін қарастыру көзделуде.
Қайрат Досаев, Тараз қаласының әкімі.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді