Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматтары түрлі себептермен шетелдерге кетіп жатқандары белгілі. Олардың ішінде сот шешімімен ел аумағынан шығуға тыйым салынған тұлғалар, яғни алимент, салық төлеуден бас тартқандар және банк алдында өтелмеген несиелері бар тұлғалар да бар. Солардың қатарындағы азаматтар мемлекеттік шекараны заңсыз өтіп, Бішкектегі «Манас» әуежайы арқылы Қырғыз Республикасы аумағынан үшінші елге ұшып кетуге ұмтылған фактілері тіркеліп отыр.
Алайда былтырдан бастап Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекара қызметі сыртқы көші-қон бірыңғай жүйесін (СКБЖ) енгізген болатын. Аталған жүйенің техникалық мүмкіндіктері Қырғыз елі үшін шетел азаматтарының, оның ішінде Қазақстан азаматтарының шекарадан кіріп-шығуын, электрондық визаларды беру тәртібін және келу мекен-жайы бойынша тіркелу тәртібін қадағалай алады. Шекараны заңсыз бұзушылар СКБЖН-тың бар екенін ескермей, әуежайдан ұшып кетпекші болған кезде қырғыз шекарашыларының қолына түседі. Себебі әуежайдағы шекара қызметі төлқұжаттағы шекарадан өту туралы барлық белгілерді тексере алады. Қазіргі таңда сыртқы көші-қон бірыңғай жүйесінің анықтауы бойынша жыл басынан бері қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз өтіп, көрші елде ұсталған 30-ға жуық азаматымыз тергелу үстінде. Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 358-бабы «Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту» бойынша ұсталған азаматтардың барлығына қылмыстық іс қозғалып отыр. Көрсетілген бапқа сәйкес, оларға қырғыз елінің 2200-ден 2600-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалуы мүмкін. Бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 100 сомға тең. Осылайша мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін Қазақстан азаматы 220 000-нан 260 000-ға дейінгі сом (1 200 000-1 400 000 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Егер ұсталған азамат міндеттелген соманы бір ай көлемінде төлемейтін болса, айыппұл мөлшері өсе береді. Егер екі ай көлемінде төленбейтін болса, сот айыппұлды 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырады. Аталған жағдайларда шекарадан заңсыз өтуге көмектесетін азаматтардың да үлесі бар. Олар өздерінің жеке пайдасын ғана ойлап, мемлекеттік шекарамыздың беріктігіне нұқсан келтіргенімен қоймай, қылмыстық жауапкершілікте іздеуде жүрген қылмыскерлердің де өтіп кетуіне ықпал етеді. Әлгі азаматтар соларға сыбайлас бола тұрып, ең бастысы – шекарадан заңсыз өтіп бара жатқан адамның тағдырын ойламайды. Өткен жылы шекарашыларымыз мемлекеттік аумақтан заңсыз өтуді ұйымдастыратын осындай үш қазақ, бір қырғыз азаматын ұстады. Төрт заңбұзушы Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал заңды түрде өту үшін мемлекетаралық келісім бойынша қазақ-қырғыз шекарасында орналасқан арнайы бақылау-өткізу бекеттері бар. Қорыта айтқанда, оңай жол іздеп, шекарамызды бұзып өтетін азаматтарымыз өздеріне де, елімізге де зиян келтіріп отырғаны анық. Өйткені қылмыстық жауапкершілікке алып келетін қате жол ешкімге пайда әкелмейді. Керісінше, мемлекеттік шекарамыздың беріктігі мен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бәріміздің ортақ, абыройлы міндетіміз болуы тиіс.
Мереке БАРМАНҚҰЛ, 2035 әскери бөлімінің офицері, аға лейтенант.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді