Тұлпарға мінген ұлы даланың, Тарпаң мінезді ұлы боламын...
- author «Ақ жол»
- 20 мамыр, 2019
- 670
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ.
КЕНТАВР
Тұлпарға мінген ұлы даланың, Тарпаң мінезді ұлы боламын. Жауларым семсер сілтеген сәтте, Қиылған талай гүлім, қарағым.
«Тереңдеп кеткен әжімің» деме, Бүгінге қарап қажыдым неге? Сұңқарлар анау торғайға түсіп, Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.
Бір ғажап рух ғарыштан келіп, Дұшпанмен бабам алысқан дедік. Сүйемдей жерге сүйегін берген Арыстар туып, намыстан өліп.
Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ, Ұйқыдан безем Күлтегін құсап. Келмейді мені мойындағысы Өркениеттік ділдегі ынсап.
Неғылсын сон-оу заманды надан, Жаулаған жарты ғаламды бабам. Толассыз уақыт толғату керек, Табанға салса адамды адам.
Болмауы тиіс мұратым мұңды, Толағай бір ұл туатын сынды – Кісі бейнелі, тарпаң жүректі, Кешегі… біздің ұғатын сырды.
Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі Бабалар бүгін түсіме енбейді. Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді?
Пұшайман халім өртеді мені. Қылқобыз кеудем шертеді нені? Жал бітті, кенет… жотама менің, Оқиғадағыдай ертегідегі.
Ғаламат солай басталып бір сәт, Құйғытып кеттім тастарды турап. Атылдым көкке жай сияқтанып, Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…
Алапам тасып, ақырып, төніп, Аруағымды шақырып келіп: Шығысқа қарай адырна тарттым, Жар болса Тәңір, ақырын беріп!
АЛМАТЫ
Сені Ару деп алдайды жұрт, Алдайды. Етегіңе қол жүгіртіп... Ар жайлы сөз қозғайды мына қоғам – оңбаған. Бататыны – сол маған!
Ару болсаң, неге сені сүймейді? Сүймейді олар. Жүрегі жоқ! И, мейлі. Біреулер жүр сатқысы кеп сені де, Атқысы кеп, Қолдан келсе, мені де.
Ұрлап кеткен сенің нәзік назыңды, Астана деп аталатын Тәжіңді. Сені сатса – айналасың ақшаға, Мені атса – жол ашылар басқаға!
Соны ойласам, от өзегім өртенді, Жапқым келіп жыртық-жыртық көрпемді. Көше бойлап ұлдарың тұр құл болған, Көше бойлап қыздарың тұр күң болған.
Биік-биік аласарып армандар, Биік-биік үй тұрғызып алғандар – Сенің ашық кіндігіңе қадалып, Үмітіме түкіреді Далалық.
Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап, Жат құшақта күнің өтті жаутаңдап. Ақындардың жесіріндей Алматы-ай, Ақындардың жесіріндей Алматы!
МҰХАММЕДТІ РАСТАУ
А, дариға, Батар Күнге бататын, Ант етейін атар таңға ататын. Күллі Әлемді тізерлетер алдыңа – Мына Менмін, айналайын, Отаным!
Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа, Қаламымды айырбастап қылышқа, Сенің қаның менің қаным болған соң, Ең бірінші мен кірермін ұрысқа. Мен туғанмын – Ер Мұхаммед өлген күн. Мен болмасам, жүрегіңді емдер кім?! Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі: Келеді деп… Келген ақын, сол – Менмін!
МЕНІҢ БӨЛТІРІКТЕРІМ
Ауылдан ауылға, Шаһардан шәріге тараған Менің бөлтіріктерім – шетінен абадан. Бәрі де жаралы! Жарасын жасырып жалаған. (Қаншық қоғам талаған!)
Соңымнан ергендер, Көргендер куә әлі. Ақ боран ап қашып дұғамды. Сере қар, көк мұзға қаныммен жазғанмын Мемлекетімнің «махаббаты» туралы.
Менің бөлтіріктерім (Бүгін...) көзі қанталап, Сыртымнан айбат шегеді анталап. Мұрагерлеріндей патшаның тәжінен үміткер, Әй, жігіттер! Қашаған ел едік тарихын тасқа көп, Жыр тәжі – Мономах тәжінен басқарек. Көтеріп тұруға ал оны Асаулау жүрек пен ақымақ бас керек!!!
ШЕБЕР
Шетсіз, шексіз ғаламға Жұлдыз шашып, Күн қадап... Ғұмыр берген адамға, Алла, Сізге – мың мадақ!
Қауыштырған өмірмен, Мейірімі зор орасан. Сізді көрем көңілмен – Қай жағыма қарасам.
Тағдырымның наласын Сізге ғана шертем мен, Көк пен Жердің арасын Шұғыламен көмкерген.
Бір ғаламат күй кешіп, (Жаратқанның жарлығы!) Тау мен дала үйлесіп, Теңіз, мұхит – барлығы.
Жанарыма сияды Балбұлақтың сылдыры. Көлдің көркем қияғы, Бақалардың былдыры...
Қар мен мұзың шекердей, О, не деген құдірет! Тас та сөйлеп кетердей, Көзің түссе бір рет. Жазираның самалы, Қыр сағымы балқыған, Сізді есіме салады Гүл жұпары аңқыған.
Сізде менің бесігім – Арман, аңсар, мұратым. Екі Дүния есігін Теңестіріп тұратын. (Қам қылыңдар, қамсыздар!..) Дархан, дара, серіксіз, Бүкіл жанды, жансыздар, Сізге мұқтаж еріксіз!
Мызғымайтын қазығым, Азан салам озаң ғып. Шебер Алла, разымын, Жіберсе де тозаң ғып.
Бәрі Сізден көктейді, Талғамыңа зиялы Ақын тілі жетпейді, Суретшінің қиялы.
Жалқы, жалғыз тірегім, Жаным қашан жай табад... Лүп-лүп соғар жүрегім, Есіміңді қайталап.
Он сегіз мың арсыны Нұрға бөлер лайым. Жүрегімнің бар шыны – Сізді сүйем, Құдайым!!!
Игілік
Ару сүйдім ерінімді күйдіріп, Шарап іштім шараяққа құйдырып. Соның бәрін жүрегіме сыйдырып, Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік.
Табанымды топырағың күйдіріп, Алпыс екі тамырымды идіріп, Сол баяғы алқам-салқам қалпымда Мен келдім ғой, айналайын, Игілік.
Анам қайда, ауызында тобасы, Әкем қайда... (жатыр әне моласы). Қоңыр мұңға қоңыр қобыз қосқандай, Жанарымның жаудыраған қарасы.
Ей, жанарымның жаудыраған қарасы, Әнеу бір жан жылап тұр ма, қарашы. Жесір жеңгем күліп шықса алдымнан, Жетім ұлдың жетілген ғой санасы.
Қалды сенде жастық деген жан әнім, Жан әнімнің неге жырттым парағын?! Алатаудай асқақ едім, Мен бүгін – Сені көріп аласарып барамын.
Жорытсақ та сонау күннің түбіне, Күңірене сұм фәниден түңіле. Бейбарыстай жусаныңа ынтығып, Саған жетіп жығылармыз түбінде.
Жығылармыз, Тағдыр заңы ол-дағы. Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы. Пәк қалпында алып кеткен жанымды Ақ қалпында қайтып берсем болғаны.
Көне Тараз
Ниет еткен мұсылмандай намазға, Ниет етіп ғазал төктім қағазға. Ғасырлардың саусағында нұр шашқан, Гауһар жүзік секілденген Таразға. Көне шаһар көз алдыңда көлбесе, Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе. Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса, Таразға кел, Таразды көр ендеше.
Ғашық жүрек жырға ынтық, гүлге әсем, Қожа Хафиз, мұңымыз бір, сыйлас ең. Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың Таразымның түйір тасын қимас ем.
Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған, Нәйдің назы, дутар сазы тараған. Шайханада қорқор тартып көпестер, Мәйханада мұңаяды марал ән.
Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген, Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен. Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа Пәранжасыз пүліш киген сылқыммен.
Серпі, уақыт, заманалар түнегін, Тарихыма тартып туған ұл едім. Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі, Рүстемнің елжіреткен жүрегін.
Ниет еткен мұсылмандай намазға, Ниет етіп ғазал төгіп қағазға. Ақтық рет қағылғанда кірпігім, Бір ұлы көш бетін түзер Таразға.
ӘДИЛӘ
Уа, Әдилә! Мынау қалың қорымға Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем, Сірі деммен серт тайысқан күні мен. Алғашқысы – аруақтар, соңғысы – Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден,
көңілім қап Маралтай мен Құдайға, Маңдайымда қара сызық Күн, Айға, «Қарабақ қып сезімімді таптатпа!» – деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға?
Сау қанатым қалмаған соң күймеген, Рухымды қан мен сүтке илеп ем. (Саған жаным ашитыны тағы рас Емшегіне еркек ерні тимеген). Е, Әдилә, айналайын Әдилә!
Қапелімде шыға келіп нұрдан сіз – Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз. Қара түсті қалампырды құшақтап, Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.
АВТОПОРТРЕТ
Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып, Өз басымды өз жырыммен қарайтып, Опат болып оты сөнген ғаламдай, Жанға дәру бір сәулені таба алмай. Ойларымды жинай алмай шашылған, Мен Уақыттың өтіп барам қасынан. Мұң түбінен дос таппаған мұңлықтай, Ар түбінен жар іздеген зарлықтай.
Қаңырадым сауап емес, обалдан, Тәж-Махалдай жаһұттары тоналған. Менің жаным сүйкімді бір ботаның Жүрегіне түсіп кетті, о жалған. Көр ішінен тәнімді ертіп келем Мен, Жанымды іздеп жер бетінде жоғалған. Сәуірдегі қар астында қалған гүл, Ол да мендей, қауызында арман тұр.
Армансызға орын тимес жалғаннан, Мен де көптің бірімін бе алданған?! Шөл шөбіндей тамыр тарттым тереңдеп, Ажалымның арашасы – өлең деп.
Не бүлдірдім, не тындырдым, кіммін Мен, Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен. Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім, Мен не дедім, сен не дейсің өлеңім?
Достарым да, дұшпаным да байқаған, Мен бір істің ақиқатын айта алам: Арасында фәни менен бақидың Менің ізім жол боп қалды ел танитын.
Қыл ішегіне шыбын қонса, мұң құлап, Қоя берер сай-сүйегің сырқырап. Сүтке тамған қызыл түсті сиядай, Менің қобыз жүрегімнің қияғы – Ай.
Жанарларын құбылаға қадаған Жайнамазын төсек еткен бар адам. Жан аурасы шайқалмаған жарандар, Мен өзіме ұқсаймын ба, қараңдар!
НАТЮРМОРТ
Қалам қалған үстелінің үстінде, Қағаз қалған үстелінің үстінде. Шырақ әне, жағылмаған қалпында, Құран міне, Құран – Құран қалпында!
Енді қайта батпастай боп Күн тұрды, Батса қайта атпастай боп… біртүрлі. Және бір тал сары гүл бар әдемі, Гүл туралы айту жөн еді әуелі.
Кінәсі не қағаз бенен қаламның – Түйіршігі тозаңданса ғаламның. …айтпақшы, гүл құсқа айналған заматта, Құран болса сүйеулі тұр сағатқа.
ЖЕЗӨКШЕ
Мен қайтейін, тағдырыма көз өтсе, Ете берсін, былайғылар сөз етсе, Одан кейін жолыққан жоқ ондай жан, Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.
Шексіздіктен сыр жеткізіп тұнық түн, Тұнық түннің ләззатына құнықтым. Мен сіз жайлы Және бүкіл қыз жайлы Ғайбат ойдың жетегінде жүріппін.
Жаттың солай бауырымда шашылып, Періштемнің алапасын қашырып. ...Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен Махаббатым!.. Аяғы – сор, басы – үміт...
ӘЙЕЛ
Кірпігіме күллі ғалам ілулі… Сен үйреттің көкке қарап ұлуды. Үйретпедің қалай, қайтып күлуді, Мен ұмыттым жылауды әм жылуды.
Тәнім үшін таласқандар, жан үшін Тартыспады. Тірі азапкер намысым. Бекер мені тыңдадың-ау (шашы ұзын, ақылы кем…), Адам-Ата – арысым!
Жердің шарын доп еткендер тепкілеп, Қос алмама қол созғанда ептірек. Бар әйелді көкке әкетсе Жаратқан, Ал, қайтесің, «Зауал сәті жетті» деп.
Қабырғаңа қарайсың ба, олардың Зауалына арашашы болар кім? Сауабында сен жатқанда ләззаттың, Отын жағып мен отырам обалдың.
Белдемшемді белімдегі шешем мен, Нақақ күйіп, нақақ жаным неше өлген. Кеудеңдегі мың айлалы ібіліс Бақыт тапса нәпсі дейтін кеселден.
Ей, ғаламның, Ей, Адамның жесірі, Перзентіңнің есімі кім, есімі? Есі бүтін еркектерге сор болды Мен жасаған бір күнәнің кесірі.
ЫМЫРТ
Түн мекені түнекке Серік таппай бойлаған. Біздің ғазиз жүрекке Жұлдыз шашып ойнаған.
Кексе дүние тұр үнсіз Көкке сүйреп көңілді. Қалатындай ғұмырсыз Санам санға бөлінді.
Құстың тынып шырылы, Жаным аңсап, егіліп. Қайыңдардың бұрымы Жүрегіме төгіліп.
Біз ұқпаған жалғанның Сіз табарсыз шешімін. Қағып, күтіп қалған кім Ескі өмірдің есігін?!
ҚҰСА
Ақшамда ару болып келеді де, Түн мені тартып кетед тереңіне. Жарыққа жаныңды үзіп жалтақтатқан О да бір өксік өмір өреліге.
Келе алмас тірілермен келісімге, Туған ұл мен шығармын көр ішінде. Шарқ ұрып жетім жүрек аласұрар, Бурадай өрт құлаған өрісіне.
Арына ақтық байлап, шыбық қадап, Жалғанның жанарына суық қарап. Ізіне ібілістің құл боп кеткен Мен сүйген көркем күндер күліп барад...
Нұрға ынтық көңілімнің тұсауы мың, (Жол таппай Жаратқанға құсалымын) Өзінің өзегіне балта шапқан, Мен-дағы көп бейбақтың мысалымын.
Мінген соң ғапыл дүние кемесіне, Иеңнің икеміне көнесің де. Сайтандар қоршауында қалған ұлмен, Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге! Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге???
ҒАЗИЗ СЕЗІМ
Сырымды саған ашам, саған ашам, Өзің біл сенімімді бағаласаң. Өзің біл – менің ғазиз жүрегімді түсінбей, қараласаң, жараласаң.
Сырымды өзгеге емес, саған ашам, (Ашпас ем, сені жақын санамасам). Арымның ақ отауы бәріңе ортақ, Тағдырдың дауылында паналасаң.
Мұңымды, жырымды да саған ашам, Өзің біл, тыңдамағын – қаламасаң. Адам боп қажеті не, өзің айтшы, Жаныңды жылытуға жарамасам?!
Сырымды түсінер деп саған ашам, (Сырласар адамдар да аз, сараласаң) Көресің – тереңімде не жатқанын Жанымның жағалауын жағаласаң.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді