«Рақмет саған, туған ел!»: рух пен сыр тоғысқан тағылымды кеш
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 12:48
- 82
Рухани кеш көрерменге терең әсер сыйлап, ақын мұрасының мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Тағылымды жиын облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығы Талас аудандық халық театрының сахналық қойылымымен түріліп, көрермен қауым ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне жетелейтін әсерлі көрініске куә болды. Сонымен қатар ұсынылған бейнеролик ақын болмысының терең қырларын ашып, жүрекке жылы әсер қалдырды.
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты. Кеш барысында ақынның әпкесі Ұлжан Қашағановаға құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен иығына камзол жабу рәсімі ұйымдастырылды. Бұл сәт көрерменге ерекше жылылық сыйлап, ұлттық дәстүрдің көркем көрінісіне айналды.
Кештің мазмұнын ақынмен замандас қаламгерлердің естеліктері байыта түсті. Шырын Мамасерікова, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ербол Қамбатыров, Қасқырбай Нарбатыров сынды қаламгерлер Нарша Қашағанұлының азаматтық болмысы мен шығармашылық келбеті туралы тебірене әңгімеледі. Олардың әр сөзі – ақынға деген құрметтің, сағыныштың белгісіндей әсер қалдырды.
Әдеби кештің әрін кіргізген тағы бір көркем бөлік – ақын сөзіне жазылған әндер болды. Композитор Әуезхан Салабековтің туындылары мен әншілер Мадина Сағымбекова мен Жақсылық Тілеубеков орындаған әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кештің рухани тынысын тереңдете түсті.
Кеш соңында «Рақмет саған, туған ел!» әні шырқалып, жиналған қауым естелік суретке түсті. Бұл – өткенге тағзым, өнерге құрмет, руханиятқа деген адалдықтың айқын көрінісі болды.
Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы ұлт руханиятының алтын қазығы саналатын тұлғалардың мұрасы ұрпақ жадында жаңғырып, олардың шығармашылығы жаңа буынға жол тарта беретіні сөзсіз.
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




