«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқуға құштар жүректер

Оқуға құштар жүректер
Автор
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Тараз қаласындағы Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта мектеп оқушылары арасында «Оқуға құштар жүректер» атты облыстық байқау өтті. Ағартушы, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауға он ауданнан 10 үміткер қатысты. Байқаудың негізгі ұйымдастырушысы облыс әкімдігінің білім басқармасы мен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы.

Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық мәдениетін қалыптастыруды көздеген байқау облыстық орталық оқушылары дайындаған арнайы композициямен ашылды. Сахнада Ыбырай Алтынсарин мен Мұқағали Мақатаевты сомдаған оқушылар мәнерлеп өлең оқып, көрініс көрсетті. Атап өтерлігі қос туған күн иесіне арналған үлкен көрме оқырман қауымға байқау алдында таныстырылып, кітаптары насихатталған болатын. Ал облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева байқаудың мақсатымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау шарты бойынша, аудандық кезеңнен өтіп, облыстық кезеңге жолдама алған оқушылар сахнада «Әдебиетпен өрілген өз әлемім», «Поэзия мен парасат тұғыры» номинациялары бойынша өздерін таныстырып, жатқа өлең және әңгімелерден монолог оқып, көрініс қойды. Ал «Білім белесі» номинациясында алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап берді. Сахнаға тайсалмай бірінші болып шыққан байзақтық Батырхан Боранбек мәнерлеп оқудағы шеберлігімен бірден көзге түсті. Ал Жамбыл ауданынан қатысқан оқушы Дамира Желеубай мен байқаудың ең кішкентай қатысушысы, 4-сынып оқушысы Махмет Хидиров көрермен қошеметіне бөленді. Түріктің кішкентай баласы Ыбырай Алтынсарин мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, сұрақ-жауап бөлімінде де мүдірмеді. Басқа қатысушылар да жақсы дайындықпен келген. Киім үлгісі, оқу дағдыларымен ерекшеленген оқушылар да болды.

Әділқазылар алқасының шешімімен қазылар алқасының төрағасы, балалар жазушысы Марат Құлибаев таныстырды. Байқау қатысушылары Алғыс хаттармен марапатталды. Жүлделі ІІІ орынды Сарысу мен Шу аудандарынан қатысқан оқушылар Инабат Даниярбек пен Сұлужан Анарбек иеленсе, ІІ орын Байзақ ауданының оқушысы Батырхан Боранбекке берілді. Бірінші орынға лайық деп Талас ауданының оқушысы Махмет Хидиров танылса, Бас жүлде Жамбыл ауданының оқушысы Дамира Желеубайға берілді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар