Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған, ұлттық әскеріміздің айбынын арттыруға үлес қосқан осындай азаматтарға, әскер қатарындағы офицерлер мен сарбаздарға құрмет көрсетіп, қадір тұтатын күн – ол 7 мамыр. Отан қорғаушы күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиын Мемлекеттік Тудың залға кіргізіліп, сахнаға көтерілуінен бастау алды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн орындалған соң алғашқы сөзді алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: – Еліміздің ерекше мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгендігін білдіретін үлкен мереке. Біз бұл күні Ұлы Отан соғысының қаһармандарына тағзым етеміз. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің де ерлігін еске алатын күн. Еліміздің тыныштығын, халқымызды қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтаймыз. Тарихқа көз салсақ, біздің халық – жауынгер халық. Ұлы Дала төсіндегі ұлы елдің ұландары өз атамекендерін көзінің қарашығындай қорғаған. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлан-ғайыр жерді жауға ешқашан бермеген. Бүгін ата-бабаларымыздың мирасқа қалдырған жерінде егемен ел бар, ол – Қазақстан елі. Сол қаһарман елдің ұлттық әскери күші бар. Ел тыныш болса, береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді. Бейбіт елдің экономикасы өркендейді. Сондықтан да жер бетіндегі кез келген мемлекет өз қарулы күштерінің қуатты, мықты болғанын қалайды. Бүгінде тәуелсіздік күзетінде тұрған Қазақстанның Қарулы Күштерінің айбары артып, қуатты күшке айналды. Біздің егемендігіміздің мығым тірегі, тұтастығымыздың кепілі болды. Ол әскер қатарындағы қызметші жастар үшін ерлік пен патриотизмнің үлкен мектебіне айналып отыр. Жаужүрек жауынгерлеріміз бен сарбаздарымыз әуеде, жерде, теңізде ел тыныштығын күзетуде. Әскери борыштарын абыроймен атқарып келеді. Біз өз армиямызды мақтан тұтамыз. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмір шындығына айналдырған сарбаздар қашанда ел мақтанышы болып қала бермек, – дей келе, әскери қызметшілерді, ардагерлерді және жиылған барша қауымды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы бірқатар азаматты айтулы мерекеге орай көп жылғы жемісті еңбегі мен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Одан әрі қарай Тараз қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталуына кезек берілді. Марапаттарды шаһар басшысы Қайрат Досаев тапсырды. Мерекелік шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары Асан Жүсіпов бұл күннің мемлекеттік мереке аталуына дейінгі тарихына шолу жасап, бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Бұдан кейін ұзақ жылғы және жемісті еңбегі үшін бірқатар азаматтарға ҚР Қорғаныс министрінің Қарулы Күштерінің ардагері, «Мінсіз қызметі үшін» І, ІІ және ІІІ дәрежелі медальдары мен марапаттау қағаздары тапсырылды. Іс-шара соңында үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Ту залдан салтанатты түрде шығарылып, мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты.
Альмира Омарова
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Юрий Ким.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді