Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік саясат маңызды рөлге ие екені әлдеқашан дәлелденген. Азаматтардың материалдық жағдайын көтеруге тиісті жағдайлар жасаудың негізгі тетігі – жұмыспен қамту. Халықты әлеуметтік қорғаудың тағы бір жолы – мемлекет кепілдік беретін әлеуметтік көмектер. Бұл түйткілдер шешімін тапқанда ішкі ахуал тұрақтанып, дамуға серпін берері анық. Экономиканы тұрақтандыру үшін алдымен осы мәселелерге басымдық беріліп отырғаны да сондықтан. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысқан облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз төртінші сессиясында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын көтеруге, атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге қарастырылған қаржының көлемі нақтыланып, қазына қаржысын мақсатты игеру мәселесі қаралды. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың сөзіне сүйенсек, ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардағы және қазыналық кәсіпорындардағы 73 605 қызметкердің жалақысын көтеруге 9 350 699 мың теңге қаржы қарастырылған. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарының орталықтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жүргізуге 2 349 311 мың теңге бөлу жоспарланып отыр. Жалпы жаңа жоба шеңберінде 4 жаңа нысан бой көтеріп, 150-ге жуық тұрақты жұмыс орны қалыптастырылмақ. Тозығы жеткен 25 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 24 әлеуметтік (білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру саласы нысандары), 51 көлік инфрақұрылымы нысандары жөндеуден өтіп, бірқатар елді мекендер үлгілі ауылға айналмақ. Жобаның 2020-2021 жылдарды қамтитын 2-3-кезеңіне 12 ауыл ұсынылған. Сондай-ақ 150 мыңнан астам материалдық қолдауды қажет ететін азаматқа атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 13 306 262,0 мың теңге бөлінеді. – Бекітуге ұсынылған 2019 жылға нақтыланған облыстық бюджеттің жобасы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының негізінде қалыптастырылды. Нақтылау нәтижесінде Елбасы 2019 жылдың 30 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында және «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінде берілген тапсырмаларды орындау аясында республикалық бюджеттен қосымша 31 миллиард 173 миллион 648 мың теңге трансферттер қарастырылды, – дей келе басқарма басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға да басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті. Атап айтсақ, 1 миллиард 531 миллион 6 мың теңге қаржы нысаналы даму трансферттері бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді салуға бөлінеді. Баспана алдымен осал топтағы азаматтарға және аз қамтылған отбасыларға берілмек. Облыстық мәслихаттың депутаты Б.Саудабаевтың төрағалығымен өткен сессия отырысында бірнеше мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Ж. Айтақовтың жақында Шу ауданына әкімі болып тағайындалуына байланысты депутаттардың қолдауымен төраға міндетін атқару Ж.Жапаровқа жүктелді. Жалпы қоғамның қозғаушы күші – өскелең ұрпақ екені айқын. Ендеше, жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес әрқашан өзекті болып қала бермек. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту жайы да күн тәртібінен түспейді. Осыны баса айтқан өңір басшысы Асқар Мырзахметов қазына қаржысын үнемдеу әрі мақсатты игеруге қатысты депутаттар айтқан ұсыныс-пікірлерге қарай облыс бюджетін қалыптастырудағы басымдықтарға тоқталып өтті.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді