достық мерекесі Тараз қаласында жоғары деңгейде өтті
Қазақстанды мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың береке-бірлігіне әлем елдері қызыға қарайды. Бүгінде бір шаңырақтың астына 130-дан астам этнос өкілдерін ұйыстырған еліміздегі нық орныққан татулық саяси тұрақтылықтың кепіліне айналып отыр. Бірлік пен ынтымақтың үлгісін паш ететін Қазақстан халқының бірлігі күніне арнайы ұйымдастырылған шарада осыған көз жеткіздік. Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов атындағы көше мен «Жастар» аллеясында кең көлемде аталып өткен мерекелік салтанатты тамашалауға жиналған жұрттың қарасы да көп болды.Этноауылдарда әртүрлі ұлттық киімдер киіп, бой түзеген өзге ұлт өкілдерін көргенде құдды бір көшенің бойына бүкіл дүние сыйып кеткендей әсер қалдырғаны рас. Көршісін туысынан кем көрмеген, кең пейіл, дос көңіл. Бірінен соң бірі іліп алып кетіп, әуелете ән шырқап, би билеп, мереке қызығын бірге бөліскен қаумалаған қалың жұрт облыс әкімі Асқар Мырзахметовті ыстық ықыласпен қарсы алды.
Ерекше форматта ұйымдас-тырылған мерекелік шарада қазақ, орыс, украин, өзбек, ұйғыр, дүнген, түрік, неміс, корей ұлттарының өнерпаздары өздерінің салт-дәстүрі мен болмысын айшықтайтын сахналық көріністер көрсетіп, жұртшылықты татулық пен бірлікке үндеді. Ал ыстық ықыласпен ұсынған ұлттық дәмнің жөні бөлек. Арнайы ұлттық ойындар жарысы ұйымдастырылып, «Ынтымағы жарасқан, туған өлке – Қазақстан» атты концерттік бағдарлама мен театрландырылған көрініс «Білім» алаңында көпшіліктің назарына ұсынылды. – Ел бірлігі мен тыныштығы – дамудың басты шарты екенін үнемі айтып келе жатырмыз. Өйткені ол өмірдің шындығы. Оған өткен тарихымыз бен бүгінгі әлемдегі орын алып жатқан жағдайлар кепіл бола алады. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы осыны атап өтіп, ұлттық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Жиында әр ұлт өкілдері де Ұлы Дала еліндегі жарасым тапқан достықты сөз етті. Бүгінде Қазақстанның үлкен жетістіктерге жетіп отырғаны – мемлекетімізде нық орныққан қоғамдық келісімнің жемісі. Шетел сарапшылары да, халықаралық әртүрлі ұйымдар да осыны мойындап отыр. Ал осы ауызбіршілігіміздің нығаюына жамбылдықтардың да зор үлесі бары бізді қатты қуантады, – дей келе, облыс әкімі Асқар Мырзахметов мерекеге орай бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдерін Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Ашық аспан астындағы сахна алаңшасында ән әуелеп, жаңғырған «Жастар аллеясын» жамбылдықтар думанға бөледі. Осы күні кешкілік серуен ұйымдастырылып, облыс қонақтары мен тұрғындарға тараздық өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Ынтымақ пен бірлігі жарасқан еліміздің болашағы жарқын. Достық пейіліміз бен ыстық ықыласымыз – дархан көңіліміздің көрінісі. Тұңғыш Президент-Елбасы кезекті бір Жолдауында қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол бірлік деген болатын. Елді, жерді қорғау үшін, тәуелсіздігімізді, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап қалу үшін бізге бірлік қажет.
Камила Борашова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді