2011 жылдың 12 қарашасында сол кездегі облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың азаматтарды террористен қорғау кезінде қаза тапқаны баршаға мәлім. Оқиғадан соң іле-шала азаматтың ерлікпен қайтыс болғаны ескеріліп, батырға Халық Қаһарманы атағы берілген болатын. Осыған байланысты Тараз қаласындағы бір көше қаһарманның есімімен аталды. Кеше осы көшеге батырға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Аталған іс-шарада бірнеше азамат сөз сөйлеп, Ғазиз Әбдібекұлының жұбайы Гүлжамал Тәжиева ерінің ерлігін ұлықтап, қастер тұтқан замандастарына алғысын жеткізді. Салтанатты рәсімде көпшілік қаһарманды 1 минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Тарихи сәттен соң сап түзеген ішкі істер органдарының қызметкерлері «Достық» үйіне бет алды. Онда облыстық полиция департаментінің жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің қатысуымен Жастар жылына орай ұйымдастырылған жастар форумы өтті. Ауқымды басқосуды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералиев ашып берді. Аталған департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Жалғас Жақыпов Жастар жылына байланысты баяндама жасаса, «Қазфосфат» ЖШС-ның Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жарқын болашақ жастардың қолында екенін тілге тиек етіп, өзі басқарып отырған ұжымдағы 6300 адамның екі жарым мыңдайы 35 жасқа дейінгі жастар екенін айтты. Өзі кейінгі буын өкілдеріне қоғамның болашағы ретінде қарайтынын жасырмады. Форум соңында қатысушылар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді. Бұдан кейін Әулиеатада шетел азаматтарына көші-қон қызметтерін көрсететін алғашқы орталық ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: «Тараздың өткені мен бүгіні тарихқа толы. Қойнауы құтқа толған, 2000 жылдық шежіресі бар шаһарға келуші қонақтардың, тіпті алыс және жақын шетелден келетін азаматтардың қатары жыл сайын өсіп келеді. Осы мақсатта және Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және былтыр қазан айында халыққа жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылғандай, полицияның сервистік үлгіге көшуі туралы және Ішкі істер министрлігінің тапсырмасын орындау мақсатында Тараз қаласында заманауи үлгідегі жабдықталған көші-қон қызметтері орталығы ашылып отыр. Мұндай нысанды ашу заманауи стандарттарды қолдану арқылы халыққа және шетел азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсету негізінде қолға алынды. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатынан бастау алған алыста жүрген ағайынды атажұртқа шақыру туралы батыл әрі тарихи шешімнің арқасында көші-қон мәселесі еліміздің стратегиялық басым бағытына айналып отыр. Бүгінде еліміздің әрбір өңірінде осындай орталықтар ашылып, нәтижесінде қатарымызға ширек ғасыр уақыт ішінде 1 миллионға жуық қандасымыз қосылды, – деп жиылған қауымды маңызы зор ғимараттың ашылуымен құттықтады. Келесі кезекте сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев орталық қызметіне сәттілік тілесе, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Үдергенов нысанның ерекшеліктерін атап өтті. – Орталық мақсаты – республикамызға келген шетел азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсарту, ыңғайлы жағдай жасау және көрсетілетін қызметтің мерзімін максималды қысқарту, яғни қызмет алу мерзімі 2-3 күннен 2-3 сағатқа дейін қысқарады. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында қызмет электронды кезек арқылы кедергісіз көрсетіледі және «Бір терезе» принципі бойынша барлық қызметтерді бір жерден алуға болады. Яғни осы жерде медициналық орталық, нотариус, «Азаматтарға арналған үкімет» акционерлік қоғамының мамандары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар түсінбеген сұрақтар және өзге де мәселелер бойынша осы жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деді. Бұдан кейін жиылған қауым орталық ішін аралап танысты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, облыстық полиция департаменті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалының аталмыш агенттіктің өңірлік департаменті жанындағы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында бекітілген «Жол картасына» сәйкес ашылған мұндай орталық бүгінде еліміздің 13 өңірінде жұмыс істеп жатыр. Көші-қон орталығына келетін еңбек мигранттары мұнда жұмыс істеу рұқсатын рәсімдеп, оның мерзімін ұзарта алады екен. Болашақта орталықта Қазақстан аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеуден өтіп, шетелге тұрақты тұруға шығатындардың құжаттары рәсімделетін болмақ. – Аталған бөлімде 14 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда қызмет алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Мемлекеттік құжаттарды рәсімдеуден бөлек, шетелдік мигранттар медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеп, жеке сәйкестендіру нөмірін ала алады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша көші-қон бөлімінің басшысы Руслан Шерстобоев. Мұндағы нарколог, терапевт, невропотолог, лор және хирург сияқты мамандар «Ер-Али» медициналық орталығының дәрігерлері екен. Жаңадан ашылған орталық Маяковский көшесі, 42 А мекен-жайында орналасқан және аптасына алты күн бойы таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Алайда ол құжаттарды бүгін тапсырып, ертесіне бір-ақ алмай, таңертең өткізіп, кешке жақын дайын құжатына ие болса деген ұсыныстар да айтылды. Сондай-ақ Бекболат Серікбекұлы: «Қазір өте өзекті де күрделі мәселенің бірі –714 шақырым аумақта шектесіп жатқан Қырғыз елінен «Айша бибі» бекеті арқылы бір күннің ішінде 2000-ға дейін адам бері қарай өтіп, еңбегін жасап, кешке қарай қайтып кетеді және осынша көршілесіміз бір ғана «Ауыл-береке» базарында жұмыс жасайды. Екінші мәселе – үлкен науқан жүріп жатыр. Балалардың жәрдемақысы, ата-аналардың атаулы әлеуметтік көмек мәселесін шешуде де бұл орталықтың орны өзгеше болмақ. Өйткені жәрдемақыны қажет ететін жандардың басым бөлігі өз қандастарымыз. Сондықтан бұл өте маңызды және дер кезінде ашылған нысан деп білеміз, – деп бұдан былай мұнда келушілер бір мекемеден екінші мекемеге жүгірмеуі тиістігін қадап айтты. Себебі аталған орталық «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамға» байланысты қолға алынған жоба екен.
Тараз қаласы.
Альмира Омарова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді