«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қан құрамындағы қант мөлшерін өлшейтін сағат ойлап тапқан Ердәулет

Қан   құрамындағы  қант  мөлшерін өлшейтін  сағат  ойлап  тапқан  Ердәулет
ашық дереккөз
Қан құрамындағы қант мөлшерін өлшейтін сағат ойлап тапқан Ердәулет

Ердәулет Беков Алматыдағы қарапайым мектепте оқып, білікті IT маманы болған. Ол 24 жасында Қазақстанның медицинасы мен жаңа технологиялар саласына маңызды жаңалық әкелді. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің магистранты өзі құрастырған әлемде баламасы жоқ құрылғы туралы айтып берді, – деп хабарлайды baribar.kz. Ердәулет қазіргі уақытта өзінің командасымен бірге IT медицина, IT білім саласы бойынша және соған қосымша қаржы, ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалармен айналысуда.

13 жасымда компьютерді шашып,қайта құрастырдым

Компьютерге 5-сыныпта қызыға бастадым. Сол кезде ата-анам маған жаңа компьютер алып берген. 7-сынып оқып жүргенде оның құрылғыларын шашып тастап, қайта құрастырып, оған басқа жабдық қосып, іске қосқанды ұнататынмын. Бағдарламалауға 9-10-сыныптарда қызығып, «Паскаль», «С++» тілдерін үйрендім. 10-сыныпта Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқимын деп шешім қабылдадым. ҰБТ-да география пәнін таңдағандықтан қаржыгер мамандығының ақылы бөліміне түстім. Бірақ ол жылы оқымадым. Келесі жылы тестті қайта тапсырып, ақпараттық жүйелер мамандығына грантқа түстім. ХАТУ-да студенттердің өз идеяларын жүзеге асырып, әртүрлі жобамен айналысуына жағдай жасалғанына көзім жетті. Бұрын ойыңа келген идеяның бәрін жүзеге асыру мүмкін емес деп ойлайтынмын, бірақ замандастарымның неше түрлі робот, неше түрлі бағдарлама ойлап тауып жатқанын көріп, мен де қоғамға пайдалы зат ұсынғым келді.

Әлемде баламасы жоқ дүние жасағым келді

Менің ең алғашқы жобам – үй жануарлары жоғалып кеткен жағдайда тез табуға көмектесетін GPS-навигатор. Көшеден, дүкендерден адамдардың иті мен мысығын жоғалтып алғаны туралы көп хабарландыруды көріп, мәселенің шешу жолдарын іздедім. GPS-навигаторды жануарға байлап қоямыз, сосын ол жоғалса, мобильдік қосымша арқылы немесе қоңырау шалу арқылы қайда жүргенін біліп алуға болады. Егер жануар иесінен 50 метрдей алыстап кетсе, құрылғы сигнал береді. Осы жобаны дамытып, іске асыра бастағанда бәсекелестерім пайда болды. Сондықтан болар алғашқы жобама деген құлшыныс, қызығушылығым су сепкендей басылды. Менің ойым еш жерде баламасы жоқ дүние жасау болды. Ешкім қозғамаған, ешкім ойламаған жобамен айналысқым келді. Бұл шешімімді жетекшім де қолдады. Сөйтіп жүргенде ауруханаға түсіп қалдым. Мен 16 жасымнан бері қант диабетімен ауыратын едім.

Эндокринология ғылымын зерт тедім

Қайда жүрсем де жаңа, ерекше идея іздеп, ой үстінде жүрдім. Ауруханада қант диабетімен ауыратын кішкентай балалардың қан құрамын тексеру үшін саусағын күніне бірнеше рет тесетінін көрдім. Қант мөлшерін білу үшін кемінде 8-10 рет қан алады. Әсіресе балабақша мен мектеп жасындағы балаларды көбірек тексереді. Ал тексермесе, өміріне қауіп төнеді. Науқас адамның ағзасындағы қанттың мөлшерін білу өте маңызды. Бір күні сондай тексерістен әбден қорқып, жылап тұрған кішкентай қызбен таныстым. Өмірі үшін сырқатымен күресіп, шарасыздықтан жылаған көзіндегі жасты көріп, аяп, қатты көмектескім келді. Оның көңілін аулап, «Қане, екеуміз бірге қан тапсырайық. Егер мендегі қант мөлшері сенікінен көп болса, онда саған қандай да бір сыйлық алып беремін» дедім. Сараптама қорытындысы бойынша мендегі қант мөлшері төмен болды. Кішкентай қыздың көңілін түсіргім келмей, «мен жеңілдім» дедім де, сыйлық алып бердім. Сол кезде менде жаңа идея пайда болды. Өзі әлсіз, аурушаң адамдардың еш жерін зақымдамай қант мөлшерін тексеру жолын таптым. Құлақтың сырғалығына тағатын құрылғыдағы пульс, ультрадыбыс, қысым арқылы адам ағзасындағы қант мөлшерін анықтауға болады. Құрылғыны «GlucoWays» атадым. Осы жобамен халықаралық жарыстарда жеңіске жеттік. Бірақ маған аяқ астынан операция жасалып, 8 ай көлемінде демалу керек болды. Осы кезде эндокринология ғылымын зерттедім, оқыдым, іздендім, дәрігерлермен кездесіп, семинарларға бардым. Ғылымды толық білемін демеймін, өзіме керегін үйрендім. Зерттеу нәтижесінде қант мөлшерін анықтаудың тағы 7 әдісін таптым. Соның екеуін қазіргі құрылғыда пайдаланамыз. Операциядан кейінгі үзілістен соң жетекшіммен бірге бастаған жобаны өз қолыма алдым. Жобаның бизнес-жоспарын, түйіндемесін жасадым. Бұл жобаны танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген ағамызға көрсеттім, жобаға жақсы лебізін білдіріп, көмектесетінін айтты.

Қан құрамындағы қант мөлшерін анықтайтын сағат 2020 жылы шығады Бұл жобаны дамыта келе GlucoMed сағаты пайда болды. Сағаттың кәсіпкерлерге және балалар мен фитнеске арналған екі түрі шығарылады. Сағат үш түсті көрсетеді. Егер қант мөлшері төмен болса – сары, орташа болса – жасыл, көп болса – қызыл түс жанады. Бұл сағаттар қазіргі таңда жасалып жатыр, жоспар бойынша 2020 жылы сатылымға шығады. Бағасы барлығына қолжетімді болады және алдағы уақытта қант мөлшерін цифрмен көрсететін сағаттар шығарамыз деген жоспар бар. Қазір зерттеуді бастап кеттік. Осы жоба аясында мобильдік қосымша дайындалып жатыр. Қосымшаға дәрігерлер, фармацевтикалық компаниялар мен науқастар онлайн тіркеледі, яғни сол аумақта науқас пен дәрігер бір-бірін тауып, қажет дәрілерін де сол жерден ала алады. Мұны іске асырсақ, медицинадағы ерекше жаңалық болады.

Басты критерий – жобаның қоғамға пайдасы

Инвесторымның жобаны іске асыру үшін қоятын басты критерийі: қоғамға пайдалылығы және ауқымы. Жоба Қазақстанға ғана емес, әлемге пайдалы болуы керек. Мысалы, GlucoMed – халықаралық, әлеуметтік жоба. Себебі Қазақстанның өзінде 800 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады. Америкада әрбір үшінші адам ауырса, Қытайда бұл ауруға 100 миллион адам шалдыққан.

Күніне 40 минут кітап оқимын

Оқиғасы қорқынышты фильм көрмеймін. Комедия жанрындағы фильмдерді көріп тұрамын. Айына 1 рет кинотеатрға барамын. Күніне 40 минут кітап оқимын. Кейде қатарынан екі түрлі кітап оқуға тырысамын. Қазір мотивация беріп қана қоймай, сол сәттен бастап іске көшуге көмектесетін кітап оқып жатырмын. IT саласы күнде дамиды, тез өзгереді. Онымен ілесіп, біз де білімімізді арттырып отыруымыз керек.

Ұқсас жаңалықтар