Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай, 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы» №13/240 қаулысы қабылданды. Аталған құжат негізінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сәуір-мамыр айларында 3 кезеңнен тұратын семинар өткізеді. Сәйкесінше күні кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғимаратында өңірдегі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелеріне саяси науқанның процесін меңгеріп, түрлі тәсілдерін үйрету жұмысы басталды. Жоспарға сәйкес, мұнда бірінші кезеңде аймақтағы барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары 3 күндік курстан өтіп, 24 академиялық сағат оқытылады. Екіншісінде барлық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне 8 академиялық сағаттан тұратын 1 күндік курс ұйымдастырылмақ. Ал соңғы кезеңде өңірдегі учаскелік сайлау комиссияларының бәрін қамту көзделген. Аймақтағы 484 учаскелік комиссияның 968 төрағасы мен хатшыларына көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылады. Ал қалған учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сертификат алып шыққан төрағалар мен хатшылар оқытатын болады. Қорытындысында аталмыш комиссиялардың барлық деңгейдегі мүшелерінің каскадтық тәсілмен кәсіби біліктіліктері арттырылады. Дегенмен 10 сәуірде басталған тіркеуге байланысты кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Сондықтан уақыт тығыздығына байланысты 3 күндік семинардың 1 күнін шегеріп, оқытуды 2 күнде өткізуді ұйғарған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов: – Биылғы Жарлыққа сәйкес, үстіміздегі жылдың 9 маусымында ел Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Соған байланысты республика көлемінде, оның ішінде облыс бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аумақтық-жергілікті сайлау комиссиялары төрағаларының сайлауды заңды өткізуді қамтамасыз етуі үшін орталық сайлау комиссиясының бекітіп берген оқу-жоспарына сәйкес бүгін семинар-тренингті ұйымдастырып отырмыз. Елімізде қазіргі Президенттің қойған талабына сәйкес қай уақытта болса да Конституцияның негізінде өтетін сайлау заң талаптарына сәйкес өтуі керек. Бірінші кезекте сайлаушылардың құқықтары қорғалуы тиіс. Қоғамдық ұйымдарға сайлау үдерісі қолжетімді болуы қажет. Содан кейін кандидаттыққа тіркелетін азаматтарға қойылған талаптар орындалуы міндеттеледі. Екіншіден, осы аптада Қазақстандағы барлық қоғамдық ұйымдарда өздерінің кандидаттарын ұсыну процестері жүріп жатыр. Біздің міндетіміз – сол Президентке кандидат болып ұсынған азаматтардың сенімді өкілдерінің заңдылығын зерделеп, тіркеу. Одан кейін жалпы сайлаушылардың 1 пайызының қолы жиналуы керек. Осы жұмыстардың барлығы заң талаптарына сәйкес аумақтық сайлау комиссияларында тіркеуден өтеді. Қазіргі семинарда тәжірибелік тұрғыда қатысушыларға соны көрсетеміз. Негізгі мақсат – осы, – дейді.
Альмира ОМАРОВА
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді