«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар барлық істе белсенді

Жастар барлық  істе белсенді
ашық дереккөз
Жастар барлық істе белсенді

Креативті идеялары мен өнертапқыштық ұсыныстарына көпшілік назарын аударып, батыл дәлелдерімен, жарқын көзқарастарымен жұртты таңғалдырып жүретін жастар қашан да еліміздің мәдени, рухани, ғылыми дамуының көшбасында жүреді емес пе?! 9 маусымда өтетін Президенттің кезектен тыс сайлауына байланысты үн қосып, үлкенге де, кішіге де үлгі көрсеткен өңір жастары өз белсенділіктерін көрсетуде. Жамбылдық жастардың 10 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысындағы саяси науқанға дайындық және оны өткізу секілді негізгі мәселелерге қатысты да өзіндік ой-пікірлері бар екен. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен басқосуда олар осыны талқылады. «Жастар көзқарасы» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған «Еркін пікір» дискуссиялық кездесуде жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, белсенді студенттер мен еріктілер кезектен тыс өткізілгелі отырған саяси науқан жөнінде ойларын ортаға салды. Шамамен 30 шақты жас бас қосқан жиында алдыңғы сайлауларда дауыс берген қатысушылар өз тәжірибелерімен де бөлісті. Биылғы науқанның өзгешеліктері мен кандидаттарға қойылатын талаптар туралы айтып түсіндірді. Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елінде жалпыхалықтық Президент сайлауы 5 рет өткенін тілге тиек еткен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Абзал Есіркепов: «Кандидаттар соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы, олардың 40 жасқа толуы, белсенді сайлау құқығы, жоғары білімі мен мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті. Ең бастысы мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс», – деп, осы жылы алғаш рет дауыс бергелі жатқан жастарға қойылатын талаптарды түсіндіріп өтті. Ал сайлаушының міндеттеріне тоқталған облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Таутен саяси науқанда ескеретін жайттарды атап өтіп, 9 маусымдағы сайлауға 7 партия өз кандидаттарын ұсынатындығын да баса айтты. Кездесуде біраз мағлұматқа қаныққан жас өрендер өздерінің түсінбей жүрген көкейлеріндегі сауалдарының тиісті жауаптарын алды. Сайлауға біркісідей қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын жеткізді.

 

Марат Құлибаев

Ұқсас жаңалықтар