Тамыз айының алғашқы онкүндігінде қатар келген жол-көлік саласы қызметкерлері мен құрылысшылардың кәсіби мерекелері бейсенбі күні бірге атап өтілді. Осы күні орталық «Достық» алаңында құрылған сахна мерекеге сай безендіріліп, алуан түрлі шарлармен, жалаушалармен көмкерілді. Лэд-экран арқылы көрсетілген жаңадан бой көтерген сәулетті нысандар, зәулім тұрғын үйлер, тақтайдай тегіс жолдар мен көркем көпірлер, жаңа автобустар мен түрлі техника құралдары құрылысшылар мен жол-көлік саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінен сыр аңғартып тұрғандай. Алаңға жиналған жұртшылықтың жүзінен де шаттық лебі сезіледі. Міне, осындай көңіл-күй ауанында мереке фанфармен ашылып, жүргізушілердің жан жадыратар сөздерімен өрілді. Облыс көркемөнерпаздарының әуезді әндері де қалың көпшілікті қанаттандырып, қиялын қияға шарықтатты.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек сіңіріп жүрген жол-көлік саласының қызметкерлері мен құрылысшылар қауымының қуанышына ортақтасу үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде экономикаға жаңа серпін беріп отырған ірі инвестициялық жобалар – құрылысшылар, жол саласы, тасымалдаушылардың еңбегі арқасында жүзеге асырылып жатқанын, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламаларының іске асуы да осынау мамандық иелеріне тікелей байланысты екенін айрықша атап өтті.
– Құрметті құрылысшылар мен көлік саласының қызметкерлері! Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы болса, көлік инфрақұрылымдары – қоғамның тамырына қан жүгіртетін жүйе екені белгілі. Қазақстан экономикасының сәтті дамуы құрылыс саласының тұрақты дамуымен тығыз байланысты. Құрылысы қарқынды елдің еңсесі де, егемендігі де биік болмақ. 16 жыл ішінде тұрғызылған еліміздің әсем Астанасы – осы сөздің айғағы. Теңдесі жоқ жол құрылысының бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы да осының дәлелі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дана саясаты – мемлекетімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасады. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Бүкіл республика бойынша, оның ішінде Жамбыл өңірінде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Соңғы жылдары облыс құрылысшыларының ерен еңбегі арқасында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, көптеген зәулім ғимараттар, жаңа тұрғын үйлер салынды. Біз ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет атқарып, өз іздерін басып, істерін жалғастыратын лайықты буын тәрбиелеген аға ұрпақ өкілдеріне, яғни, осы саланың ардагерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Биыл өңірдің құрылыс саласын дамытуға 35,6 млрд.теңге бөлініп, облыс аумағында 135 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 85 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан нысандардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының, тұрғын үй және ауыз сумен қамтамасыз ету нысандары бар. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы да табысты іске асырылуда. Бағдарлама аясында ағымдағы жылға 8 көпқабатты үйдің құрылысына 2,4 млрд. теңге бөлініп, бүгінде оның 3-еуі пайдалануға берілді. Аймақ экономикасының табысты дамуында көлік-жол саласының алар орны ерекше. Сондықтан, біз жыл сайын автомобиль жолдарының құрылысы мен оларды сапалы жөндеуден өткізуді үнемі басты назарда ұстап келеміз. Биылғы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендердегі көшелерді жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 6,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражаттар есебінен ағымдағы жылы 19 шақырым күрделі жөндеу, 334 шақырым автожолдар мен 4 жасанды ғимараттар орташа жөндеуден өткізілуде. Міне, көріп отырсыздар, атқарылған жұмыстардың қатары көп. Дегенмен, алда тұрған міндеттер шоқтығы одан да биік. Құрметті сала қызметкерлері!
Ел экономикасын еселеу жолындағы еңбектеріңіз әрқашан табысты болсын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді облыс әкімі К. Көкірекбаев. Облыс басшысы сонымен қатар облыста құрылыс, жол-көлік саласын дамытуға қосқан қомақты үлестері үшін және кәсіби мереке құрметіне бір топ еңбек озаттарына «Құрметті құрылысшы», «Құрметті автокөлікші», «Үздік автокөлікші» төсбелгілерін тапсырып, Құрмет грамотасымен марапаттады. Келесі кезекте облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов мерекелік лебізімен бөлісіп, салтанатты жағдайда сала озаттарына облыстық мәслихаттың Грамоталарын табыс етті. Лебіздер легі мұнымен шектелген жоқ. «СтройМастерЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Галина Малетина, «ТаразТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәмбет Күшікбаев ізгі тілектерімен бөлісіп, әріптестерін айтулы мерекемен құттықтады. Мереке мұнан ары концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл кеште тараздықтар сонау Ташкент қаласынан ат арытып келген «Ялла» тобының өнерін тамашалады. Топ мүшелері ел аузындағы «Шығыста», «Шәйхана» әндерінен бөлек жаңа туындыларын орындап, көптің көңілінен шықты. Тіпті, алаңға шығып, мың бұрала билегендер де болды. Концерттік бағдарлама соңы ғаламат отшашумен аяқталды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді