«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңдау жасау да патриотизммен тамырлас

Таңдау жасау да  патриотизммен  тамырлас
ашық дереккөз
Таңдау жасау да патриотизммен тамырлас

Елді, Отанды, туған жерді сүю қай кезде де маңызды. Сүю жауапкершілік сезімімен ұласқанда, парасаттылық алға шығады. Сондықтан да патриотизм сезімін тек ел басына қатерлі сәт туғандағы кезбен байланыстырып қарауға болмайды. Патриотизм сезімі қарапайым тірлікте де, ел үшін сындарлы сәтте де адам өмірінің мәніне, басты өлшеміне, бағыт-бағдарына айналуы керек. Қазіргі ел Президентін сайлау кезеңі де, ең алдымен, әрбір азаматтың өз Отанын сүю, оның болашағына аса жауапкершілікпен қарау сезімімен, таңдауымен ұштасып жатуы қажет деп білемін. Мұнда да бейтараптыққа немесе жеңіл ойлылыққа, жауапсыздыққа жол берілмеуі тиіс. Әрбір азаматтың таңдауы елін сүюмен, оның болашағына деген шын алаңдаушылық, жауапкершілік сезімімен жалғасуы керек деп ойлаймын. Осындай жауапты кезеңде көпшіліктің назарын патриотизм сезімінің маңыздылығына аударғым келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл қасиетті сезімге: «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», деп анықтама береді. Яғни патриотизм сезімін алыстан, қиял әлемінен, болмаса ғарыштан іздеудің қажеті жоқ. Патриотизм күнделікті өмірден – өз отбасыңа, ортаңа деген шынайы сүйіспеншілік сезімнен басталады. Ол жеке азаматтың адамдық сезімінен, жүрек отынан қуат алып жатады. Бұл қастерлі сезім жөнінде әр уақытта да айтылған. Патриотизмнің аса маңыздылығы мен қажеттілігі туралы аты аңызға айналған халық батыры Б.Момышұлының тамаша сөздерін білеміз. Оның сөздері шайқас даласында жауынгерлерді жігерлендіру, жеңіске жету мақсатында айтылса да, халықтық ұғыммен тығыз байланысты болды. Өйткені патриотизм ұғымы жаттанды, әсіреқызыл сөз емес, ол көпшілікке түсінікті және жүректен шыққан, қажетті тұста айтылған жалынды, жігерлі сөз болуы да қажет еді. Ұрыс даласында айтылған «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген жалынды сөздің қаруластарына қаншалықты күш-қуат бергенін Баукең «Москва үшін шайқас» кітабында жақсы жазады. Танымал қоғам қайраткері, философ Амангелді Айталы «Ұлттану» атты монографиясында: «Патриотизм – ол отаншылдық, ол – туған жеріне, ұлтына деген адал ниет, мемлекеттің күш-қуатын, өміршеңдігін, тұтастығын қорғайтын рухани тірек» деп анықтама береді. Біздіңше, қайраткердің бұл сөзінде де үлкен мағына бар. Патриоттық сезімнің мемлекетшілдік сезіммен де астасып жатуы маңызды. Отандық өнеркәсіпті қолдау, отандық өнімді сатып алу – бір қарағанда, күнделікті тұрмыс қарекеті сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл да патриотизм сезімінің көрінісі. Кейде қоғамдық қарым-қатынас та патриоттық ұғымның арнасын кеңейтетінін уақыт көрсетіп отыр. Қазір біздің сөз қолданысымызда «Қазақстандық патриотизм» деген атау да бар. Оның түпкі мәні, себебі де көпшілікке жақсы таныс. Сан ұлттың өкілдері тағдыр толқынымен бүгінде Ұлы Дала елінде өмір сүріп, бақытты тұрмыс кешуде. Олар қазақ жерін екінші Отаным деп біледі. Иә, олар да қазақ даласын – бүгінгі қасиетті мекенін сүюі, оның өркендеуіне қызмет жасауы керек. Бұл – бүгінгі өмір шындығы. Дарқан қазақ халқы патриотизм сезімін мақал-мәтелдерде жақсы айшықтаған. «Отан отбасынан басталады», «Өз елің – алтын бесік», «Туған жерге туыңды тік», «Басқа жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Елін сүйген – ер болар», «Ерлік білекте емес, жүректе» деген қасиетті ұғымдарды жастардың санасына сіңіріп өсіруді мұрат тұтқан. Патриотизм сезімі адамға әрдайым қажет. Ол өміріңнің айнымас бір бөлшегіне айналып жатуы тиіс. Ендеше, еліміздің басты саяси науқаны – Қазақстан Республикасы Президентін сайлау кезінде патриотизм сезімінен айнымайық дегім келеді. Ләззат БӨЛЕЕВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Математика» кафедрасының доценті.

Ұқсас жаңалықтар