Әңгіме
Жолай тоқтап, ала кетпек болған жеңіл көліктің біріне мінген жоқ. Күндіз сирек жүретініне қарамастан, «Икарусты» ұзақ күтті. Сонадайдан көрінгеннен, астына түсе жаздап, қолын қайта-қайта сермеп, жолын тосты. Баяу сырғып тура қасына келгенде тоқтап, пыс етіп есік ашқанда, жүрегі аузына тығылардай, көңілі өрекпіді. Қараптан-қарап тамағына өксік тығылып, аузына кермек дәм келсін. Аңсағанның дәл осы автобустың анасына апарарына күмәні жоқ. Тек осы көлік қана Алматыға адаспай баратынына сенімді. Неге екенін, осы бір ой бала кезінен көңіліне нық орнығып қалған. Сонау бір түні «Икарус» өткір жарығы түнек қараңғылықты тіліп өтіп, зулап келіп, кілт тоқтаған еді. Сонда анасы көзінен жылып аққан жасын сүртпестен бұны құшағына қысып тұрып, көп сөйлеген. Құлағында қалғаны – ұзамай Аңсағанды бұл ауылдан алып кететіні, сосын екеуі бақытты өмір сүретіні.Содан бері Аңсаған ұзамай келетін бақытты ұзақ күтті. Ауылда атасы мен әжесі бар мейірімін төгіп баққанмен, көңілі әлденеге алаңдаулы. Сонау түні түнекті де жарып өтіп, зулап жеткен «Икарус» та сол күйі келмей қойды. Бұл ұйықтап жатқанда басқа жақтан айналып өтіп кетіп жүрді ме екен әлде. Тақтайдай тегіс бетон жолда алып «Икарус» теңізде жүзіп келе жатқандай, жүйтки түсті. Рас, Аңсаған кеменің қалай жүзетінін білмейді де. Теңіз тұрмақ, ауыл шетіндегі кішкентай көлден басқа өзенді де көрген емес. Бірақ кітаптардан оқығаны бар. Кітап оның жұбанышы еді. Әсіресе анасын сағынғанда, сағынышы кішкентай жүрегіне сыймай, кемерінен асып, көзінен жас болып төгілгенде Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесін» оқитын. Соны қайталап оқыған сайын бойына күш-қайрат біткендей сезінетін. Әкеге деген алапат сағынышын арқалаған бала Тұрар ғана бұның жан сырын түсінетін секілді. Сондай сәттерде Тұрармен бірге Қызыл жебеге мініп, қиялымен сонау қол созымда тұрғандай көрінген Аспараға қарай ағызып бара жататын. Неге екенін Аспараға қарағанда Аңсағанның кеудесін басқан зілмауыр сағынышы сәл жеңілдеп қалатын. Сағыныштың да салмағы барын сонда білді ол. Осы таудың етек жағындағы бір ауылда оның нағашысы тұрады. Сонда барғысы келеді. Бір сезім сол жаққа қарай магниттей тартады бұны. Бірақ бара алмайды. Барғысы келгенін айтса, атасы мен әжесі өкпелейді. Қайтсін енді. Құдай санасыз қып берген ұлдан көрген жалғызы ғой Аңсаған. Айырылып қаламыз ба деген үрей бар күні-түні маза бермейтін. Бұл – әжесінің сөзі. Құдай оған бір ғана перзент беріпті. Бала кезінде сондай сүйкімді, қылығы да тәп-тәтті еді. Былдырлаған тілін қызықтап жүргенде жалғызының санасыз болып өсерін ойлап па?! Алғаш мектепте көршінің баласын ұрып, мұрнын бұзғанда әлі басылмаған еркелігі ғой деген де қойған. Бірақ Ажар ұлын қатаң жазалап, бұның дұрыс емес демеді. Кейін осынысы үшін талай түн көз ілмей, өкінген. Міне, енді, сол өкініш кеудесін тырмалап, маза бермейтін, ішінен бір толас таппай уілдеп тұратын өксікке ұласты. Жалғызының Құдай сүймес ісін жасыру үшін біреудің уылжыған жап-жас қызының обалына қалды. Бәрібір екеуі жарасып кете алмады. Бір ғана жұбанышы – қартайғанда алданыш қылар Аңсағаны. Жасаған пендесін түзу жолдан бұрып, адастырам десе әп-сәтте екен. Тегіне ауыр қарғыс жабысқанын білмей, түр-тұлғасының ірілігіне, етінің тірілігіне қарап, осы жалғызының әкесінің етегін ұстап, өз өмірін өксіткені аздай, он сегізге толмаған жас қыздың бағын байлағаны несі десеңші! Бір рудың тағдыр таңбасы содан бері талай өзен суалып, айдын көлдер тартылып, талай ұрпақ ауысса да өзгермегені қалай?.. Өткеннен сабақ алмады ма, өсіп-өнуге ұмтылса да, бір ауылдан әріге аса алмады. Сол жерге өзінің де, өзгенің де болашағын неге байлады екен, соны түсінбейді қазір Ажар кемпір. Бәлкім әу баста Жалғасының маңдайына жазылғаны осы шығар. Сол күнгі оқиға әйтеуір ерте ме, кеш пе алдынан шығар тағдырының сынағы болар. Аңсағаны қасында болғанын дәтке қуат ететін, бірақ осы бір ой меңдегелі Ажар кемпірге үлкен бір уайым жабысты. Содан да жалғыз немересінің болашағына алаң. Кішкентайынан анасыз өскен байғұс арғы ата-бабасынан бері неше ұрпаққа жалғасқан қарғыстың шырмауынан құтылып, тағдырын өзгерте алар ма екен?!. ...Жалғыз Аңсаған ғана емес, мектеп бітіру кешін барлық құрбылары да асыға күткен. Қандай көйлек сатып алатынын, шашын қай шаштаразға сәндейтінін жарыса айтқанда, тіпті дегбірі қалмайтын кейбіреулерінің. Ал бұл қымбат киім ала алмады. Шаштаразға да барған жоқ. Ұзын шашын бұйралап, арқасына бос тастады. Есесіне аудан орталығындағы шағын студияға барып, осы кешке арнап, жақсы ән жазғызған. Бұл ән бала кезінен құлағында қалған, анасы ыңылдап жүретін. Аңсаған әннің әуеніне елітіп бәрін ұмытты. Қолындағы микрофонды қыса ұстап, әуезді саздың иіріміне шым-шым батып бара жатқандай бір ғаламат сезімді бастан кешірді. Даусын шырқай созғанда көзін жұмып алды. Жұмулы күйде де өзіне қадала қарап тұрған екі адамның сұғын анық сезінді. Біреуі бүгінгі кешке қонақ болып келген сыныптасы Қымбаттың бөлесі екенін байқады. Ауыл баласындай емес, сәнмен киінген сырбаз да, сымбатты жігіттің назарын өзіне аударғанына іштей көңілі тоқмейілси қалғандай ма, қалай? Ал екіншісі осы 11-сыныпқа көшкенде басқа ауылдан көшіп келген Саят. Озат оқушының біреуі. Бақылау тестін тапсырғанда да ең жоғары балды сол жинайды. Бірақ ақылы озық болғанымен, есі тұрақты емес секілді. Кей кездерде әлденені айтып, сандырақтап кетеді. Содан ба, Аңсаған одан бойын аулақ ұстауға тырысатын. Ән шырқап болып, микрофонды жүргізушіге ұстата беріп, өзіне қарсы жүрген бейтаныс мейман жігітке титтей де күмәнданбастан, ұсынған бокал толы сусынды сіміріп салды. Дәл осы сәтте үнтаспадан әсем саз әуелей жөнелген. Аңсаған биге шақырған жігіттің құшағында вальстің ырғағымен тербеліп бара жатқанын біледі. Мейрамхананың қараңғылау бөлмесінде бейтаныс жігіттің құшағында отырған жерінде есін жиды. Ерніне сүлікше жабысып, өліп-өшіп аймалап жатқан жігіт жанталасып, көйлегінің түймелерін ағытуға кірісіпті. Басы айналып, меңіп тұр. Есі кіресілі-шығасылы күйде жалма-жан оны бар күшімен итеріп қалды. Ол осындай әрекеттің боларын күткендей-ақ, еш саспастан қайта ұмтылды да, ту сыртынан біреудің төніп келіп қалғанын сезіп, кілт тоқтады. Сөйтті де, жалт бұрылып, тез-тез басып бөлмеден шыға жөнелді. Алакөлеңкелеу болса да Аңсаған Саяттың көзі қызарып, қанталап кеткенін көрді. Дәл осы сәтте елірмесі ұстап қалған секілді. Қалшылдап тұр. Жанымен алысып, өзімен-өзі сөйлесіп кетті. Даусы адам аярлықтай... Жаңа әзірде ішкен шырынға бірнәрсе қосылған-ау шамасы, Саяттың ақ сақалды қариямен сөйлесіп отырғанын енді байқады. Елес емес, жын да, әруақ та емес секілді. Шал Саятқа Аңсағанның өз қарындасы екенін айтты да, тарамыс қолымен бұның шашын саумалдай тарап, арқасынан қақты. Қарт ендігі әңгімесін екеуіне арнады. Жанын Жаратқан бергенімен, бітімін әзәзіл мүсіндеген соң әйел баласының ісі бірде оң, кейде бұрыс тартып тұратыны бар ғой. Сарықарын бәйбіше ерінің соңғы кезде кіші тоқалдың отауынан шықпайтынын ойлап, мазасы қашты. Қылымсыған сайқалдың тапқаны ұл болғанын қарашы. Бидің жас нәрестенің тәтті иісіне елітіп, бұдан туған ожар баладан жеріп кетпесіне кім кепіл? Қазір қылықты жас әйелдің ақыл-инабатына тәнті боп жүр өзі. Ертең анасынан ақыл қонған бәле ауылды аузына қаратса ше?! Жо-жоқ, бұлай қарап отырудың жөні жоқ. Ол күшіктің көзін құрту керек... Аптап ыстықтан қорынып, баспалап көлеңке аңдыған шағын ауылдың жұрты шаңқай түсте шар етіп, жылаған нәрестенің даусынан шошынып, әп-сәтте дүрлігіп қалған. Би баласы басынан зақымданыпты. Ат шаптырып алғызған емшінің қолының шипасы бар екен. Аман қалды. Бірақ бөтен істің кімнен келгенін ешкім аңғарған жоқ. Бәйбіше соған шүкір деді. Алайда ақылды тоқалдың «Кімнен келсе де, жамандық иесін тапсын. Жүзге жетпесін, жүзге жетсе де күзге жетпесін» деген қарғысын естігенде сыр алдырмағанымен, көңілі құрғыр алаң... Аңсаған түс көргендей аң-таң. Ал ақсақал көңіл түкпіріндегі сырды бүкпесіз ақтарды-ау келіп. Содан бері бәйбішеден туған ұлдан тараған ұрпақ үнемі бір қырсыққа тап келіп тұрады екен. Өткеннен сабақ алмаған соң кедергіге кезіккен сайын айналып өтемін деп, тағы бір күнә арқалай берген. Осылайша алға қарай басса да адымы ашылмай, сорлай түскен. Содан бері талай ұрпақ ауысты. Аңсағанның әкесі де тағдырдың осы шырмауынан шыға алмапты. Әуелде әке-шешесі оны бетімен жіберді. Құрсауды бұзып өту керегін ескертпеді. Бір сәттік қызық қуып жүріп қой қыз зорлап, істі болғаны. Саят – сол күнәнің жемісі. Осыны айтып қария ғайып болды. Естіген-көргені шын ба, әлде... Басын көтерсе, Саят та кетіп қалыпты. Сол күнгі оқиғадан кейін Аңсаған оны көрмеді. Атасы екеуі тағы басқа жаққа көшіп кетті ме? Ол туралы құрбыларынан сұраса, бәрі бұның бетіне аңырайып қарайды. Тіпті осы «олардың сыныбында Саят деген бала оқыды ма екен?» деп ойлағаны да бар Аңсағанның. Кішкентайынан анасыз өскен байғұс арғы ата-бабасынан бері неше ұрпаққа жалғасқан қарғыстың шырмауынан құтылып, тағдырын өзгерте алар ма екен?! Жылай-жылай суалған жанары буалдыр тартқан әжесі бұл сөзді Аңсағанға талай айтқан. Бала кезінде оны бір қорқынышты ертегі деп ойлайтын. Соны естігенде бойын белгісіз бір үрей билеп, Ажар кемпірдің қолтығына тығыла түсетін. Кейін есейгенде бұл осы ауылды қоныс еткен бір рулы елдің өткен тарихы екенін білді. Бірақ оны ел аузында қалған аңызға балайтын. Сол жолғы оқиғаны әжесіне айтпаған еді. Енді, міне арманыма жетемін деп жолға шыққанда көңіліне сол бір қорқыныш қайта ұялап тұр. Аңсаған автобустың терезесінен биік шыңдары мұнартқан Алатауға қарады. Сағымға оранып, сағынышқа айналып, енді оралмас балалығы артта қалып барады.
Тараз қаласы.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді