Тағы бір тарихи қадамға аяқ бастық

Тағы бір тарихи қадамға аяқ бастық
ашық дереккөз
Тағы бір тарихи қадамға аяқ бастық

Биыл Мәңгілік Елдің саяси өмірі өзгерістерге толы болды. Оның ішінде Елбасы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімін жариялады. Енді, міне, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс бүкілхалықтық президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Бұл шынында да саяси, әлеуметтік, тарихи маңызы бар қажетті іс деп санаймын. Өйткені ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бағытымызды айқындауда бұл өзгерістің орны айрықша. Себебі дүниежүзінде болып жатқан өзгерістердің, небір сынақтардың жиілеп кеткен уағында Президенттің өкілеттігі толық болуы қажет. Сонда ғана ол күрделі шешімдерді батылдықпен қабылдайтын болады. Сайлауға түсіп, халықтың сенімін алған тұлғалар ғана республика атынан батыл шешімге бара алады. Сәйкесінше елімізде жоғарғы билік заңды жолмен ауысты. Билікті бейбіт жолмен беруде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өте дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Заңға сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылға дейін сайлауға түспей-ақ билікте отыра беруге құқығы бар еді. Алайда ол өте дұрыс қадам жасады. Өйткені сайланбаған Президентке деген сенім бəрібір төмендеу болады. Ол елдің ішінде ғана емес, сыртқы қатынастарда да білінеді. Əріптес мемлекеттердің басшылары, ірі инвесторлар Президенттің кепілдіктеріне сенімсіздікпен қарауы ықтимал. Сондықтан елдің атынан маңызды шешімдер қабылдау үшін оның халық атынан сайланғаны өте дұрыс. Бұл саяси науқанға барлық саяси партиялардан үміткерлер тіркелетіні белгілі. Сайлаушылар олардың арасынан ең сенімдісін таңдап, дауыс береді. Осының өзі демократиялық қағидаттың бізде толық орындалып отырғанын байқатады. Халықтың таңдауымен, елдің тікелей еркімен сайланған басшының өзі де, сөзі де салмақтырақ болатынын айтып жатудың өзі артық. Сәт санап өзгеріп жатқан заманда Ұлы Дала Елінің ұлы межеге ұмтылған ұлан-ғайыр көші де еш тоқтамағаны абзал.

Гүлжан ТІЛЕУБЕРДИЕВА, облыстық мәслихаттың депутаты.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар