Елорданың жемқорлыққа қарсы стратегиясының тиімді екені бүгінде іс жүзінде дәлелденіп отыр. Бұл жоба сыбайластық әрекеттермен күрес жүргізуге қоғамды жұмылдыруымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолға алынған нақты шаралар түйткілдерге дер кезінде атқарушы биліктің назарын аударып, шешімін табуына ықпал етеді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында басқа облыстарға да осы тәжірибені пайдалануды ұсынғаны сондықтан. Аталған жоба тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюды және азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауды көздейді. Сол үшін жоба жетекшілері барлық салада қоғамдық бақылау жүргізіп, орын алып жатқан олқылықтарға немқұрайды қарамауға шақырады. Осы мақсатта былтыр облыстық әкімдікте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мен өңір басшысы Асқар Мырзахметов «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойған еді. Ондағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге деген жалпы төзбеушілікті қалыптастыру. Бұл бір жағынан аймақтағы мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыра түсері сөзсіз. Жоба шеңберінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы «Адалдық дүкенін» ашу бастамасын көтерген еді. Бұған республикамыздың әр өңірі қолдау көрсетіп, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алғалы да бірнеше айдың жүзі болды. Аталмыш агенттіктің облыс бойынша департаменті басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың айтуынша, осы аралықта өңірімізде жоғары, арнайы және орта білім беру мекемелерінде өздеріне шақталған барлығы 168 «Адалдық дүкені» іске қосылды. Ал мемлекеттік органдарда, атап өтсек, облыстық полиция департаментінде – 3, Жамбыл ауданы әкімдігінде осындай бір орын ашылса, енді міне, облыс әкімінің аппаратында да «Адалдық дүкені» өз тұтынушыларына қызметін ұсынып отыр. Бұл – атына заты сай сауда орны. Өйткені мұнда келген тұтынушы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша қажетті заттарды сатып алып, тауарының ақысын кассалық жәшікке қалдыру арқылы есеп айырысады. Дүкеннің сатушысы жоқ. Мұндай дүкендер желісін іске қосу – қызметкерлерді парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеудің бір тәсілі.
«Aq jol-Aqparat».
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




