Облыс әкімі Асқар Мырзахметов биылғы жылдың 22 ақпанында облыс тұрғындары алдындағы есебінде берген уәдесін орындап, Тараз қаласындағы Шалғай Қарасу әкімшілік аумағының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жергілікті тұрғындардың талап-өтініштері тыңдалып, оны шешу жолдары атап көрсетілді.
Өңір басшысы қордаланған мәселелерді шешу бағытында жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілген уәде сөз жүзінде қалып қоймауы үшін тұрғындармен арада келісім жасалатынын айтты. Қаланың темір жолдың арғы бетіндегі бөлігінде тұратын 70 мыңға жуық тұрғынның атқарушы билікке айтар базынасы аз емес екен. Мұнда шешімін күткен мәселе көп-ақ. Мектеп, емхана керек, балабақшаға да сұраныс бар. «Үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен жойылды» деп есеп берген білім саласы мамандарының сөзін мұндағылар жоққа шығарып отыр. Көшенің жарықтандырылуы былай тұрсын, электр қуаты да жеке үйлер үшін қолжетімді емес. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселеге байланысты сала басшылары жеке-жеке жауап берді. Тиісті сала басшысының айтуынша, бұл аумақтан алдағы уақытта 600 орындық мектеп ғимараты салынуы жоспарланған екен. Оның құжаттары қаралу үстінде, екінші жартыжылдықта қаржы бөлінсе, мектеп ғимаратының келесі жылы құрылыс жұмыстары басталмақ. Облыс әкімі бұл істі бұлай ұзаққа созбай, осы жазда бастауға пәрмен берді. Айта кету керек, бұл білім мекемесінің құны қайта есептеліп, 1 миллиард 700 миллион теңгеден 1 миллиард 80 миллион теңгеге төмендетілген. Осылайша бюджет қаражатының 620 миллион теңгесі үнемделіп отыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша да айтылар сын көп. Тегін дәрі-дәрмек оны қажет ететін азаматтарға дер кезінде жетпейді, жедел жәрдем қызметіне де жеделдік керек-ақ. Бұл мәселе тұрғындар арасында жиі көтерілуде. Осыған байланысты өңір басшысы тегін препараттарды беру тәртібін қадағалау мақсатында арнайы комиссия құрылуы керектігін қадап айтты. Аталған аумақтағы жолдың ми батпақ болып езіліп жататыны жергілікті жұрттың біраздан бері «бас ауруына» да айналып келеді. Тұрғындар алда-жалда жауын-шашын орын алса, батпаққа белшемізден батамыз деп шырылдайды. Қоғамдық көлікпен қатынау да қиын, жол бойына жол белгілерін орнату қажет. Бұл салаға жауапты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Б.Жәнібеков «ертең-ақ бұл іске бел шеше кірісеміз» деп уәде берді. Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтылған мәселелердің бәрі де оң шешімін табатынын, жұртшылықтың талап-тілектері бұрынғыдай сөз күйінде қалмас үшін ендігі жерде билік пен бұқара арасында өзара нақты келісімдер жасалатындығын жеткізді. Өңір басшысының бұл ұсынысына көңілі толған тұрғындар әкімге деген ізгі тілектерін тіпті өлең жолдарымен өрнектеп те жіберді. Жиын соңында Асқар Мырзахметов осындағы мектеп ішінен ашылған Мағжан Жұмабаев музейіне кіріп, құрметті қонақ ретінде қолтаңбасын қалдырды.
Аягөз Тілеуханқызы, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді