мұғалім мәртебесін көтеру туралы заңнан үлкен үміт күтеміз

мұғалім мәртебесін көтеру  туралы заңнан үлкен үміт күтеміз
ашық дереккөз
мұғалім мәртебесін көтеру туралы заңнан үлкен үміт күтеміз

«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс».

Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан.

Бұл Жолдау Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері мен халықтың әл-ауқатының артуына арналды. Жолдауда көтерілген барлық мәселелер біздің қоғамымыз үшін өте маңызды. Қазақстан халқының әл-ауқатының өсуі, мектепке дейінгі білім беру сапасының түбегейлі жақсаруы және «Педагог мәртебесі туралы» Заңның әзірленуі, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетіндігі ұстаздар қауымының көңілінен шықты. Қоғамда мұғалімнің абыройы мен беделін арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалмақ. Осыған байланысты өңірлердегі ұстаздар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер күтілуде. Мақсат біреу – саналы, бәсекеге қабілетті, өз ұлтын, тілін, мәдениетін, тарихын, бір сөзбен айтқанда ұлттық құндылықтарды қастерлейтін адамды тәрбиелейтін мұғалім мәртебесін көтеру. «Бүгінгі күннің ұстазы қандай?» деген сұраққа қалай жауап берер едік. Бүгінгі күннің ұстазы көп ізденетін, коммунакативтік қасиеттері басым, жаңашыл, терең теориялық білімін өмірмен байланыстыра алатын және оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалануға бейімдейтін, кәсіпке баулитын, пәндердің әдістемесін жетік меңгерген, көптілді маман десек болады. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылатын талап өте жоғары. Ал ұстаздар қауымының өзіне деген талаптары одан да басым. Бүгінгі мұғалім – талапшыл, жаңартылған білім берудің әдістемесін меңгерсем деп күні-түні еңбектеніп жүрген қоғам мүшесі. Жақында Ақордада әкімдермен өткен жиында Елбасы Н.Назарбаев: «Тағы бір мәселе – қаптаған қағазбастылық пен есеп беру шырғалаңы. Мемлекет қыруар қаржы жұмсап мектеп, аурухана, балабақша тұрғызады, ал ол жерлерде бала оқытып, адам емдеудің орнына шаруаның көбі бағынышты органға есеп берумен өтеді. Айталық, бір ғана мұғалімнің өзі жұмысының үштен бірін есеп берумен өткізеді», деген еді. Біз өмір сүріп отырған XXI ғасырда білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Қазіргі мұғалімдердің білім беру сапасының жоғары болуы кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі тиіс. Себебі жас буынға білімнің сапалы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің деңгейіне байланысты. Әрине, нарық заманында мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделі түсіп, керісінше заңгер, қаржыгер сияқты мамандықтардың беделі әп-сәтте жоғарылап кеткендігі де жасырын емес. Алайда Президенттің өзі мұғалім мәртебесін көтеруді міндеттеп отыр. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» деп атап көрсеткендей-ақ, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және педагогикалық технологияларды меңгеру. Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, мектеп оқушыларының табиғи қабілеттерін және нақты мүмкіндіктерін анықтап, осы бағытта дамыта оқыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Бұрын мұғалім болу мәртебе еді. «Бүгінде қоғамдағы ұстаздардың рөлі төмендеп кеткен жоқ па?» деген сұрақ жиі қойылып жүр. Мұғалім мәртебесі төмендеген жоқ. Өйткені бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қолдау тапқан ұстаз мәртебесі орнына келіп жатыр дегенді үлкен сеніммен айта аламыз. Бала тәрбиесін тал бесіктен бастаған халқымыз үшін ұстаздан ұлық есім жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Жамбыл облысына келген іс-сапары барысында осы мәселе төңірегінде тұшымды ой қозғаған еді. Мұғалім мәртебесін көтеру үшін, ұстаздар даярлайтын арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге талап күшейтіліп, мектептерде өтетін педагогикалық-практикалық сағат сандарының ұлғайтылуы және педагогикалық практикаға жауапты мұғалімдерге төленетін төлемақының көбейтілуі (бұның білім сапасының артуына, әдістеменің қалыптасуына ықпалы зор) мен ЖОО бітірген түлектердің арнайы квалификациялық тесттен өтіп, мектепке жолдама алулары туралы әңгімелеген еді. Әрине, бұл мәселелер әлі талқылауға түсуде өз шешімін табады деп ойлаймын. Осыдан кейін ғана, болашақ педагог-маман «Мұғалім – мәңгілік нұрдың қызметшісі» (Я.А.Коменский) дегенді мақтанышпен айтатын болады. Болашақта қабылданатын «Педагог мәртебесі» туралы жаңа Заңға төмендегідей ұсыныстар беруді жөн көріп отырмыз: 1. Педагог – материалдық-әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген, жалақысы заман талабын қанағаттандыра алатын, саяси көзқарасы қалыптасқан бәсекеге қабілетті, креативті тұлға. Қазіргі қоғамда туындап жатқан қиындықтарға сүйеніп, педагог мәртебесін қорғау үшін мектепке оқушыларды қабылдаған кезде ата-ана мен мектеп арасында нақты келісімшарт дайындалуы қажет. Ата-ана этикалық нормаларды бұзған жағдайда, оқушы мектептен шығарылуы тиіс; 2. Білім беру қызметкерлеріне арнайы тұрғын үй беру бағдарламасы әзірленіп, қолжетімді пәтермен немесе тегін коммуналдық пәтерлермен қамтамасыз ету керек; 3. Қалалық, ауылдық жерлердің педагогтеріне коммуналдық қызмет көрсету және айлық ақылары мен тарифтік бағамдарына үстеме қаржы көзін қарастырған жөн; 4. Педагог-қызметкерлердің денсаулығына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мән берілсе; 5. Шет мемлекеттерде педагогтердің біліктіліктерін жетілдіруге арналған тегін бағдарламалармен оқыту жүйесі жолға қойылса. Елбасының педагог мамандарды қолдауының арқасында Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына кәміл сенеміз. Көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов: «Халықпен халықты теңестіретін – білім» деген болатын. Сондықтан сапалы білім мен саналы тәрбие беру – бүгінгі педагогтердің басты міндеті.

Лескүл ИБРАИМОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өнер және мәдениет факультетінің деканы.

Ұқсас жаңалықтар