«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбекті қорғауға немқұрайды қарамау қажет

Еңбекті қорғауға немқұрайды қарамау қажет
ашық дереккөз
Еңбекті қорғауға немқұрайды қарамау қажет
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан белгілі бір жүйені қалыптастыруды қажет етеді. Оған, әсіресе жұмыс берушілер мүдделі болуы тиіс. Басшылық тарапынан тұрақты бақылауға алынса, жұмыс орындарында келеңсіз жайттар азая түсері де сөзсіз. Халықаралық енбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 2 миллионға жуық адам өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қаза табады екен. Жыл сайын 270 миллион өндірістік жарақат алу оқиғасы және 160 миллион кәсіптік аурулар тіркелетіні әлем елдерінде еңбек қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті екенін көрсетіп отыр. Алысқа бармай-ақ еліміздің әр түкпірінде орын алған жағдайлардың өзі ойландырады. Мысалы, былтыр республика кәсіпорындарында 1 568 адам зардап шегіп, жазатайым оқиғалардың 220-сы адам өлімімен аяқталған. Бірақ бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға төмендеген. Ал облыстық көрсеткіштерге келетін болсақ, өткен жылы облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде 48 жазатайым оқиға тіркеліп, 60 адам зардап шеккен. Оның 10-ы адам өліміне әкеп соққан. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға төмендегенімен, алаңдатарлық жағдай. Ел Конситуциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқын жазылған. Сол себептен, қауіпсіз еңбекті қалыптастыру, жұмыскерлерге еңбек жағдайларын жасау – баршаға ортақ міндет. Біздің мамандар орын алған жазатайым оқиғалардың бәріне талдау жүргізді. Жасалған талдауға сәйкес, солардың басым көпшілігі жұмыскердің өрескел абайсыздығынан орын алғаны анықталды. Ал жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру салдарынан 21 жұмыскер зардап шеккен. Өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 12 адам жол-көлік оқиғаларына тап болған. Жалпы жазатайым оқиғаларды болдырмау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында қолданыстағы еңбек заңнамасында жұмыс берушілерге бірқатар міндеттер жүктелген. Оның ішіндегі негізгісі – жұмыс беруші қауіптің алдын алу шараларын жүргізуге міндетті. Өндірістік жабдықтар мен технологиялық үдерістерді неғұрлым қауіпсіз түрлерімен ауыстыру арқылы жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдерді болғызбау жөніндегі шараларды қабылдауға тиісті. Сонымен қатар жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және меншікті қаражаты есебінен өндірістік үдеріс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуі керек. Жұмыс беруші бекіткен актідегі тізімге сәйкес, еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда үш жылда бір реттен басшы жұмыскерлер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту жүргізіліп отырғаны абзал. Сондай-ақ олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруы керек. Жұмыскерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасалғаны жөн. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқ киімін беруді және жөндеуді, оларды профилактикалық өңдеу, жуу және дезинфекциялау құралдарымен, медициналық қобдишамен қамтамасыз ету – маңызды шарттардың бірі. Сүтпен немесе бірдей тамақ өнімдерімен және емдік және профилактикалық тамақтануға арналған арнайы өнімдермен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті. Жалпы жыл сайын басқарма еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелері бойынша оқыту жұмыстарын жүргізген ұйым өкілдерін тарту арқылы қауіпсіздік мәселесі бойынша біліктіліктерін арттырған мамандардың білімдерін тексеріп отырады. Есепті мерзімде осындай сынақтан жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты мамандары, нақты айтсақ, 1739 адам өтті. Қазір облыс кәсіпорындарында 1002 еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылып, оларда 1250 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, 932 еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиясы жұмыс атқаруда. Қорыта айтқанда, еңбек қауіпсіздігі мәселесі немқұрайдылық пен қателіктерді кешірмейтіндігін ескерген абзал. Ернар ЕСІРКЕПОВ, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар