«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлыс күні осылай оралған еді

Ұлыс күні осылай оралған еді
ашық дереккөз
Ұлыс күні осылай оралған еді

Наурыз мейрамы жыл сайын жаңғырып келеді. Ұлыстың ұлы күні былтырдан бері облыс орталығында әр күнге ат қойылып, айдар тағылып, тоғыз күн бойы тойлануда. «Көрісу», «Тағзым», «Алас», «Мейірім», «Ынтымақ», «Береке» деген атауларынан-ақ мерекенің мазмұны қаншалықты байығанын көреміз. Өзінің мың жылдық тарихында табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналған, 2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен халықаралық мәртебе иеленіп, ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Наурыз мейрамының осыдан отыз жыл бұрын елімізге, оның ішінде Қордай жеріне оралу тарихынан аз-кем сөз қозғаған артық болмас. 1926 жылы Кеңес одағы кезінде «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен Наурызды мемлекеттік деңгейде тойлауға тыйым салынғаны мәлім. Үкімет мерекені атап өткендерді қуғындауға көшті. Бірақ ғасырлар бойы атадан балаға жалғасқан бұл дәстүр халықтың санасынан өшкен жоқ. Содан алпыс екі жыл бойы ол отбасылық өлшемде ғана тойланып келді. Көктем туа ауыл үйлерінде жарыса наурыз көже пісіріліп, үлкендер жағы немерелерін ертіп, көше бойлай қыдырып, ақ тілекпен олардың дастарханынан дәм тататыны, «үйдегілер ауыз тисін» деп көжеден ыдысқа құйғызып ала келетіні есімізде қалыпты. Одан бөлек айрықша бір мерекелік нышан байқалмайтын. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын Наурыз қазақ жеріне кең ауқымда қайта оралды. Ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастап, Өзбекәлі Жәнібековтей бір топ ұлт зиялылары оны қостап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге хат жазып, қабылдауында болып, Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілту үшін айрықша тер төкті. Наурыздың ешқандай да діни астары жоқ шығыс дәстүрімен жыл басын қарсы алу, адамдардың өкпе-реніші болса бірін-бірі кешіріп, рухани тазаруға, бірігіп ағаш отырғызуға, дәстүр-салтты насихаттауға жұмылдыратын мереке екені дәлелденді. Ақыры КСРО үкіметі рұқсат беріп, 1988 жылы 30 наурызда Алматының М.Горкий атындағы орталық саябағында Наурыз мейрамы тұңғыш рет тойланды. Оған жүз мыңдай адам қатысты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін «маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар» деген айыптаудан көңілі пәсейген ұлтымыздың алғаш рет еңсе тіктеп, Наурызды бүкілхалықтық мерекеге айналдырғаны осы кез болатын. Ұлттық мейрамын сағынған халық сол жылы еңбек ұжымдарында кезек-кезегімен сонау қыркүйек айы орталанғанша Наурызды тойлады. Келесі 1989 жылы Наурыз мерекесі бүкіл еліміз бойынша атап өтілді. Қазақстанның ізінше Өзбекстан мен Түрікменстан, Қырғызстан да Наурызды тойлауды бастады. Ал Қордай жеріне Наурыз тойы 1989 жылы 17 наурызда келді. Күн сенбі болатын. Чапаев атындағы колхозда өткен бұл салтанат ежелгі наурыз мейрамының оралу қуанышын паш еткен аудандағы алғашқы оқиға еді. Ол кезде Наурызды тойлаудың белгілі бір үлгісі жоқ, кітаптарды ақтарып, көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйенген ұйымдастырушылар мерекенің мазмұнын ашуға аса бір қызығушылықпен кіріскен. Ертелеп ауылды атпен аралап Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу кейпіндегі жаршылар домбырасын бебеулете әндетіп, термелетіп жұртты мерекеге, әрі көне, әрі жаңа Наурыз тойына шақырған. Көше-көшелерде кимешек киген, төбесіне қарқарадай күндік ораған апа-әжелер, сеңсең бөрік, үш құлақты түлкі тымақ киіп, етегі жер сызған шекпендерін шарт буынған аға-аталар, әсем сәукелесі мен бүрме етек көйлегі жарасқан қыпша белді арулар, сауыт-сайманы сай, жараулы атын ойнақшыта тебінген дулығалы батырлар... Тіпті бала екеш балаларға дейін жарасымды, ықшам ұлттық киімдер киінген. Шығыс күнтізбесі бойынша Ұлу жылы аяқталып, Жылан жылы табалдырықтан аттаған күнді жұрт «Наурыз құтты болсын!», «Жаңа жыл берекелі болғай!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген ақ тілектерімен қарсы алып, бір-бірімен төс қағыстыра көріскен. Жұрт тайлы-таяғы қалмай жиналған қырман алаңында ауылдың әр көшесінің атынан тігілген киіз үйлердің де іші-сырты бірінен бірі өте безендірілген еді. Төрінде ұлттық тағамдардан қайысқан мол дастархан, көздің жауын алар жиһаздар – кебеже, сандық, жүкаяқ, жиюлы жүк, жаюлы сырмақ, құрулы шымылдық, ілулі аң терілері, ер-тұрман әбзелдері дегендей. Ал сыртта өрмек тоқыған, жүн сабаған, ұршық иірген, ою ойған, киіз басқан, қыл арқан ескен, диірмен тартқан, күбі піскен кимешекті әйелдер, мылтығын тазалап, бүркіті мен тазы, тайғанын баптаған, атын ерттеп, үзеңгіге аяқ салған аңшылар, құрығын сүйреткен жылқышы, домбырасын қағып-қағып жіберіп ән мен жырды әуелеткен әнші серілер мойын бұрғызады. Сәбиді бесікке салу, тұсау кесу, беташар рәсімдері көрсетіліп жатты. Әудем жерде түтіндеген қазан-ошақтарда ет асылып, бүгінгі күннің басты тағамы наурыз көже дайындалды. Мерекенің ресми бөлімінде колхоз партия ұйымының хатшысы Дүйсебай Райымқұлов Наурыз мерекесінің оралуы құрметіне арналған салтанатты митингіні ашып, сөз кезегін ауылдың ең үлкен қариялары Мәжит Несіпбаев пен Зиядат Еділбаеваға берді. Олар Наурызға орай халықтың танымы, әдет-ғұрпы, жол-жоралғысы, неше түрлі ойын-сауығы жөнінде әңгімелеп берді. Жиналған қауымды аудандағы алғашқы Наурыз мерекесімен құттықтап, аудандық партия комитетінің хатшысы Нұрсила Бегалиева, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Тұрсынбай Әбдірахманов, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Серік Әбітбеков бастаған қонақтар сөз сөйледі. Сол күні той қызығы қас қарайғанша басылған жоқ. Арада отыз жыл өткенде, адалын айту керек, Наурыздың Қордай жерінде алғашқы жылдан-ақ шадыман шабытпен тойлануына аупарткомның сол тұстағы үшінші хатшысы болған Нұрсила Оспаналықызының айрықша үлесі болды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, бұған дейін ешбір үлгісі болмаған, сценарийі жазылмаған Наурыз тойын баршаның сүйікті мерекесіне айналдыруға жан-тәнімен кірісті. Мәдениет және өнер саласындағы басшылар мен мамандарды, білікті ұстаздарды ізденіске, жасампаздыққа жұмылдыра білді. Қаракемерліктер тұсауын кесіп берген Наурыз тойы бір ай бойы басқа да шаруашылықтарда, мектептер мен мекемелерде түрліше жалғасып, сәуір айының соңында Кенен ауылында аудандық деңгейде кең көлемде атап өтілген болатын. Бұл жолы мерекеге Қордайда мекендейтін өзге де ұлттар белсене атсалысты. Қазақтармен қатар, өздерінің ұлттық киімдерін киген орыстар, немістер, дүнгендер, әзірбайжандар ән-билерін ортаға салды, дәстүр-салттарын көрсетті. Сөйтіп, Наурыз бүкіл еліміздегі тәрізді қордайлықтардың да жылма-жыл асыға тосып, қызыға тойлайтын мерекесіне айналды. Наурызға орайлас жыл сайын «Қыз сыны», «Жігіттің сұлтаны», «Әнші балапан» тәрізді аудандық байқаулар ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан, ат спорты түрлерінен жарыстар өткізіле бастады. 1991 жылы 15 наурызда Елбасының Жарлығымен наурыздың 22-сі халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жарияланды. Содан бастап наурызды әркім қалауынша әр уақытта емес, астрономиялық тұрғыда дәлме-дәл көктемгі күн мен түн теңесетін күнде тойлауға көшті. 2009 жылы 24 сәуірден 21, 22, 23 наурыз «Наурыз мейрамы» болып жарияланып, келесі жылдан бастап бұл үш күнді қатарынан мерекелік демалыспен атап өтіп келеміз. Әсіресе 1994 жылғы мереке айрықша есімде қалыпты. Орталық алаңға аудандағы агробірлестіктер, білім, денсаулық бөлімдері, мемлекеттік мекемелер қаз-қатар киіз үйлер тігіп, оның ішкі-сыртқы безендірілуіне байқау жарияланған еді сол жылы. Сондықтан да жақсы атқа ілігуге әр ұжым барын салған. Мерекеге аудан әкімінің бастамасымен осы мерекенің қайта оралуына бірден-бір себепкер ақиық ақын Мұхтар Шаханов арнайы шақырылды. Қырғыз елінде Қазақ елшілігі жаңадан ашылып, М.Шаханов Қазақстан Республикасының Бішкектегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне кіріскеніне көп бола қойған жоқ-ты. Қордайға Мұхаңмен бірге белгілі өнер қайраткерлері Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсынов, Ілия Жақанов, Бекен Жылысбаев, Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі, төкпе ақындары мен жезтаңдай әншілері де келді. Мұқаң барша қордайлықтарды мерекемен шын жүректен құттықтап, қырғыз әртістері өнерімен шашу шашқан еді. Мұны ұмытпауымның бір себебі, 1932 жылдан бері үзбей жарық көріп келе жатқан аудандық «Қордай шамшырағы» газеті мен «Сұлтантегі-Импекс» ЖШС-ның «Взгляд» – «Көзқарас» газеттері біріктіріліп, бір апта үзілістен кейін «Қордай жаңалықтары» деген атпен шыға бастаған-ды. Мұхтар Шаханов қатысқан наурыз тойынан жазылған мақалам оның 2 сәуірде жарық көрген алғашқы нөмірінде жарияланды. (Аудандық газет 2001 жылдың 1 мамырда бұрынғы «Қордай шамшырағы» деген тарихи атауын қайта иеленді). Келесі жылғы Наурыз мейрамы қарсаңында редакцияның тапсырмасымен Бішкек қаласының Тоқтоғұл көшесі, 10-шы үйде орналасқан Қазақстан елшілігіне Мұхтар Шахановтан Наурыз мейрамының қайта оралуы тақырыбында сұхбат алуға бардым. Мұхаң үйінде екен, мені елшіліктің атташе-хатшысы Рақымжан Отарбаев (былтыр өмірден озған көрнекті жазушы) ертіп барды. Тұмауратып тұрғанына қарамастан, ақын ағамыз дайындап барған сұрақтарыма орай ықыласпен әңгіме өрбітіп, ол: «Қордай ауданының еңбеккерлерін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойымен құттықтаймын. Ылғи да жұлдыздарыңыз биіктен жана бергей! Құрметпен М.Шаханов» деген өз қолтаңбасымен газетте жарияланған болатын. 2000 жылы Наурыз мейрамы алғаш рет аудан орталығындағы тар көшеден ауыл іргесіндегі «Ноғайбай би» атындағы атшабар қырқасына көшіріліп, барша жұрттың кеңінен қатысуына жол ашылды. Айнала төңірек алақандағыдай көрінетін қырқа белден көктемнің керімсал ауасы көкірек сарайыңды ашып, ашық сахнадан өнерпаздар концертін тамашалап, көпшілікке арналған Наурыз дастарханынан дәм татып, көз алдыңда көсілген атшабарда бауыры жазыла жүйткіген сәйгүліктердің шабысына көз қуантарлық мүмкіндік туды. Содан бері Наурыз өмір салтымызға барынша еніп, ұлттық құндылықтарымызбен суарылған, салауаттылыққа, имандылық пен адамгершілікке негізделген бірегей рухани мерекемізге айналды.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар