«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туризм өңір экономикасының әлеуетін арт тырады

Туризм өңір экономикасының әлеуетін арт тырады
ашық дереккөз
Туризм өңір экономикасының әлеуетін арт тырады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен таяуда өткен Үкімет отырысында ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген-ді. Бағдарлама Мемлекет басшысының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айтылған міндеттерді орындауға бағытталған. Ондағы басты мақсат – отандық туристік кластерлерді құрудың сәтті тәжірибесіне ие стратегиялық инвесторларды тарту көзделген.

Бүгінде елімізде туризмді дамытуға барынша жағдай жасалуда. Жалпы, облыста шетелдіктерді қызықтырарлықтай көне ескерткіштердің қоры жеткілікті. Әрі ауа райының қолайлығы, табиғаттың әсемдігі, жануарлар мен өсімдіктер әлемінің сан алуандылығы, таулы жерлердің ғажайып көрінісі келушілерін бір көргеннен баурап алуда. Бұған өлкенің бай мәдени мұрасын қосыңыз. Тараз – Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазба жұмыстарының мәдени-тарихи ресурсы болып табылады. Облыс аумағындағы Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе және сырға толы Ақыртас сынды қалашықтар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік «Мәдени мұра» тізіміне енген. Бұл нысандарға келушілердің қарасы қашанда қалың. Қазір өңірімізде 3367 тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Оның жоғарыда айтылған 5-еуі ЮНЕСКО тізіміне енсе, 25-і республикалық, 3337-сі жергілікті маңызға ие ескерткіштер санатында. Ол ескерткіштердің 2929-ы археологиялық, 433-і қала көшелері мен елді мекендерде орналасқан мүсіндерді құрайды. Сәулет архитектурасының інжу-маржаны Айша бибі және Қарахан кесенелері, туризм индустриясының жауһарлары «Ақыртас» сарай кешені, «Зайсан» қорымы, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы мұражайы, «Көксай» шатқалы, «Меркі» және басқа да көптеген нысандар облысымыздың құнды қазынасы саналады. Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасы жасалды. Оған өңіріміздегі Қарахан, Айша бибі, Бабажы қатын, Тектұрмас, Байзақ батыр Мәмбетұлы кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» және «Ақыртас» сарай кешені енген еді. Сондай-ақ Айша-Бибі және «Ақыртас» сарай кешені Халықаралық комитеттің сессиясында әлемдік құндылық мәртебесіне ие болды. Бұл нысандар әлемнің 87 елінен келген халықаралық сарапшыларды қамтитын Комитеттің барлық мемлекеттерінен бірауыздан қолдау тапқан болатын. Өңірімізде туризмді дамыту арқылы облыстың экономикалық әлеуеті арту үстінде. Оған бір жағы Тараз қаласының тиімді географиялық орналасуы, көлік және темір жол желісі өз септігін тигізуде. Әрі Ресей, Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикаларымен байланыстыратын темір жол желісі, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік көлік дәлізі мен әуе тасымалының туризм мен өңір экономикасына қосып отырған үлесі зор. Өткен жылы Қырғыз Республикасының Талас және Ыстықкөл облыстарымен байланыс орнатылып, «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік маршруты құрылды. Бұл да өңірімізге қосымша туристерді тартуға мүмкіндік беруде. Ішкі туризмді дамыту мақсатында Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы базасы салынуда. 3200 метр биіктікте орналасқан базаның жобалық құны 4 миллиардқа жуық. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 гектар жер телімі бөлініп, электр желісі, газ құбыры тартылып, жолы төселген. Аталған аймақта демалушыларға барлық спорттық-сауықтыру және мәдени ойын-сауық қызметтері көрсетілмек. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда өңірімізге орта есеппен жылына 45 мың турист келеді деп күтілуде. Сондай-ақ Тараз қаласындағы туристік нысандар жыл санап жаңаша түрленуде. Мәселен, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жобалар да өз жемісін беруде. Соның бір саласы ретінде шаһарда ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өндірісін жолға қоятын орталық ашу көзделуде. Оны Тараз қаласының орталық бөлігінде, аумағы 10 гектарды құрайтын «Шахристан» тарихи этнокешенінде орналастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда оның эскиздік жобасы әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Онда «Сағат» стеласы, «Арбат» көшесі, қолөнер шеберханасы, тарихи-өлкетану музейі, галерея, руханият, көрме және туристік визит-орталықтары жұмыс істейді деген болжам бар. Бірақ әлі де жобаға әкімдік тарапынан өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. «Шахристан» тарихи этнокешені орталығы іске қосылса, Тараз қаласының туристік әлеуеті еселеп артады деп күтілуде. Жалпы басқарма тарапынан өңір туризмін дамыту үшін, шетелдік және қазақстандық туристерді көптеп тарту үшін халықаралық дәрежедегі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде жарнама мәселесі де дұрыс жолға қойылып отыр. Тараз – Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкентке баратын туристер үшін транзиттік қала болып табылады. Сондықтан келушілер қонақ үйлерге аялдамастан туристік нысанды тамашалаған соң сапарларын ары қарай жалғастыра түседі. Мұны ескермегеннің өзінде өткен жылы облысқа келген туристер саны 250 мыңнан астам адамды құраған. Осыған сәйкес биыл жол бойындағы сервис нысандарын, сонымен қатар балалар туризмін дамытуға көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері «Тараз жеріне тағзым» жас турист фестивалі, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік «Мәдени мұра» тұжырымдамасы туралы оқыту семинары ұйымдастырылды. Енді Тараз шаһарында Қазақстанның ішкі туризмін дамыту мақсатында «Nomad Explorer» командасы үстіміздегі жылдың сәуір айында 1000-нан аса Қазақстан мен шетел туристерінің басын қосып, «Оңтүстік аңыздары» фестивалін өткізуді жоспарлауда. Фестиваль қарсаңында қонақтар 20 туристік автобуспен Тараз қаласынан Түркістан қаласына дейінгі маршрутты жүріп өтпек. Сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатында «Тараз – өткен ғасырлар мен болашақ ұштасқан қала» атты жастар форумын, мамыр айында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициясын, шілде айында «Астана – менің Отанымның елордасы» іс-шарасын өткізу көзделген. Бұл шаралар да өңір туризмін дамытуға үлес қосады деген сенімдеміз.

Қарлығаш Аралбекова, облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар