Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Реформаны жүзеге асыру жолында елімізде нақты жұмыстар бар. Халық та қажеттілікті түсініп, заман көшіне ілесуге күш салуда. Латын негізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, емле нормаларының ғылыми негіздерін жалпы жұртшылыққа түсіндіре алатын тренерлер дайындауға арналған екі күндік оқыту семинарынан да соны байқадық.Аталған іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Оқыту семинарын басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшудің қаншалықты маңызды екенін айта келіп, Астанадан келген қонақтарды таныстырып өтті. Мұнан соң Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Жаңа әліпбиді қабылдаудың негізгі шарттары» тақырыбында дәріс оқыды. Ол өз сөзінде қазақ әліпбиі не үшін қажеттігін, осы мақсатта жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысын кеңінен әңгімеледі. Аталған мәселеге орай Ұлттық комиссия құрылып, оның төрт жұмыс тобы талай тірлікті жүзеге асырып жатқанын сөз еткен ол өзінің орфографиялық жұмыс тобының мүшесі екенін, бұл топтың да көп істі атқарғанын сөз етті. – Кеңестік кезеңдегі ортақ тұрмыс, ортақ идеология бізді ортақ жазуға алып келді. Еліміз еркіндік алған кезде қандай әліпбиді таңдауымыз жөнінде үш түрлі пікір айтылды. Біреулер түркі тілдес руна жазуына оралуымыз қажеттігіне тоқталды. Ол, әрине, қисынсыз ұсыныс болды. Ақыры осы латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі таңдалды. Ең бастысы шешім қабылданды. Елдің ішінде жақсы бетбұрыс бар. Насихаттық жұмыстар әлі жалғасады. Латын негізіндегі әліпбиіміз өмірімізге мықтап еніп келеді. Өзге көптеген мемлекеттер бұл жазу үлгісіне әлдеқашан-ақ көшіп кеткен. Жамбыл облысында жақсы жұмыстар бар. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы елімізде алғашқы болып онлайн негізінде оқыту әдістемесін дайындап шықты. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері тренерлерді оқыту жұмыстарын жалғастыра беретін болады, – деді Ербол Ердембекұлы. Кейіннен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістемелік басқармасының басшысы Айнұр Сейітбекова «Жаңа емленің жаңалықтары» тақырыбында баяндама оқыды. Ол латын негізді қазақ әліпбиі арқылы бодандық санадан арылатынымызды, тілімізде қиындық тудырған 8 әріптен құтылатынымызды айтып өтті. Қазақ елінің жаңа белесті бағындыруы үшін жаңа әліпбидің маңызы зор екенін айта келіп, бұл орайда кірме сөздер де ұлттық сипатта жазылатынын сөз етті. «Жаңа әліпби арқылы халықаралық кеңістікте танымалдығымыз артады. Түркі жазуларымен бір кеңістікте боламыз. Кирилл жазуының кеңістігі тарылып, жаңа әліпбиге еркін көшетін боламыз», – деді Айнұр Аташбекқызы. Мұнан соң жаңа әліпбидің артықшылықтары жөнінде бейнеролик көрсетілді. Семинарды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қорытындылап, дәріс оқыған ғалымдарға шынайы алғысын білдірді. * * * Екі күндік оқыту семинарына тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тіл мамандары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары, мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қатысты. Оларға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының және өзге мамандар инновациялық-педагогикалық технологияларды қолдана отырып, жаңа емле ережелерін үйретті. Семинар соңында 60 тыңдаушыға арнайы сертификат табыс етілді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді