«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жібек жолы бойымен мың... ли

Жібек жолы бойымен мың... ли
ашық дереккөз
Жібек жолы бойымен мың... ли
Сианьнан шыққан халықаралық экспедиция  Тараз тарихымен танысты. Кеше «Жібек жолы бойымен мың ли» атты Қытайдың халықаралық экспедициясы облыс орталығына келді. Сиань қаласында 19 шілдеде бастау алған экспедиция құрамында барлығы 35 қытайлық азамат бар. 16 жеңіл автокөліктегі аспан асты елі өкілдерін Тараздың шығыс қақпасынан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев пен бір топ журналистер қарсы алды. Былтыр қыркүйек айында Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин Елбасымызға: «Менің туған жерім – Шэньси провинциясындағы Сиань қаласы көне Жібек жолының бастапқы нүктесі болып табылады. Ал Орталық Азия – жолдың ортасы, Батыс пен Шығыс арасындағы көпір» деп, «Жібек жолының экономикалық аймағын» бірлесе құру идеясын ұсынған болатын. Бұған ел Үкіметі де мүдделілік танытқан-ды. Өйткені, «ЭКСПО–2017» жаһандық көрмесіне аспанасты елінен миллиондаған туристерді тарту көзделіп отыр. Осыны ескерген көрші ел Қазақстан мәдениетімен, экономикасымен, жалпы тұрмысымен етене таныспақ. Сол үшін де экспедиция құрамы ҚХР-ның жетекші бұқаралық ақпарат құралдары – «Синьхуа» агенттігі, ССТВ Орталық мемлекеттік телевизиясы, Шэньси провинциясының телерадиокомпаниясы, Гуаньмин газеті, ҚХР Халықаралық радиосы және «Феникс» спутниктік телевизиясының қызметкерлерінен, қытайдың белгілі экономист, мәдениеттанушыларынан арнайы жасақталған. Делегация қатарында сонымен бірге біздің дәуірімізге дейінгі 138 жылы Жібек жолын алғаш рет жүріп өткен қытайлықтың 67-ші ұрпағы Жан Ли Дюн да бар екен. Делегация жетекшісі Ян Вын Минді сөзге тартқанымызда, ол: – Біздің негізгі мақсатымыз, Қазақстан жайлы неғұрлым көбірек мағлұмат алып, танысу. Тарихи-мәдени орындарымен, құндылықтарымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барша қытайлықтарды ақпараттандыру. Біз Алматы облысында, Қордай ауданында болып, ондағы дүнгендердің тыныс-тіршілігімен таныстық. Олардың салт-дәстүрлерін сақтап, бақуатты өмір сүрулеріне жағдай жасап отырған Қазақ еліне риза болдық. Қазақстандағы басты назар аударып отырған нүктеміз – Тараз қаласы. Өйткені бұл Жібек жолы бойындағы қаншама сырды қойнына бүгіп жатқан көне шаһар. Жалпы, Жібек жолы бойындағы қалаларды, 30 мың ли, яғни, 15 мың шақырымды 56 күнде жүруді жоспарласақ, соның ішінде Қазақстанды үш күн, ал Таразды бір күн зерттемекпіз. Осы уақыт ішінде еліміздің беделді ақпарат құралдары Қазақстан туралы репортаждар сериясын жасап, тіпті күн сайын «тікелей эфир» ұйымдастырып, 50 қазақстандық тұлғадан сұхбаттар алуды да жоспарладық. Әрі қарай Өзбекстан, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италияға сапар шегеміз, – деді. Алпауыт елден келген делегация алдымен «Достық үйіне» атбасын бұрды. Онда қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова қонақжайлық танытып, қазақтың 7 дәмін ұсынып, қарсы алды. Мұнда өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қ. Әбдірайымов экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, оның маңыздылығын атап өтті. Жалпы, өткен жылы Жамбыл облысы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 125 миллион АҚШ долларын, ал биыл қаңтар-маусым айларында 33,5 миллион АҚШ долларын құраған екен. Алдағы уақытта қытайлықтар, өндіріс, технология, ауылшаруашылығы сынды салалар бойынша да ұзақ мерзімді, перспективалы жұмыстарды бірлесе атқарғысы келетіндіктерін айтты. Сонымен бірге, Күншығыс елінің азаматтары жеріміздің табиғатын, еліміздің қонақжайлылығын көріп тәнті болып отырғандарын жеткізді. Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары мен Лариса Лысова қытайлықтарға қонақкәде жасады. Келесі кезекте қытайлық делегация өкілдері Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Онда палата директоры Асан Қошмамбетов өңірдегі кәсіпкерліктің ахуалы жайлы әңгімелесе, жергілікті кәсіпкерлер өз жобаларымен таныстырды. Ал түс ауа экспедиция мүшелері Айша бибі, Қарахан кесенелеріне барып, тарихи-мәдени орындармен танысты да, Жібек жолы бойымен жүріп кетті.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар