«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Наурыз тоғыз күн мерекеленеді

Наурыз   тоғыз  күн  мерекеленеді
ашық дереккөз
Наурыз тоғыз күн мерекеленеді

Әулиеата өңірі Ұлыстың ұлы күнін тоғыз күн бойы тойламақ. Бұл туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды. Онда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысып, наурыз мейрамының тойлану барысы туралы баяндады.

Спикерлер «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспарына жан-жақты тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Айта кету керек, Жамбыл облысында биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі 14 наурыздан 22 наурызға дейін аталып өтіледі. Бұл аралықтағы әр күннің өзіне айрықша тақырып беріліп, игілік пен ізгілікке үндеп тұру негізделген екен. Айталық 14 наурыз – «Амал» күні амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, әз Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Көрісу – тек адамдар амандасып, жақсылық тілейтін мереке емес, сонымен қатар үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін тағылымды дәстүр болып саналады. Сондай-ақ қалалық мәдениет үйінің алдында «Амал» күніне орайластырылған қойылымдар ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылады. Одан кейін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен 1,5 сағаттық мерекелік концерт ұсынылады.

15 наурыз – «Тағзым» күні қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келгендіктен «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бойынша ата-баба рухына Құран бағышталады. 16 наурыз – «Алас» күні тазалыққа мән беріліп, «Бұлақ көрсең – көзін аш!» деген ұранмен жалпыхалықтық сенбілік өткізіледі. Наурыз мерекесіне дейінгі тазалық жұмыстарына облыс және қала, аудан басшылары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері т.б. қатысып, аллеяларға, саябақтарға ағаштар отырғызады және экологиялық акциялар ұйымдастырылады. 17 наурыз – «Мейірім» күні көпбалалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж жарымжан жандарға қайырымдылық жасалады. 18 наурыз – «Ынтымақ» күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері ұйымдастырылады. Наурыз бірлікке, ынтымаққа шақыратын қайырымдылық айы болғандықтан, қоғамды мейірімді болуға үгіттейді. 19 наурыз – «Жаңару» күні жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге әкімдердің атынан арнайы құттықтау әзірленіп, сәбилерге қажетті сыйлықтар беріледі. 20 наурыз – «Береке» күні қаланың бірнеше елді мекендерінде, аудандарда жергілікті кәсіпкерлердің ауыл шаруашылық жәрмеңкесін тақырыпқа сай халық әндерінен радиоконцерттер ұйымдастыру жоспарланып отыр. 21 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі. Аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет-кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы ашылады. Осы «Жастар» аллеясы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздың қатысуымен «Көктем» хореографиялық қойылымы және домбырашылар, қобызшылар, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылады. Бұл жерде ұлттық спорт ойындары, алтыбақан, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Қазақстан эстрада жұлдыздары Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Әбдіжаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек және Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, кеш соңы мерекелік отшашуға ұласады. 22 наурыз – «Жаңа күн», яғни облыс және аудан тұрғындары жалпыхалықтық серуенге шығады. Тұрғындар өз жақындарын, туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен, Жаңа жылдың алғашқы жаңа күнімен құттықтайды. Көпшілік бір-біріне сый-сияпат жасап, араздасқан ағайын-туыс татуласады. Мерекелік дастархан жайылып, бір-бірінің үйіне қонақ болады.

Ұқсас жаңалықтар