«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңартылған білім – жаңарған мазмұн

Жаңартылған білім – жаңарған мазмұн
ашық дереккөз
Жаңартылған білім – жаңарған мазмұн

Оқыту үдерісі үнемі жаңғырып отыруы тиіс. Себебі білім – бәсекелестіктің басты өлшемі. Ақпараттық технологиялар күн санап жаңарып отырған кезеңде жаңаны үйрену, оқу, білу секілді дағдыларды жетілдіріп отырудың маңызы зор. Білім берудің барлық сатысы үздіксіз даму үстінде болатыны да, сондықтан.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында атап көрсеткендей, қазір орта білім саласында негізгі тәсілдер белгіленген. Ендігі міндет – солардың орындалуына баса назар аудару. Осы мақсатта бүгінде облыста Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін білім мекемелеріне енгізіп жатырмыз. Себебі білім берудің осы жүйесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт саналады. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ. Бүгінгі таңда республика бойынша 1,2,3,5,6,7,8- сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұнымен оқуға көшкені белгілі. Бұл үдеріс облыста жаңартылған білім беру мазмұнымен қамтылған оқушылар үлесін 73,2 пайызға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал оқыту үдерісін ілгерілетудің жаңа қадамы сала мамандарына артылған жауапкершілікті де арттыра түсті. Ғылым мен ақпараттық технологиялар дамыған қоғамда білім беру жүйесі – инновациялық экономиканың негізгі бөлігіне айналауы заңдылық. Қазіргі уақыт білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Педагог В.Сухомлинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана – мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі әлі де өз маңызын жойған жоқ. Себебі салада болып жатқан өзгерістер ұстаздардан көп ізденуді талап етеді. Бұл жолда педагогтар талмай, тынымсыз еңбектеніп, шығармашылық ізденуді, үйренуді асыл мұратына айналдыруы тиіс. Сондықтан әдістемені жаңарту жұмыстары педагогтардың біліктіліктерін арттыруға тікелей байланысты десек, облыс бойынша 15755 (63, 2 пайыз) педагог оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрену, ал 330 мектеп басшысы 9 айлық курстардан өтті. 2019-2021 жылдары жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу бойынша 8000-ға жуық педагог білімін жетілдіретін болады. Үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін өңірімізде жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің кестесі және Картасы әзірленді. Жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін 784 мұғалім ағылшын тіліндегі курстарды аяқтап, 277 мектепте физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшынша оқытылуда. Жалпы 768 сыныпта 19200 оқушы қамтылып отыр. Бір айта кететіні, пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерге 35 мың теңге қосымша ақы төленуде. Жолдаудан туындаған міндеттерді орындап, Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату үшін біз облыста 40 білім мекемесін базалық алаң ретінде қалыптастырдық. Бұл қадам өз кезегінде 2019 жылы өңірдегі 223 білім ошағына (50 пайыз) зияткерлік мектептердің тәжірибесін таратуға мүмкіндік бермек. Ал 2020 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Білім мекемелеріне Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізу үшін өңір педагогтарына әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі біріккен жоспар жасады. Сондай-ақ өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін тарату мақсатында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары басқармасы мен облыс әкімі арнайы Меморандумға қол қойған болатын. Қазір осы келісім аясында желілік кесте әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Отандық білім беру саясаты әлемдік білім беру кеңістігіне енуді мақсат етеді. Оқыту үдерісінде нәтижеге бағдарлану, ал әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеуді көздеп отыр. Білім беру жүйелері келешек ұрпаққа не береді? Қазір әлем елдері осы мәселені қайта қарауда. Бұл ретте «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайтыны сөзсіз. Ол өмір талаптарына сай балаларды сапалы даярлауға бағытталуы тиіс. Демек, жастар функционалды сауатты болумен қатар кез келген өмірлік мәселені шешу барысында мақсатқа жету үшін құрал, әдіс пен жол таңдауда рухани және адамгершілік қуатын көрсетуге қабілетті болуы керек. Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Негізінен, жаңартылған білім жүйесі – құзіреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Оның маңыздылығы – қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білуге үйрететінінде. Ал ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ынтасын оятатынында Жаңа мазмұндағы білім беруде мұғалім мен оқушы үшін жеке және топтық жұмысты тиімді ұйымдастырудың негізі ретінде жас ерекшелігі мүмкіндіктеріне сай ақпаратты іздеу, сараптау және талдау дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Адам, табиғат және қоғам туралы алғашқы білімін қалыптастыруды көздейді, Әр кезеңнің білім беру жүйесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жететіні анық. Күні кеше ғана Елордада өткен «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформаны қисынды нәтижеге жеткізуді тапсырды. Елбасы атап өткендей, біз балалардың бойында жаңа машықтар мен дағдыларды дамытуымыз қажет. Өйткені уақыт осыны талап етуде. Ал оған жету үшін педагогтардың біліктілігін ұдайы артты¬рып отырумыз керек. Сондай-ақ мектептерімізде озық материалдық база, озық оқыту бағдарламасы болуы тиіс.

Рахия Тұрмаханбетова, облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар